Еліміздегі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының қызметкерлері Атырау облысының тұрғындары арасында туберкулез аурушаңдығына мониторинг жүргізді. Кеселі көп құрт ауруы жергілікті атқарушы органдардың, жалпы жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Аймақта 1003 адам туберкулезге қарсы күрес диспансерінде тіркелген. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы мәселе қаралған мәжіліске қатысып, дерттің дендеп кетпеуі үшін алдын алу шаралары жеткілікті дәрежеде жүргізілуі тиіс екенін атап айтты. Жиналысқа Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов шақырылды. Оның айтуынша, қазір Қазақстандағы туберкулезге қарсы күрес қызметі жаңа технологиялар арқылы өзгеру сатысында. Соның нәтижесінде республикадағы стационарлар саны 89-дан 40-қа қысқарған.
Атырау облысында тубуркулезбен ауыру деңгейі соңғы үш жылда 19,7%-ға азайды. Бірақ бұл барлық мәселе шешімін тапты деген сөз емес. «Соңғы жылдары туберкулезді анықтау мен емдеудің жаңа түрі енгізіле бастады. Осы бағытта атқарылатын жұмыс көп. Кадрларға байланысты проблема да бар» деп атап өтті М.Әденов. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, өңірде 28 фтизиатор, 13 фтизиопедиатр жұмыс істейді. Оның 30%-ы зейнет жасында. Сондай-ақ 9 фтизиатор, 4 фтизиопедиатр жетіспейді.
Ата-аналары туберкулезбен ауыратын балаларға да айрықша көңіл бөлінуі керек. Облыста 670 орындық 7 мектепке дейінгі ұйым бар. 240 орындық байланыстағы балаларға арналған мектеп-интернат жұмыс істейді. Туберкулезге қарсы күрес диспансерінде есепте тұрғандарды әлеуметтік жағынан қолдауға 2018 жылдың бірінші тоқсанында 16,8 млн теңге қаралған.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайысов балалар мен жасөспірімдерге жаңа шипажай салынуы керек деген пікірде. Жасыратыны жоқ, қазір өңірде екпеден бас тарту мәселесі өзекті болып отыр. «Өткен жылы 468 ата-ана балаларына екпе салдыруға қарсылық білдірді. Олардың басым бөлігі діни ұстанымдарына қатысты бас тартып отыр. Кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізіп, екпе салу мен рентгенге түсуді міндеттеу керек. Атырауда Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының бөлімшесін ашу туралы да ұсыныс бар», дейді Ерболат Уайысов. Құрманғазы ауданында 100 орындық аурухананы күрделі жөндеуден өткізіп, шипажайға айналдыру жоспарланып отыр.
Жиналыста облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құрт ауруын түп-тамырымен жою үшін себептерді анықтап, оны шешу жолдарын тауып, тұжырымдама жасау керектігіне тоқталды. «Мен Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының басшылығынан осы мәселеге түпкілікті араласуларын сұрар едім. Алдағы жұмысымызға ғылыми база құруымыз керек, деді Н.Ноғаев. – Аурушаңдық көрсеткіші жоғары емес, шешуге болатын проблема. Науқастардың мәліметтер базасын жасап, жағдайларын үнемі бақылауда ұстауға тиіспіз».
Биыл облыста денсаулық сақтау саласына 100-ден астам маман тартылды. Алайда кадр жетіспеушілігі мәселесі әлі бар. Қазір 35 атыраулық жас жергілікті бюджет есебінен медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Туберкулез әлеуметтік ауру деп те аталады. Ауруды болдырмауда алдын алу шараларын жасау, дәрі-дәрмекпен қамту, шипажайда ем алу, науқастың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелері өзекті. Облыстың бас дәрігерінің сөзіне сүйенсек, әсіресе жұмыссыз, табысы төмен адамдар осы ауруға көп душар болады екен. Сондықтан мемлекет тарапынан науқастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмек көрсетіліп келеді. Өткен жылы облыста тұрғын үйге мұқтаж 6 адамға пәтер берілсе, 13 адам жұмысқа орналастырылды. Ендігі мақсат туберкулез аурушаңдығы бойынша нөлдік көрсеткішке қол жеткізу болып отыр.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ