Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Рубик текшесін жылдамдықпен жинау бойынша «NIS CUBE SEMEY» атты І қалалық біріншілік өтуде.
Біріншіліктің салтанатты ашылуына Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының сыртқы істер бойынша орынбасары Бауыржан Серіков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Біріншілікке қатысуға қаламыздың 40 орта мектебінен 350-ге жуық оқушы ниет білдіріпті, – деді Назарбаев зияткерлік мектебі баспасөз орталығының жетекшісі Ермек Исабаев. − Кейінгі кездері өскелең ұрпақ арасында ерекше қызығушылық тудырған ой-қиял мен жылдамдық жарысына Рубик текшесін Семейде ғана емес, Қазақстанда насихаттаушылардың бірі, жеке кәсіпкер Арман Машимов қолдау білдіріп отыр.
– Жарыс 7 тәртіп бойынша ұйымдастырылып отыр. Олардың қатарында «Спидкубинг» жылдамдықта құрастыру, «Бір қолмен» және «Рескрамбл» жүйелерін ерекше атап өтуге болады. Біріншілікте жеңіске жету үшін ойыншылар асқан жылдамдық көрсетулері қажет. Бүгінгі үміткерлер санын ескере отырып, рубик текшесіне деген қызығушылық шәкірттерімізде ерекше екенін байқадық. Оны құрастыру баланы жылдам шешім қабылдап, қысқа мерзімде ойлай білуге дағдыландырады. Ендігі меже маусым айының басында мектебімізде халықаралық жарыс өткізу, – дейді жарысты ұйымдастырушы, Зияткерлік мектептің кураторы Альбина Мұсабекова.
Жарыс жеңімпаздары мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болады.
Раушан НҰҒМАНБЕК, журналист
СЕМЕЙ