Рудный қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері Қашар кентіндегі бір дүкеннен тоналған ірі көлемдегі алтын бұйымдарының ұрлығын ашты. Сәуір айының 7-8 күндері ұрылар дүкендегі алтын бұйымдар сақталған темір сейф кілтінің көшірмесін жасап алып, 26 миллион теңгенің зергерлік заттарын алып кеткен.
Жедел-іздестіру тобы зергерлік заттарды қолды еткен 22 жастағы екі жұмыссыз жігіттердің ісі екенін анықтаған. Оның бірі бұрын да ұрлығы үшін сотты болған. Олардың ұрлық жасауына жағдай туғызған 38 жастағы сатушы әйел екендігі де әшкере болды. Тергеу ісінде анық болғанындай, күдікті әйел екі жыл бойы жеке кәсіпкерге сатушы болып жұмыс істеген. Осы жылдар ішінде ол жұмыс берушіге қарыз болып қалады. Оны өзінің 18 жастағы қызына айтады. Қызы өзінің таныстарына дүкендегі «Қарыз кітабының » көзін жоюды және алтын бұйымдарды алып кетуді өтінеді. Сонан кейін күдікті жігіттер сейф кілтінің көшірмесін жасауға кіріседі.
Алтын бұйымдар қолына тіиісімен екі ұры такси шақырып, алдымен Қостанайға, одан Астанаға, одан Алматыға кетеді. Алматыда олар алтын бұйымдарды 600 мың теңгеге сатады да, қалғанын бір үйдің ауласына көміп кетеді. Олар ұшақпен Қостанайға қайтып оралады.
Рудный қалалық ішкі істер басқармасындағы тәжірибелі полицейлердің арқасында ірі ұрлық осылай ашылады.
Рудный қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев алтын бұйымдардың сатылмай қалғандары күдіктілердің пәтерінен, Алматыдағы жер «сейфінен» тапқандығын және олардың үй қамағында отырғанын хабарлады. Қазір ҚР ҚК «ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Рудный қаласы