Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді» деген болатын.
Демек, бұл сала мемлекетке алақан жайып, салынған қаржы құрдымға кететін ескі жүйеден арылуы тиіс. Өйткені әлемдегі озық тәжірибелер оқу орындарының қабырғаларында басталып, авторларын пайдаға кенелтіп, мемлекеттің де қазынасын молайтып отырғандығы бүгін емес. Енді әлемдегі үздік отыздықтың қатарына қосылу жоспары жаңа міндеттер жүктейді, табанды еңбекті талап етеді. Президент осы маңызды құжатта оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керектігін айтты. Бұл бастама жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектесетіндігі сөзсіз.
Ал Елбасының наурыз айында жарияланған бес әлеуметтік бастамасында инженерлер, ақпараттық технология, робот-техника, нанотехнология саласының мамандарына ерекше көңіл бөлінетіндігі баяндалды. Бұл ұсыныс адам ресурстарына баса назар аударылған бастама болғандықтан, жастар мемлекеттік қамқорлықты шын түйсініп отыр. Оның үстіне, қайтарымсыз, қарымтасыз еңбек болмауы тиіс екендігін ұғынған жас буын қазірдің өзінде ғылымға ден қойып, өздерінің прогрессивті жетістіктері арқылы пайда табуға дайын.
Еліміздің алдындағы мақсат – айқын, жоспар – нық. Қазір қажетті қадамдар жасалып, нақты шаралар іске асырыла бастағандығы қуантады. Осы орайда Елбасының тапсырмасына сәйкес Қазақстанның дамыған елдер отыздығына енуі үшін ғылымға негізделген экономика қалыптастыру ләзім.
Озық елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ғылымды жетілдірудің негізінде ғана экономика өсімінің икемділігін, ырғақтылығы мен тұрақтылығын және бүтіндей елдің әл-ауқатын бір мезгілде қамтамасыз етуге болады. Бүгінгі таңда ғылыми атақ қорғаудың дәурені өтті, енді ғылым нарыққа бейімделіп, нақты табыс әкелуі қажет. Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері өз пайдасының жартысына жуығын ғылыми-зерттеулерден табады. Ал нақты істердің бірқатар жетістіктерін Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің «Zerek Технопаркі» ЖШС директоры, философия докторы (PhD) Жайық Сұлтаннан біліп, бір ғана бастаманың негізінде елдегі ғылыми ахуалды сипаттап көрдік.
– Ғылыми ізденіс нәтижелерін коммерциялау жүйесін қалыптастыру мақсатында 2016 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті жанынан өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Zerek Технопаркі» ашылды. Осы екі жылдың төңірегінде технопарк өнімді инновациялар мен талантты ғалымдардың зерттеу алаңына айналды десе болады. Energyprom.kz бақылау агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қазақстандық ғылымның дамуына тежеу болып отырған екі себеп бар, оның бірі – ғылыми-зерттеулердің қолданбалы сипатының аздығы, екіншісі – коммерциялану деңгейінің төмендігі. Технопарктің негізгі қызметі бір-бірімен байланысты осы екі мәселенің аймақтық деңгейдегі шешімін табуға бағытталған, – дейді Ж.Сұлтан
Мәселен, мұнайлы өлке – Ақтөбедегі 29 кен орнынан жыл сайын 6 миллион тонна мұнай, 7 миллиард текше метр газ өндіріледі екен. Әдетте өндіріс бар жерде табиғаттың ластануы қатар жүретіні сөзсіз. Осыған орай технопарктегі инженерлік бағыттағы ғылыми зертхана жұмысы мұнай өнімдері қалдықтарын тазартуға бағытталған. Атап айтқанда, зертхана ғалымдары мен студенттер бірлесіп қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы аясында мұнай қалдықтарын бойына сіңіретін табиғи сорбенттер шығарумен шұғылданады. Ал жоба авторы өз өнертабысын патенттеуге тапсырыс берген.
Сондай-ақ қазіргі таңда өндірілетін қуат көздері нарығында табиғи газ 4-орынды (24%) иеленді. Технологиялық жағынан алғанда ылғал газды реттеу және мөлшерлеу процесі құрғақ газдан анағұрлым ерекшеленеді. Технопарк құрылымындағы «Ақпараттық-өлшеу ғылыми зертханасы» осы ылғал табиғи газдың жұмсалу мөлшерін автоматтандырылған бақылау жүйесімен жабдықтаумен айналысуда. Аталған зертхананың меңгерушісі, елімізде өткен «Ең үздік жас метролог» байқауында жүлдегер атанған техника ғылымдарының кандидаты, философия докторы Жанат Даевтың жазған мақалалары «Web of Knowledge» және «Scopus» мәліметтер базасына енетін халықаралық ғылыми басылымдарда жарық көрген.
Өндіріспен байланысты тағы бір бастама – өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату. Физика-математика ғылымдарының кандидаты Аят Қайрақбаевтың ғылыми жетекшілігімен конкурсқа ұсынылған бұл жоба Ұлттық ғылыми кеңестің мақұлдауымен Үкімет тарапынан сомасы 45 млн теңгені құрайтын грантқа ие болды.
Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында 2030 жылға қарай қайта өңделетін қалдықтардың үлесі 40 пайызды құрау қажеттігі айтылған. Осыған байланысты жаңа әрі тиімді құрылыс материалдарын, әсіресе өндіріс қалдықтарынан жасалатын композиттік бұйымдар жасап шығару және нарықты ұдайы қамтамасыз ету – ғылым үшін өзекті мәселе екені даусыз.
– Мысалы, Ақтөбе жерінде бор өндірісіне де шикізат көзі жеткілікті. «Техногендік қалдықтарды тиімді пайдалану» зертханасында жергілікті бор өндірісінің алғашқы қадамдары жасалып, Қытай мен Ресейден импортталатын мектеп құралын отандық өніммен ауыстыру көзделуде.
Технопарк өнертапқыштары шаруашылыққа қажетті жаңа құралдардың үлгісін де жасап үлгерді. Олардың арасында өрт сөндіру құрылғысы да бар. Бұл, әсіресе дала өрті кезінде өте тиімді. Жаңа құрал 5-6 метр қашықтықтағы өртке топырақ атқылап, өрт сөндіруге мүмкіндік береді. Бұл құрылғы патенттелген, нарыққа шығару мақсатында техникалық паспорты мен сертификаты рәсімделуде, – деп атап өтті Жайық Исаұлы.
Сонымен қатар елімізде қазіргі кезде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны құпия емес. Технопарк ұсынып отырған өнертабыстың тағы бір түрі – түрлі сусындардан қалған пластик ыдыстардан темір жол бойында қар тоқтататын бөгеттер жасау. Бұған қоса балшыққа батқан көлікті тез шығару құралы, желден қуат алатын шнек тектес роторы бар жел агрегаты да «Zerek Технопаркі» ұжымының еншісіндегі жетістіктер.
Болашаққа көз жүгіртер болсақ, алдағы уақытта жасанды ақыл-ойдың маңыздылығы мұнайдан да басым түсетін секілді. Заман өзгерген сайын білім беру жүйесі де уақыт талабына сай өзгеруі қажет. Алдымызда әрбір азаматтың бойына ғылыми-ізденушілік дағды қалыптастырып, сол арқылы қиыншылықтарды мүмкіншілік ретінде танып, тығырықтан шыға білуге үйрету, тағдыр тезіне табандылықпен төзіп, өз орнын таба білуге жәрдем ету міндеті тұр.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»