Әлем экономикасында сәт сайын орын алатын аумалы-төкпелі кезеңде өрлеудің жаңа формасын ойластырып, дағдарыстан дамуға дейін тұжырымдама жасап, жаһан жұртын елең еткізетін ауқымды бастамалар көтеруде Қазақстан әлемге үлгі екендігін дәлелдеп келеді. Жыл сайын дәстүрге айналған Астана экономикалық форумының жоғары деңгейде өтуі де соның айғағы.
Кеше Үкіметтің баспасөз алаңында Астана экономикалық форумын ұйымдастырушылар БАҚ өкілдерімен кездесіп, бұл жылдың еншісіне енетін ерекшеліктерді жіпке тізді. Жаңаша сипаттағы «Global Challenges Summit 2018» атты экономикалық форум еліміздің бас қаласында мамырдың 17-19 күндері өтіп, оған 450-ден астам спикер қатысады деп жоспарланған. Оның ішінде әлемнің көрнекті саясаткерлері, ірі халықаралық корпорациялардың басшылары, орталық банктер мен қаржы институттарының аузы дуалы сақа сарапшылары 24 елден келеді деп күтілуде. Әсіресе экономика саласына тың серпін әкелген Нобель сыйлығы лауреаттарының Еуразия кіндігіндегі қазақтың елордасында жаһандық экономика туралы сөз қозғап, түрлі болжамдар бойынша пікір қағыстырып, тың идеяларға түрен салуы биылғы басқосудың маңыздылығын арттыра түспек. Қазақ елінің астанасы бүкіл адамзатқа өзекті жаһандық сын-тегеуріндерге байланысты мәселелерді талқылауға жиналған халықаралық қонақтар: Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, физик, ішектер теориясының тең авторы және ғылым таратушы Митио Каку, Goldman Sachs-тің бұрынғы төрағасы және БРИКС қысқарту авторы Джим О'Нил, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша бас экономисі Ганс Тиммер, саясаттанушы және қалалар дамуының визионері Параг Ханна, Грузияның вице-премьері, сыртқы істер министрі Михеил Джанелидзе, Эстонияның бұрынғы президенті Тоомас Ильвес, БҰҰ сегізінші Бас хатшысы және Халықаралық олимпиада комитетінің этика жөніндегі комиссиясының төрағасы Пан Ги Мун, кинорежиссер, «Алтын арыстан» Венеция кинофестивалі бас жүлдесінің лауреаты Кшиштоф Занусси және т.б. қарсы алуға сақадай-сай.
Жақында басталатын Астана экономикалық форумының бұрынғы басқа форумдардан басты ерекшелігі – жаңа форматы мен жаһандық деңгейі. 10 жыл ішінде форум экономикалық идеялар мен тәжірибелерді біріктіретін халықаралық алаңға айналды. Бүгінгі таңда форумға әлемнің 150 елінен 50 мыңнан астам делегат, үздік халықаралық спикерлер қатысады деп күтілуде. Форум ықпалы өсіп отыр, халықаралық инвесторлар тарту, Астананың әлемдік экономикалық саясатты талқылайтын алаңға айналуы шара деңгейінің артқанын аңғартады, деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов.
Брифинг барысында форумды ұйымдастырушылар халықаралық шараның бюджетіне де тоқталып өтті.
Астана экономикалық форумының бюджеті былтырғы деңгейде болады. Бұл ретте ғимаратты жалға алу, келетін спикерлердің жол жүру ақысы, логистика, тұратын жерлері, барлығын қамтығанда белгілі бір бюджетті құрап отыр. Яғни форумға 400 млн теңге шамасында қаражат жұмсалады деді брифинг спикерлерінің бірі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Мұқан. Ал Р.Дәленов аталған шараға шақырылатын қонақтардың гонорарлары демеушілер қаражатынан төленетіндігін де жеткізді.
Астана форумына қатысатын беделді қонақтарды жалпы үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – форумға қатысуға ниеті, уақыты және мүмкіндігі бар азаматтар. Олар еш ақысыз негізде форумға қатысады. Мұндай спикерлер мен қонақтардың легі өз ішімізде де бар. Екіншісі – форумға келуге дайын, алайда олардың жолақысы мен баспаналарының ақысын көтеру қажет болады. Бұл − қалыпты жағдай. Үшіншісі – өздерінің шарттық міндеттемелері аясында тек гонорарлық жүйеде ғана қатысатын тұлғалар. Алайда оларды қаржыландыру демеушілердің қаражаты аясында жүргізіледі. Яғни демеушілер спикерлермен өздері келіседі. Бұл халықаралық тәжірибе және бюджет қаражаты бұл орайда жұмсалмайды, деді Р.Ерболатұлы.
Он бірінші мәрте өткелі отырған Астана экономикалық форумы жылда өзіндік рең алып, ерекшеленіп отырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана экономикалық форумын дамытудың жаңа кезеңі − Global Challenges Summit бағдарламасы аясында жаһандық маңызға ие мәселелер тұтастай қамтылады.
Әлемнің өзгеруі, технологияның өте жылдам дамуы ғаламшар ресурстарының сарқылуына түрткі болып отыр. Биотехнологиялар адамзатты жаңа этикалық нормаларды қалыптастыруға мәжбүр етеді, цифрлы экономика дәстүрлі экономикалық қатынастарды өзгертеді, ал жасанды интеллектінің дамуы немен аяқталатыны белгісіз. Дамушы елдер оңтайлы даму стратегиясын жүзеге асыра алмай, ал керісінше дамыған елдерге ресурстар жеткіліксіз болып, екі арадағы алшақтық уақыт өткен айын артып келеді. Global Challenges Summit 2018 бағдарламасы негізінде экономикалық өсу және ресурстар тұрақтылығы, диджитализация және урбанизация, адамзат өмірінің ұзаруы мен қаржылық революция, жаһандық қауіпсіздік және мәдени өзгерістер тақырыбында сұрақтарға жауап табылып, әлемдік масштабтағы шешімдер әзірленеді.
Астана экономикалық форумы – елордамызда 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңы. Алғаш рет 2008 жылы өткен аталмыш форум дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ықпалды халықаралық алаңдардың бірі деп бағаланған. 10 жыл аралығында форумға 150 елден он мыңдаған делегат қатысып, жалпы көлемі миллиардтаған доллар қаржыны құрайтын жүздеген меморандум мен келісімге қол қойылып, форум аясында Еуразиялық іскерлік конгресі, дүниежүзілік МЖК орталығы және Нобель сыйлығы лауреаттарының астаналық клубы құрылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»