Наурыз мерекесін өткізіп, ауыл жұртшылығы күнделікті күйбең тірлігіне алаңсыз кірісіп кеткен 24 наурызда Мақтаарал ауданына қарасты ауылдардың бірінде ойламаған жерден елді дүрліктірген оқиға болды.
Айдарбек Ыбыраев ақсақалдың ұлы Айбатыр мен келіні Мәдинаның үш перзентінің ортаншысы Елдос өзі қатарлы балалармен «Достық» каналының №7 шлюзі тұсындағы жағалауда ойнап жүріп, су жағасында өсіп тұрған бір ағашқа өрмелеп шықпақ болады. Дегенмен майысқақ жас тал балалардың салмағын көтере алмай сынып кетеді. Сынған ағашпен бірге суға құлаған балалардың арасында Елдос судың ағысы қатты тұсына түссе, қалғандары су жағасына құлап, жағалауға қайта шығып үлгереді. Ал Елдос екпінді ағыспен судың тереңдеу тұсынан бір-ақ шығады. Каналдың тереңдігі – 6 метр, ені 40 метрге жуық. Елдостың суға батып-шығып ағып бара жатқанын каналдың арғы жағалауында өз шаруасымен жүрген бір азамат байқаған болатын. Ендігі жерде оқиғаның қалай өрбігені жайында Елдосты ажалдан арашалап қалған осы Марат Оразовтың өз аузынан естісек.
– Күн едәуір суық еді. Қызылорда облысына жауған қардың ызғары сезіліп тұрды. Өз шаруаммен «Достық» каналының жағалауында жүргенімде каналдың арғы бетінен шуылдаған кішкентай балалардың дауысын естідім. Қарасам, бір бала су бетінде қалқып барады. Каналдың суы көбейген кезі болса керек, ағысы қатты. Жан-жағымда кім бар екен деген оймен қарасам анадайда бір жас жігіт жүр екен. Дереу оған жетіп барып: «Суда бала ағып барады, құтқарып алайық. Сен маған қарағанда жассың ғой, тез жүзесің» дегенімде ол жүзе алмайтынын айтты. Не де болса өз көлігіме мініп, каналдың екінші жағына өттім. Дегенмен жағалауға көлік өте алмайтындай етіп тосқауыл қойылғандықтан баланың ағып бара жатқан жеріне дейін көлігіммен жете алмадым. Елу-алпыс метрдей қалғанда көлігімді тастап, өзім жүгіріп барсам бала судан көрінбейді. Үлгере алмадым-ау деп тұрғанымда ортасына таман басы білінер-білінбестей ағып барады екен. Жалма-жан сырт киімім мен аяқ киімімді шешіп суға сүңгідім. Су тастай суық. Бала суға қойылған бекеттерге 5-6 метр жақындап қалған. Сол бекеттің ұйығы жұтып кетпей жатып құтқарып қалсам деп барынша жылдамдатып жүзіп жеттім ғой. Баланы киімінен тартып көтерсем көзі ашық, беті көгеріп кеткен, денесі мұздап қатып қалыпты. Оң қолыммен баланың басын жоғары қарата көтеріп, сол қолыммен жүзіп ағысқа қарай ұмтылдым. Суық судан аяғым жансыздана бастады. Енді тіземнен де жан кетсе менің де ажалымның жеткен жері осы болар деген үрей бойымды биледі. Жағалауға 2 метрдей қалғанда қатты қалжырадым. Баланы құтқарамын деп өзім де өлім мен өмірдің арасында жанталасқан бойда жағалауға жетіп, қолымдағы баланы жағаға лақтырдым. Шаршап қалған қолымның әлі жетпеген болуы керек бала қайта суға түсті. Қайтадан ұстап алып, не де болса жағада өсіп тұрған қамысқа жармасқанымда жұлынып кетті. Тағы да қамысты қармап ұстап, зорға дегенде жағаға да шықтым-ау. Балада қимыл жоқ, денесі сіресіп тыныс алмай жатыр. Біз жағаға шыққан соң әлгі мен көмекке шақырған жігіт қасында тағы бір серігі бар екеуі келіп, балаға жасанды дем бермек болды. Мен «Балаға тимеңдер. Алдымен мені сүйеп тұрғызыңдар» дедім. Бұл уақытта менің де бір тіземнен жан кете бастаған еді. Олар мені қолтығымнан сүйеп, тұрғызды. Баланы алдыма алып, басын суға қаратып, қарысып, сіресіп қалған жағына сұқ саусағымды тығып жағын аштым да екі өкпесін қысып едім, бағаналы бері мұрнынан ағып жатқан лас су аузынан шықты. Қайта-қайта өкпесінен қысып, бойындағы судан жеңілдеген соң баланың саусақтары қимылдай бастады.
Жалпы, бұл Марат ағаның алғаш жасаған ерлігі емес болып шықты. Небәрі 7-8 жастағы кезінде Қаратау қаласындағы Тамды өзеніне абайсызда түсіп кеткен 3 жастағы баланы құтқарып қалғанын да айтып берді.
Алғашқы оқиғаға қайта оралсақ, ойламаған жерден бауыр еті баласынан айырылып қала жаздаған Ыбыраевтар отбасы естіген, көргендеріне сене алмай шошынғанынан құтқарушының кім екенін де сұрастырмаған еді. Дер кезінде құтқарылып, денсаулығы бері қарағанда ғана Елдостың аман қалуына себепкер жанды іздестіре бастайды. Осылайша бейбіт күнде ерлік жасаған, балаларын құтқарып, өмір сыйлаған Марат Оразовты да тапты. Бар ынта-ықыласымен алғыстарын білдіріп, сый-сияпат жасамақ та болады. Бірақ ер мінезді Марат ағаға олардың берген сыйлығынан гөрі адамның өмірі маңызды еді. Сол үшін де шын пейілімен ұсынылған сыйлықтан бас тартқан болатын.
Сонымен, Марат аға деп отырғанымыз кім? Марат Рахатұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО бойынша департаментінің Мақтаарал аймағы ауданаралық басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері болып шықты. Мақтааралға келгеніне бір жыл болыпты. Туып-өскен жері –Жамбыл облысы. Бүгінде отбасымен бірге Жетісай қаласында тұрып жатқан жайы бар.
Элмира ИНЯТҚЫЗЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы
Суретте: Марат Оразов Елдос Айбатырұлымен бірге