Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елімізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажеттігін, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалатынын айтқан болатын.
Бұл орайда, алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылатыны айқындалды. Бүгінде алғашқы оқулықтардың тұсауы кесіліп, бұл іс нәтижелі жүзеге асырыла баcтағаны мәлім.
Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өткен жиында жаңа оқулықтардың мән-маңызына арналды. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының бірыңғай күнін өткізу аясында ұйымдастырылған ОҚО ҚХА мүшелері мен Қоғамдық келісім кеңесінің бірлескен отырысында ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен медиаторлар өз ой-пікірлерін ортаға салды. Мысалы, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Үсен Асқаров оқулықтардың маңызына тоқталды. «Елбасы бастамасының арқасында еліміздің студенттері қазақ тілінде жазылған әлемнің үздік оқулықтарына қол жеткізіп отыр. Түрлі саладағы кітаптар жастардың ғана емес, жалпы қазақстандықтардың үлкен көмекші құралына айналады деген сенімдемін. Біздің кезімізде көптеген кітаптар қолжетімсіз болды. Оның үстіне орыс тілінде ғана оқи алатынбыз. Ал бүгінде, мысалы Грегори Мэнкью мен Марк Тейлордың «Экономикс» кітабының төртінші басылымы қазақ тіліне аударылып, студенттерге жол тартты. Атақты Гарвард университетінің студенттері дәл осы кітаптан білім алады»,– деді Ү.Асқаров.
100 жаңа оқулықтың қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі ерекше екенін атап өткен жазушы Мархабат Байғұттың айтуынша, оқулықтардың алғашқы легі басылып шыққанда өңірдегі 50-ге жуық ақын-жазушы бас қосып, талдау жүргізген. «Жобаның басты ерекшелігі ол – кітаптардың тікелей ана тілінен аударылуы. Ал бұрын оқулықтар тек орыс тілінен тәржімаланатын. Жарасымды жоба жалғасын таба берсін деген тілектеміз»,– дейді жазушы.
Айта кетейік, жақында жоба бойынша аударылған 18 оқулықтың тұсауы кесілген болатын. Әрқайсысы 10 мың данамен басылған оқулықтар алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлеріне таратылып, кітапхана сөрелерінен табылатын болады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы