• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2018

«Ұйқышыл» әкім ұрыс естіді

490 рет
көрсетілді

Қарағандыдан 80 шақырым жерде «Шопа» деген шағын ауыл бар. Алматыға апарар күре жолдан 3 шақырымдай шеткерірек орын тепкен. Территориялық аумақ бойынша Шет ауданына қарайды. 140-тан астам тұрғыны бар осы ауыл жыл сайын қарғын судың зардабынан зар илейді. Шопа бұл кепті биыл тағы киді.

Қызыл су жүрген кезде ауылдың жа­нындағы шағын өзен тасып, елді мекенге алып барар жолдың бәрін шайып өтіп, тұрғындар «Барсакелмес» аралын­да қалғандай күй кешті. Көрші ауыл­ға барып оқитын балалар сабақтан қа­лып, ауыл тұрғындары үшін сырттан азық-­түлік жеткізудің өзі мұңға айналды. Қа­рағандыға барып-келіп жұмыс істей­тіндер де амал жоқ, омалып үйде отыр. «Ауылда мектепте оқитын 27 бала бар. Су тартылмайынша оларды ешқайда жібе­р­мейміз. Өзеннен өтетін көпірдің өзі су астында қалды. Біздің проблемаға құ­лақ асатын адам табылмай тұр. Жылда көре­тініміз осы», деп мұң шағады ауыл тұр­ғыны Бейбіт Мұхаммед.

Таяуда облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында өңір басшысы Ерлан Қошанов Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетовті сынға алды. «Осы мәселе­лер­ді ертерек шешу керек еді. Биыл неге Шопада бөген тұрғызбадыңыздар? Аудан әкімі ұйықтап жүр, бүкіл елдің алдында сөзге қалдық. Ауылдағы үйлердің бәрі, міне, бірнеше күн болды, сыртқы әлемнен бөлініп қалған», деді облыс әкімі.

Шопада ауылдың маңынан өтетін өзен­нің суы арнасынан 30 см-дей көте­ріліп, жол үстінен жүріп өткен. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, Шопаға дейін тартылған 3 шақырым жол көптен бері қараусыз қалып келген, әбден тозығы жетіп ескірген. «Бұл жол былтыр Шет ауданының меншігіне берілді. Қазір жобалаушылар жолдың су өткізу мүмкіндігін арттыру мәселелерімен айналысып жатыр. Су өткізгіш құбырлар санын арттыру туралы шешім қабылданды», деп мәлімдеді ол.

Сонымен қатар аталған жиында об­лыс­тағы су тасқынының алдын алу ша­раларының барысы да жан-жақты сөз болды. Бүгінгі күнде өңірдегі ең үлкен су қоймасы – Самарқандағы судың мөлшері 195 млн текше метрді құрайды. Судың толуы 76,7%-ға тең. Облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа өңірдегі өзендердің тасқын кезіндегі су мөлшерін толықтай өткізе алмайтынын айтты. Сол себепті жол картасына өзендер арнасын түзету бойынша жұмыстар енгізілген. «Бұл мақсат үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленді, жұмыс биыл басталады. Су жолдан асып кетпеу үшін су өткізгіш құбырларды орнату жұмыстарын аяқтау керек. Бұл үшін жол бойындағы осал деген 56 учаске анықталып, оның 13-і бойынша жұмыстар атқарылды. Жолдың қалған учаскелеріндегі құбыр орнату жұмыстары биыл толықтай аяқталуы керек», деп хабарлады А.Шкарупа.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі туындай қалған проблемаларды табан астында шешіп тастауды қатаң тапсырды.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы