• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Сәуір, 2018

Сара Назарбаева отандық педагогтармен кездесті

1250 рет
көрсетілді

Кеше Алматыдағы «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының бірінші ханымы, «Бөбек» қайы­рымдылық қорының пре­зиденті Сара Назарбаеваның отандық педагогтармен кездесуі өтті.

БАҚ өкілдеріне берген бір сұх­ба­тында «Өзін өзі тану» ру­ха­­ни-адам­гершілік білім беру бағ­­дар­ламасының авторы Сара Назарбаева: «Әрбір адам бойындағы қа­білеттердің барлығын пайдалана отырып, тек туған еліне ғана емес, жер бетіндегі барша адамзатқа пай­да­сы мен шапағатын тигізуді көз­деуге тиіс. Қоғамдағы рухани және адамгершілік құндылықтарды бі­лім арқылы жандандырған жөн. Дұ­рыс ұйымдастырылған білім сондай құндылықтардан тұратынын да естен шығармаған абзал. Тек бі­лім арқылы ғана біз қоғамдағы рухани байлықты қалыптастырып, әр адамның бойындағы ерекше қа­сиеттерді танып, игі істерді жүзеге асырамыз», – деген еді.

Алматыда өткен «Сүйіспеншілік сабақтары» көпшіліктің көңілінен шыққан сол бастамалардың жалғасы іспеттес. Үнемі игі істердің басы-қасында жүретін С.Назарбаева ханым ұстаздар, мұғалімдер, оқу­шы­лар және түлектермен жиі-жиі кездесіп тұруды жақсы бір дәс­түрге айналдырған. Бұл жолы еліміздің бірінші ханымы «Өзін өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру мақсатында республикамыздың әр өңірінен «Бөбек» орталығына арнайы келген мұғалімдермен жүздесті.

Бағдарлама авторы әлемдегі руханият, адамгершілік құндылықтар мен имандылық, адам мен қоғам, табиғаттың тылсым күші және бас­қа да өзекті мәселелер төңірегінде тар­тымды әңімелердің тиегін ағыт­ты. Баланың жеке тұлға ретінде қалып­тасуындағы ата-ана мен мұғалім­дер­дің атқаратын рөліне айрықша тоқталды.

Еліміздің әр өңірінен жиналған ұстаздар қауымы өз кезегінде Сара Алпысқызына сан алуан сауалдар жол­дап, бірқатар өзекті мәселелер бойын­ша ойларын ортаға салып, пікір бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, Сара Назарбаева ханымның бастамасымен дүниеге келген «Өзін өзі тану» бағдарламасының басты мақсаты – адамның ішкі әлеуетін ашу арқылы оның рухани құндылықтарының қалыптасуына көмектесу, жоғары адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу, өмірлік маңызы зор іскерліктері мен дағдыларын дамыту.

Ал «Өзін өзі тану» пәні 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіне енгізілген болатын.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»