Өңірде жап-жақсы мәдени шаралар бастау алғанымен, түрлі себептермен жалғасын таппай қалатын сәттер кездеседі. 2014 жылы алғаш рет шымылдығы түрілген «Гауhар тас» фестивалінің ғұмыры келте болған еді.
Енді, міне, араға төрт жыл салып екінші республикалық халық аспаптар оркестрлері мен ансамбльдерінің «Гауhар тас» байқауы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғырып, еліміздің әр қиырынан келген 300-ге жуық өнерпаздың басын біріктірді.
Биыл 200 жылдығы кең көлемде атап өтілетін әрі батыр, әрі ақын, әрі жыршы, әрі сазгер Сегіз серінің өлмес мұрасын ұлықтауға бағытталған мәдени шара шығармашылық ұжымдардың байланысын арттырып, таланттыларды қолдады. Төрт оркестрдің, бес фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен халық әндері де, Сегіз серінің шығармалары да асқан шабытпен орындалды. Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров көркемдік жетекшілік әрі дирижерлік ететін облыстық филармония жанындағы Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне бірінші күнгі бағдарламаны ашу құрметі бұйырды. Жезтаңдай әнші Василя Габидуллина «Алқоңыр» әнін нақышына келтіре шырқап берді. Иса Байзақовтың «Желдірмесі», «Жоламан Тұрсынбаевтың «Қыз қарағайы» тарту етілді.
Фестивальдің екінші күні гала-концертке жалғасып, оның шымылдығын Ақмола мемлекеттік академиялық филармониясы жанындағы «Сарыарқа» халық аспаптар ансамблі ашып, «Сыр толғауы», «Қарқара» туындыларын ұсынса, қасиетті Семей жерінен келген «Қаламқас», «Кербез» фольклорлық ансамбльдері сахна төрін қалы кілемдей жайнатып жіберді. «Ахау, Семей», «Шаңды жорық», «Абайдың елі» шығармаларынан шашу шашты. Маңғыстау облысы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің халық аспаптар оркестрі таңдай қақтырып, көз жұмдырды. Барлық оркестрлер қатыса отырып Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіковтің дирижерлік етуімен Құрманғазының «Серпері» ойналғанда қазақтың салқар даласын мың сан тұлпардың тұяқ дүбіріне бөлеп жібергендей болды. Жастар сарайында ине шаншар орынның болмауына қарағанда әуезді әндер, күмбірлеген күйлер көрермендерге тамаша кеш сыйлаған тәрізді.
Белгілі сазгер Ж.Тұрсынбаевтың «Құрманғазы күй кемеңгері болса, Сегіз сері – ән жампозы. Бұл екі алып тұлға – қазақ халқының мақтаныштары. Ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, жұртшылыққа мән-маңызын жете ұқтыратын мұндай шараларды жүйелі түрде ұйымдастырған жөн. Соңғы кездері жұртшылықтың дәстүрлі әнге деген құрмет-қошеметі артып келеді. Жас буын да Сегіз серінің шығармаларын біліп өссе деген тілегім бар» деген сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы