• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2011

Аламан айтыс

609 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесіне тарту болмақ Кеше Астанадағы Кон­гресс-Холл сарайында Тә­уел­сіздіктің 20 жылдығына ар­налған республикалық ақын­дар айтысы басталды. Мә­дениет министрлігінің қол­дауымен, «Самұрық-Қа­зына ұлттық әл-ауқат қо­рының» демеушілігімен өт­кізіліп отыр­­ған бұл ша­ра­ның мақ­саты – мәдение­ті­міздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде айтысты ха­лыққа жан-жақты насихаттап, оның дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көр­сету, болашақ ұрпаққа ай­тыс өне­рінің қадір-қасие­тін ұғын­дыру, поэзия арқылы мемлекеттік тілдің арнасын ке­ңей­тіп, дамыту мен насихаттау. Айтысқа еліміздің бар­лық аймақтарындағы дүл­дүл ай­тыскерлермен бірге, үлкен сах­­­наға енді ғана шы­ғып жүрген дарынды ақын­дар, со­нымен қатар Қытай, Моңғо­лия, Қыр­ғызстан ел­де­рінің таңдау­лы айтыскер­лері қа­ты­сып, өз өнер­лерін ортаға  салуда. Бимен басталып, әсем ән­мен өрілген сахна төріне шық­­қан айтыстың жүргі­зушісі Жүрсін Ерман: «Қа­зақ жұрты­ның тарихы азат­тық жолын­дағы күрестерге толы болды. Бабалары­мыз­дың ар­ма­ны орын­­далып, Қа­зақстан көк байрағын жел­біретіп, әлемдегі ең ай­тулы мемлекет­тердің қа­та­рына қосылғалы да, міне, 20 жыл толып отыр. Ақындар ай­тысының осы мереке қар­саңында ұйымдас­ты­рылуы тегін емес. Өйткені, сонау ақта­бан шұбырынды, оның арғы-бергі жағындағы өткен уақыт­тардың бәрінде азат­тықты, тә­уелсіз­дікті ақын­­дардай жыр­лаған, ақын­дар­дай аңсаған еш­кім болған емес»  дей келіп, сахна тө­ріне шық­қан 40-тан астам айтыс­керді та­ныстырып өтті. Содан кейін сөз алған көр­некті қоғам қай­раткері Мыр­затай Жолдасбеков Тәуел­сіздік мерекесі қар­саңында өтейін деп отырған  аламан айтысқа біраз тоқ­та­лып, айтыскер ақындарға  бә­туалы батасын берді. Үш күнге жалғасатын ала­ман айтысқа Мырзатай Жолдасбеков бастаған таны­мал қо­­ғам қайраткерлері – Сейіт Қас­қабасов, Асанәлі Әшімов, Өмір­­зақ Айтбаев, Фариза Оң­ғар­сынова, Бекболат Тілеухан, Несіпбек Айт­ұлы қазы­лық етеді. Берік САДЫР, Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.