Жастар сарайында Мұхамедқанапия Баhрамұлының (Сегіз сері) 200 жылдығына орай ІІ республикалық «Гауһар тас» оркестрлер мен ұлттық аспаптар ансамблінің фестивалі өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет еліміздің аймақтарынан келген 300-дей өнерпазға жылы лебізін арнады.
Шығармашылық ұжымдардың өзара байланысын арттырып, таланттылардың өнеріне қолдау жасауды діттеген фестивальда төрт оркестрдің, бес фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен Сегіз серінің әндері орындалды.
Астана қаласы филармониясының халық музыкасы ансамблінің жетекшісі Тоғжан Жахин мұндай фестивальдерді жүйелі түрде ұйымдастырудың қажеттігін атап өтті.
«Ұлттық әндеріміз бен күйлеріміз арқылы жас ұрпақ бойына туған жерге, елге деген азаматтық сүйіспеншілігін орнықтыруымыз керек.Соңғы жылдары жастардың халықтық музыкаға деген қошеметі артып келеді. Енді Сегіз сері шығармаларын да жақсы білетін болады», дейді ол.
Фестиваль шеңберінде төрт концерт қойылып, оның соңы ауқымды гала-концертке ұласты.
Өмір Есқали
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы