• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Бокс 16 Сәуір, 2018

Альварес жекпе-жектен неге бас тартты?

395 рет
көрсетілді

Жуырда отандасымыз Геннадий Головкинмен жұды­рық­тасатын мексикалық боксшы Сауль Альварес допинг қолданды деген айыппен бокстан уақытша шеттетілгені белгілі болды. Мұндай шешімді Невада штатының атлетикалық комиссиясы қабылдаған. Аталған допинг дауынан соң  Альварес пен Головкин арасында 5 мамырға жоспарланған айқастың болмай қалу қаупі бар екені айтылып, отандық және шетелдік БАҚ-та қызу талқыланып жатқанда Альварес Головкинмен жұдырықтасудан бас тартты. 

Даудың басы – «уланған» ет

Альваресті қорғаушылардың ресми нұсқасы бойынша, тыйым салынған дәрі боксшының ағзасына етпен тараған. Бұған комиссия мүшелері сене ме, сенген күннің өзінде боксшыны кешіре ме? Көктемнің ең негізгі жекпе-жегі дәл осы «уланған» еттің себебінен өтпейтін болды. Тарихқа көз жүгіртсек, кленбутеролмен ұсталған боксшылардың ақталып шыққандары да бар. Мәселен, 2016 жылы мек­си­ка­лық әлем чемпионы Фран­сиско Варгастың Орландо Са­ли­до­мен жекпе-жегі алдында кленбу­теролға тапсырған тесті оң нә­тиже көрсеткен. Ол кезде де спорт­шының қорғаушылары «улан­ған» етті алға тартып, бұл іс­те жеңіске жеткен. Айқас белгі­ленген күні өтіп, тең нәтижемен аяқталған еді.

Головкиннің командасы Аль­варестің етке қатысты ақталу­ларына аса сене бермейді. Ол қарсыласын өтірікті анық­тай­тын детекторда тексеріп кө­руді ұсынды. «Олар бәріне мексикалық ет кінәлі деп отыр ма? Мұның бәрі сылтау ғана. Альварес пен оның промоутері Оскар Де Ла Хойя бұзақылар. Олар допинг қолданып, ештеңе болмағандай күйде отыр. Өткен жекпе-жек алдында оның бұл­шық еттерінің үлкейгені көрініп тұрды. Денесінде инъек­цияның іздері болды. Кез келген дәрі­герден сұрап көріңіз, мұның қан­дай бұлшық еттер екенін солар тү­сіндіріп берсін. Ең дұрысы – Саульді өтірікті анықтайтын детекторда тексеріп көру керек. Сол кезде ет туралы да, жемістер туралы да, шоколадқа қатысты да барлық сұраққа жауап табамыз», деді Головкин.

Ал НВО комментаторы Макс Келлерманның пайымдауынша, Альварестің ісіне қатысты шешім оның ағзасынан табылған кленбутеролдың мөлшеріне тікелей қатысты болмақ. «Көбісі Канелоны кінәсіз деп есептейді. Олардың пікірінше, кленбутерол адамды күшті немесе төзімді ететіндей әсері жоқ. Осы орайда мынадай сұрақ туындайды: Альварес кленбутеролды не үшін пайдаланды? Меніңше, барлығы дәрілік заттардың деңгейіне байланысты. Егер Альварестің ағза­сында кленбутерол көп мөл­шерде болса, онда ол алаяқ ретін­де айыпталуы мүмкін. Ал дәрілік заттың деңгейі төмен болса, Франсиско Варгастың оқиғасы қайталануы мүмкін», дейді Макс.

Сарапшылар тарапынан Аль­вареске қарата қаншама айыптау мен сын тағылып жатса да, ол әлі қоғам алдына шығып ешбір мәлімдеме жасаған жоқ. 18 сәуір күні даулы оқиғаға байланыс­ты сот өтеді. Сауль барлық мә­селеге сол сотта нүкте қоюы керек.

«Головкинді алдау операциясы»

Мексикалық боксшының ко­ман­дасы өздеріне жала жа­был­­ға­нын айтып, істің сотқа дейін бар­ғанына наразы болып, 5 мамыр күні өтетін жекпе-жектен бас тартты. Сондай-ақ Альварес 18 сәуірге (сот отырысы өтетін күн) дейін спорттан шеттетілгенін алға тартып, психологиялық қысым­ның әсерінен жекпе-жекке толық­қанды дайындала алмайтынын айтқан.

«5 мамырға жоспарланған екінші кездесуден бас тарттық. 18 сәуір күні комиссия тыңдалымы өтіп, ресми шешім шығады. Өкінішке қарай, одан кейін 5 мамырға дейін жекпе-жекті кең көлемде жарнамалауға уақыт аз. Айқастың өтпейтініне негізгі себеп – мексикалық боксшының допинг дауына іліккені болып тұр», деді Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес.

Альварестің өзі кінәсіз екенін айтып, ұйымдастырушылар мен жанкүйерлерден кешірім сұрады. «Допинг дауы мені қатты таңғалдырды. Маған еш­кім­нің күмән келтірмегенін қалай­мын. Мен бұған дейін де, бұдан кейін де «таза» спорт­шы болып қала беремін. Мен спортты құрметтеймін. Өз жан­күйерлерімді жерге қаратпауға уәде беремін деп айтқым келеді», дейді Альварес.

Ал Абель Санчес мәселенің етте болуы мүмкін екендігіне сенеді, бірақ өз отандасын ақтауға тырыспайды. «Олар бар мәселе етте деп отыр. Әлемде неше ел бар, ал олардың Мексикадан басқа елден тапсырыспен ет алдыруға қаржылары жетпей қалған ба? Мексикада уланған ет мәселесі расымен бар. Егер Альварес оны шын мәнінде жеген болса, оған қарсы ешқандай санкция қолданбауы керек. Бұл оның жай ғана ақымақ екендігін көрсетіп тұр. Ал егер мәселе тек қана етте болмаса, комиссия мүшелері жаза қолданулары тиіс. Жаттықтырушыларды да жазалау керек», деді Санчес.

Санчестің сөзінің жаны бар. Альварестің командасы саналы түрде Мексиканың «уланған етін» жеп, допинг қолданды деген айыппен жекпе-жекті кейінге қалдыру үшін әдейі жасаған болуы мүмкін. Себебі Альварес Головкиннің соққысы жойқын екенін, бірақ уақыт өт­кен сайын отандасымыздың күші сарқылып бара жатқанын да бі­леді. Сондықтан мамырдағы кездесуден бас тартып, жекпе-жекті күзге дейін шегере тұруды жөн санаған. Жоғарыда «уланған етті» жеп ұсталған боксшылардың 90 пайызы ақталып шыққан деп айтып қалдық қой. Альварестің командасы да осы жайтқа баса назар аударған сияқты. 18 сәуір күні мексикалық боксшы ақталып жатса, оған таңғалуға болмайды. Ал Саульдің допинг қолданғаны анықталатын болса, алты айдан бір жылға дейін бокс­тан шеттетілуі мүмкін.

Дегенмен, Геннадий Голов­киннің промоутері Том Леф­­флердің айтуынша, Альвареске қарсы кездесу өтпесе де Го­лов­кин 5 мамыр күні жекпе-жек ұйымдастыруды көздеп отыр. Әуелгі жоспар бойынша Голов­кин 5 мамыр күні Лас-Вегас­та жекпе-жек өткізетінін, жан­күйерлердің барлығы Синко де Майо мерекесі қарсаңында өзі­нің жұдырықтасуын көру үшін билет алып, жоспарлары­на енгізіп қойғанын айтқан бола­тын. Алайда Los Angeles Times басылымының журналисі Ланс Пагмайер кездесудің Лос-Анджелес қаласындағы 27 мың жанкүйер сыятын StubHub Center футбол алаңында өтетін болды деп ақпарат таратты.

Қазір Головкиннің командасы кездесу орны емес, тезірек қарсылас тауып, жекпе-жек ұйымдастыру маңызды болып тұр. Өйткені 5 мамырға дейін 20 күн уақыт қалды. Бұл уақыт аралығында дайын қарсыласты тауып, оның көңілінен шығатын келісімшарт ұсына қою екіталай. Қазір «Альварестің орнын мен ауыстырамын» дегендердің бәрі арзан пиар үшін ауыз жыбырлатып, БАҚ бетіне бір шығып қалу мақсатында жүрген боксшылар.

Ал Головкиннен нақты ұсыныс түскендер «Жекпе-жекке аз уақыт қалды, дайындалып, билет сатып үлгермейміз, гонорар тым аз» деп сылтаурата бас­тады. Негізі мұны сылтау деп те айта алмаймыз. Өйткені үш аптаның ішінде расымен билет сатып, жекпе-жекті жарнамалап үлгермейді. Жалпы, кәсіпқой боксшылардың көздегені абырой емес, ақша екені ешкімге жасырын емес. Сондықтан Го­ловкиннің командасы Ген­на­диймен жұдырықтасуға ниетті боксшының сұраған ақшасын беріп, көңілінен шығатын келі­сім­шарт ұсынбаса, лайықты қар­сылас табуы өте қиын.

Қорыта айтқанда, кәсіпқой бокста ақша кімде көп болса, басымдық та, ықпалды адам­дардың ырқы да сол жақта болады ғой. Сондықтан бокстың ірі бизнесмені саналған Альварес Геннадийдің көктемде жекпе-жек өткізбеуі үшін бар күшін, айласын салған болуы мүмкін. Сондай-ақ мұны Golden Boy ком­паниясының алдын ала жос­пар­ланған «Головкинді алдау операциясы» деп қарауға да болатын сияқты.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»