Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдаулары мен бес әлеуметтік бастамасының, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асу барысымен танысу мақсатында облысқа келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар өнеркәсіптік нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Махамбет ауданындағы 11 елді мекеннің жетеуі Жайық өзенінің сол жақ бөлігінде орналасқан. Екі араны жалғайтын көпірдің жоқтығы, ауа райы қолайсыз кездері судан өтетін салдың жұмыс істемейтіні ауыл тұрғындарына біраз қолайсыздық туғызып келген еді. Жыл сайын жазатайым оқиғалар да болып жататын. Биыл Жайық өзенінің үстінен өтетін көпір пайдалануға беріледі. Премьер-Министр Б.Сағынтаев жұмыс сапары барысында арнайы барып, көпір құрылысымен танысты. Көпір «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» автожолының бір бөлігіне айналады: ол Ақтөбеден Астраханға дейінгі жолды қысқартып, транзиттік көлік ағынын Атырауға кіргізбей өткізуге мүмкіндік береді.
Арнайы экономикалық аймақтың әлеуеті зорБ.Сағынтаев облыс орталығындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы полиэтилен өндіретін зауытпен және газ-турбиналы электр стансасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған Polymer Production зауытында жылына 15 мың тонна полипропилен жабынын шығаруға мүмкіндік беретін технология қолданылады. Өндірісте 371 адам жұмыс істейді. Өткен жылы 2,2 млрд теңгенің өнімі сатылды.
«Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды терең өндіру кешенінің құрылысы» жобасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылды, бұл зауытты жаңғыртудың үшінші, соңғы кезеңі. Атырау облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр аталған зауыттағы жаңғырту жұмыстарының аяқталу барысына көз жеткізді.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстары мұнай өңдеу тереңдігін және зауыт қуаттылығын жылына 5-тен 5,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, жылына 2,4 млн тонна шикізатты өңдеуге жол ашады, сонымен қатар жоғары октанды бензиннің, авиация және дизель отыны өндірісін ұлғайтуға ықпал етеді. Осылайша жылына 5,5 млн тонна мұнай өңдеу арқылы АМӨЗ жыл сайын 1,745 млн тонна автокөлік бензинін, 1,64 млн тонна дизель отынын, 244 мың тонна авиакеросин шығаратын болады.
«Цифрлы кен орны» – бірегей жобаМұнайлы аймақтағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Ембімұнайгаз» АҚ. Премьер-Министр «Ембімұнайгазға» да барып, өндірістік процестерді визуализациялау орталығының жұмысымен және «Цифрлы кен орны» жобасының жоспарларымен танысты.
«Зияткерлік кен орны» жобасы немесе «Цифрлы кен орны» – мұнай-газ саласының маңызды бағыттарының бірі және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар тізіміне қосылған. Бұл мұнай-газ саласын басқарудың автоматтандырылған жүйесі, ол жекелеген жүйелерді бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйеге біріктіру арқылы максималды тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Осы жобаның арқасында мұнай өндіру көлемі 3%-ке дейін өсіп, мұнай өндіру коэффициенті 2-5%-ке артады, ал шығындар 15%-ке азаяды.
Жаңа технологиялық революцияға дайындықҚазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру барысы мен облыстың экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастырудағы рөлі Премьер-Министрдің облыс активімен және кәсіпкерлермен кездесуінде талқыланды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жобалық басқару аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы баяндады. Отын-энергетика және агроөнеркәсіп кешендерін дамытудың, білім беру мен денсаулық сақтауды жаңғыртудың, технологиялық жаңғырту мен «Индустрия 4.0» шараларын жүргізудің, инвестициялар тарту мен өндірістік жұмыспен қамтудың негізгі бағыттары да жиын барысында кеңінен айтылды.
Кездесуде Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев өз салалары бойынша түсініктеме берді. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов бизнесті дамытудың өзекті мәселелері жайында мәлімет келтірді.
Б.Сағынтаев инвестицияларды тарту, экономиканың жаңа салаларын дамыту жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Үкімет пен әкімдіктердің жаңа технологиялық революцияға дайын болуының маңыздылығына айрықша мән берді.
Бар жақсылық – жастарғаПремьер-Министр Д.Нүрпейісова атындағы Атырау музыка колледжін аралағаннан кейін студенттермен және білім беру саласы өкілдерімен кездесті.
Б.Сағынтаев болашақ мамандықтар бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлау, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттарды көбейту, еңбек нарығындағы өзгерістерді және цифрландыру мен автоматтандыру жаңалықтарын ескере отырып, қажетті дағдыларды үйрету туралы сөз қозғады. Студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Үкімет «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында жол картасын қабылдады. Ол студент жастарды жатақханамен қамтамасыз етіп, бүгінгі таңда сұранысқа ие техникалық бағыттағы мамандарды дайындау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Кездесуде Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев білім алудың қолжетімділігін арттыру және жатақханалармен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту және техникалық мамандықтарға мамандарды даярлау туралы айтып берді. Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев Мемлекет басшысының бес бастамасын орындау мақсатында өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Атырау қалалық емханасында Премьер-Министр денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысымен танысты. Облыстың медицина саласының қызметкерлерімен кездесуде Б.Сағынтаев денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша көлемді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Премьер-Министр жұмыс сапары барысында Атырау облысында жүзеге асып жатқан жарқын бастамаларға, ел игілігін еселеген инвестициялық жобаларға куә болды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын, жолдаулары мен бес әлеуметтік бастамасын, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін аймақта қажет жағдайдың бәрі бар екеніне көз жеткізді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы