Қызылорда қаласында ақпан айының соңында шағын аудандағы жатақхананың адамдардан босатылған бөлігі құлап, төтенше жағдай орын алған болатын. Қираған үйінді жапсарлас бөліктегі отбасылардың үйіне қауіп төндіргендіктен, қала әкімдігі 50 отбасын қауіпсіз жерге көшірген. Уақытша жалдық пәтерлерге орналастырған.
Мұндайда жаны жомарт жандар тасада қалмайды. Олар қала әкімдігінің көмекке шақырған ұсынысын қабыл алып, 50 млн теңгеге жуық қаржы шығарып, қаладағы тұрғын үйлерге күрделі жөндеу өткізді. Енді жалдық пәтерде тұрып жатқан 50 отбасы тұрғын үй кезегі келгенше осында тұрады.
Әрине, тұрғын үй тауқыметі оңай емес. Бұрын жайласып қалған жерінен көшірілген тұрғындарға дәрі-дәрмек, азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттар керек.
Қайырымды азаматтар бұл игі іске өз көмегін көрсетті.
Қала әкімі Н.Нәлібаев аппарат мәжілісінде төтенше жағдай кезінде көмек көрсеткен, демеуші болған құрылыс компанияларының басшылары мен кәсіпкерлерге Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етті.
Қиналған ағайынға қол созып, дағдарыстан шығарған, алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасаған қамқор жандар осылайша алғыс алып жүр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы