Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген бар. Мұны Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды әлемдегі ең қуатты мемлекеттер қатарына енгізудегі еңбегіне байланысты айтуға болады. Осыдан 20 жыл бұрын елі сенген Елбасы сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа республика жұртшылығы үлкен үмітпен дауысын берген еді. Содан бергі кезеңде Тәуелсіз еліміздің экономикасында жылма-жыл өсім байқалып келеді. Тоз-тозы шыға жаздаған ауыл шаруашылығының тамырына бүлкілдеп қан жүгірді. Игерілуі өзімізге қиын соғатын ірі мұнай кеніштері шетелдік инвестицияның салынуымен ел игілігінің қажетіне жарай бастады. Бәсекеге қабілетті отандық өнімдер өндіріліп, бұрын-соңды өңіміз түгілі түсімізге кірмеген ерен істер атқарылып жатыр.
Әрине, кезінде Қазақстан тәуелсіздігіне күмәнмен қарап, келешегіне оң тілеулестік танытқысы келмеген елдерді де білеміз. Өйткені, олар өздерінде Нұрсұлтан Назарбаевтай елдің болашағын әріден ойлайтын, соған орай тың реформаларды табандылықпен қолға алатын батыл басшысы болмағаннан кейін Қазақстанның алдағы күндеріне қызғанышпен қараған шығар. Тәуелсіздік жылдарында «Алдымен – экономика...» қағидасын ұстанған Президентіміз ұлттық экономиканың сан саласын өркендетумен бірге, мәдениетке, әлеуметтік салаға барынша қолдау білдірді. Өзім көп жыл еңбек сіңірген мәдениетке қатысты айтар болсам, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді биікке көтерген оң қадам болғаны даусыз. Осы бағдарлама аясында қаншама жауһар дүниелерімізді жас ұрпақтың санасына сіңіре алдық! Бұл күндері Қазақстанды әлем елдері экономикасы қуатты мемлекет ретінде ғана емес, мәдениеті мен өнерінің көкжиегі кеңіген ел ретінде таниды.
Және бір айтпауға болмайтын жәйт, біздің елімізде 130-дан астам ұлттың өкілі тұрады. Осыншама ұлт өкілдері Қазақстан деген қарашаңырақтың астында татулықтың, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Тұңғыш Президентіміз әлемнің әр қиырына әр түрлі себептермен тарыдай шашылған бауырларымызды атамекен топырағына шақырды. Өзге елде сұлтан болғаннан гөрі өз елінде ұлтан болуды көздеп оралған қандастарымызға мемлекет тарапынан қолдау көрсетті. Әлемдегі бірде-бір ел дәл Қазақстандай, дәл Нұрсұлтан Назарбаевтай тарихи Отанына аңсап жеткен қандастарына қолдауды да, көмекті де бере алған жоқ.
Міне, осының бәрі – елінің бақуатты тұрмысы мен кемел келешегі, халқының намысы мен абыройы үшін емірене еңбек еткен Ердің – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке пара-пар еңбегінің жемісі! Елін сүйген Ердің ерен еңбегі лайықты бағасын алуы тиіс. Осы тұрғыдан айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевқа ең лайықты марапат – «Халық Қаһарманы» атағы. Бейбіт өміріміздің кепілі бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың әркез Тәуелсіз елін биік белестерге бастай бергенін қалаймыз. Алар марапатыңыз құтты болсын, Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі мерейін тасытып, абыройын көтерген Нұрсұлтан Әбішұлы!
Нариман ҮЛКЕНБАЙҰЛЫ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.
Атырау облысы.