Еліміз үлкен саяси және тарихи маңызды оқиға – Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында тұр. Қазақстандықтар осы мерекені мақтанышпен, өткен өзгерістердің тарихи маңыздылығын түсіне отырып қарсы алуда. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сындарлы саясат экономиканың динамикалық өсуін, азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруды және орнықтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, оның халықаралық беделін нығайтуға ықпал етті.
Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік-құқықтық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды құру, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғам бірлігін сақтау мәселелері ерекше мәнге ие. Бұл үрдісте құқық қорғау жүйесінің маңызды институты ретінде прокуратураның рөлі айрықша көрінеді.
1991 жылғы 6 желтоқсанда «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Жоғарғы Кеңес Төралқасының қаулысы қабылданып, бұл Тәуелсіз Қазақстанның қадағалаушы органдары құрылуының тарихи күні болды. Прокуратура органдарын реформалаудың негізгі принциптері 1995 жылғы Конституцияда және «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Президенттің 1995 жылғы 21 желтоқсандағы заң күші бар Жарлығында бекітілген.
Бірінші рет Қазақстан прокуратурасы заңдардың орындалуын жоғары қадағалаушы дербес және тәуелсіз орган болып жарияланды. Осылай прокуратура органдарының тарихында мемлекеттік органдар жүйесінде қазіргі прокуратураның рөлін жаңа деңгейге көтерген, оның қызметін жаңа мазмұнмен толықтырған жаңа кезең басталды.
Қазіргі заманғы даму кезеңінде мемлекеттік механизмде прокуратураның қоғамдық және саяси маңыздылығы туралы айтқанда, ең алдымен, прокуратура – мемлекеттік биліктің жоғары органдарымен қатар, өкілеттігі, ерекше мәртебесі және айрықша өкілеттіктері Конституцияда бекітілген жалғыз құқық қорғау органы екенін атап өту қажет. Осы аса маңызды дерек, ең алдымен, міндетінің негізгі мазмұны құқық қорғаушы қызмет пен заң үстемдігін қамтамасыз ету болып табылатын жетекші мемлекеттік орган ретінде прокуратураны мемлекеттің тануын білдіреді.
Конституция бойынша прокуратура заңдардың дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Оған Республиканың Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге наразылық келтіру құқығы берілген. Прокуратура билік тармақтарының бір де біреуіне енбей, Президентке есеп беретін ерекшеленген, дербес мемлекеттік орган болып табылады, биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуіне ықпал етеді. Бұл оған Мемлекет басшысының халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тетіктерін іске асыру жөніндегі пәрменді құқықтық құралы болуға мүмкіндік береді.
Прокуратураның мақсаты оның басты міндетін – заңдылықты қамтамасыз етуді анықтайды, ол қоғам өмірінің барлық басты салалары бойынша прокурорлық қадағалауды іске асыру нысандарының әралуандығы арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі күні прокурорлардың әрекеттері адамның құқықтары мен мемлекеттік мүддеге нақты қауіп төндіретін айқындалған заң бұзушылықтарын жедел және уақытында жоюдың ең маңызды бағыттарын құрайды.
Бүгінгі таңда прокурорлық қадағалау билікті түрлі теріс пайдалануға нақты тосқауыл болып отыр, прокурорлық араласуға байланысты экономиканың стратегиялық салаларындағы, мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі айла-әрекеттерінің жолы кесіледі, бюджет қаражатын ұрлау жолдары жабылады. Бұл ретте, прокуратураның рөлі заңдарды бұзудың жекелеген оқиғаларына ықпал ету шараларымен шектелмейді. Прокуратураның маңызды белгісі – жаппай сипаттағы, адамдардың көпшілігінің құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің заңды мүдделеріне әсер ететін заң бұзушылықтарына тосқауыл қою қабілеті. Мысалы, экономикалық дағдарыс кезеңінде прокурорлар экономиканы тұрақсыздандыруды болдырмауға бағытталған міндеттерді атқарған. Бізге шағын және орта бизнесті қолдауға, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға, агроөнекәсіптік кешенді дамытуға бөлінген 10 млрд. доллардың мақсатты пайдаланылуын үйлестіру және бақылау тапсырылған.
Атқарылып отырған жұмыстың нәтижелілігін, артып келе жатқан беделі мен халықтың сенімін прокуратура органдарына келіп түсетін өтініштер санының жыл сайын өсіп отыруы көрсетеді. Өткен 9 айда прокуратура органдары 473 мыңнан астам азаматтың еңбек пен жалақыға, зейнетақы мен жәрдемақыға, тұрғын үйге, денсаулығын сақтауға, қолайлы қоршаған ортаға, білім алуға, меншікке және т.б. конституциялық құқықтары қорғалды. Прокуратура араласқаннан кейін 319 мың заң бұзушылық жойылды, 42 мың заңсыз құқықтық актінің, қылмыстық іс қозғау туралы 902 заңсыз қаулының күші жойылды. 38 млрд. теңге сомасында, оның ішінде 26 млрд. теңге мемлекет табысына зиян өндірілді. Тексеру нәтижелері бойынша 50 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Прокурорлық ықпал ету шаралары жалақы бойынша 146 мыңнан астам қызметкерге 8,1 млрд. теңге сомадағы берешектің өтелуін қамтамасыз еткен.
Мысалы, еңбек пен халықты әлеуметтік қорғау саласындағы прокурорлық тексерулер өндірістік жарақаттану профилактикасы саласында көптеген кемшіліктерді, азаматтардың қауіпсіздік талаптарына жауап беретін еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөнінде қабылданып отырған шаралардың жетіспеушілігін айқындады. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың шамамен жартысы еңбек инспекциясы назарынан тыс қалады, бұл әрине, мыңдаған қызметкерлердің құқығын бұзуға әкеп соғады.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын зейнетақы қорлары мен ұйымдарының қызметінде заңнама олқылықтары айқындалған. Олар қорлардың бағалы қағаздармен саудагерлік мәміле жасасып, үшінші тұлғалардың пайдасында өздерінің салымшыларына едәуір зиян келтіреді. Зейнетақы қорларының жеті миллион салымшыларының мүддесін қорғау үшін зейнетақы заңнамасын жетілдіру және салымшылардың мүддесіне жауап бермейтін мәміле жасағаны үшін зейнетақы қорларының жауаптылығын күшейту бойынша шұғыл шараларды қабылдау қажеттілігі туралы Үкіметке ұсыныс енгізілген. Жосықсыз құрылыс салушылардың қызметі прокуратура органдарының тұрақты бақылауында, үлескерлер мен мемлекеттің мүліктік құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылданып отыр. Үлескерлердің қаражатын нысаналы емес пайдалану фактілері бойынша құрылыс компанияларының 80-нен астам лауазымды тұлғасы сотталған.
Бас прокуратураның едәуір әрекеті жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінде заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Прокурорлық араласу шаралары мемлекетке шынайы тең мағыналы әріптестік қатынастарды қамтамасыз етіп, осы компаниялардан мемлекеттік бюджетке әділ түсімдердің болуы туралы келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берді. Прокурорлар қабылдаған шаралар нәтижесінде табиғатты пайдаланушылардың қоршаған ортаға эмиссияларды төлеуі есебінен мемлекеттік бюджет едәуір толтырылды.
БТА банктің бұрынғы басшыларын жауапқа тарту және заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жұмыс шеңберінде банктің қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіру мақсатында 1,2 трлн. теңге сомаға 115 талап соттарға берілген. Банкке жалпы сомасы 30 млрд. теңгеден астам ақшалай қаражат пен мүлік қайтарылды.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен сапасын арттыру, бизнес белсенділігін ынталандыру мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдықтары болып табылады. Осы стратегиялық міндетті ойдағыдай іске асыру прокуратураның құқық қорғаушы әлеуетін қарқынды пайдаланумен тығыз байланысты. Қадағалаушы органдар шағын және орта бизнесті қорғау саласындағы заңдылықты бақылаудың пәрменді тетіктерін жетілдіру және заң бұзушылықтарды жедел жою бойынша үлкен нысаналы жұмысты жүзеге асырып отыр.
Осыған орай барлық мемлекеттік органдардың өздерінің тексеру жоспарларын Бас прокуратураның сайтында жариялау міндеті туралы біздің бастамамызды атап өткен жөн. Бұл мемлекеттік органдардың кәсіпкерлердің қызметіне жөнсіз араласуын бақылауға мүмкіндік беріп, бизнесті қорғаудың пәрменді нысаны болды.
Мысалы, кәсіпкерлердің монополияға қарсы органға берген шағымдары негізсіз емес болғаны анықталды. Көп жағдайда осы органның бәсекеге қарсы мемлекеттік араласуы бәсеке жолында кедергілер құрып, кәсіпкерлік қызметтің бостандығын негізсіз шектеп, экономикада мемлекеттік қатысу үлесін арттырып отырған.
Осындай фактілерге қарсы белсенді іс-қимыл жасау үшін барлық өңірлерде прокурорлардың басшылығымен ұтқыр топтар құрылған, олар заңсыз тексеру туралы бірінші дабыл бойынша кәсіпкерге дереу жетіп, тексерушілердің заңсыз әрекеттерінің жолын кесуге дайын отырады. Тек биылғы жылдың басынан бері прокурорлардың ұтқыр топтарының сенім телефондарына 240-тан астам кәсіпкер хабарласқан, 144 жағдайда заңсыз тексеру туралы мәліметтер расталған.
Бас прокуратураның ұсынысы бойынша бизнестің дамуына кедергі жасайтын заңдардың нормалары қайта қаралды. Осы нормаларды қабылдау ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттаушыларды карантин рұқсатын алу үшін шекарада ұзақ уақыт күтіп тұрудан босатады. Тұтас алғанда, біз әкімшілік қысым белгілері бар рұқсат беру және келісу рәсімдерінің жиырмадан астам түрін айқындадық.
Қылмыстық заңнаманы қолдану саласында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне мемлекеттік органдар қызметінің ықпалы ерекше күшті болады. Сондықтан тергеу мен анықтау заңдылығын қадағалаудың мақсаты қылмыстық істерді қозғау және тергеу сатысында азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзушылықтарды уақытында айқындау және олардың жолын кесу болып табылады. Жыл сайын алдын ала тергеу мен анықтаудың заңдылығы мәселелері бойынша прокуратура органдары қылмыстық қудалау саласына тартылған азаматтар мен заңды тұлғалардың орта есеппен жүз мыңнан астам өтініштерін шешеді. Бұл дерек Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтар мен бостандықтарды қорғауға байланысты прокурорлардың құқықты қалпына келтіру бойынша жасаған орасан зор жұмысын көрсетеді.
Ішкі істер органдарында кезекші прокурорлар институтын енгізу өзін-өзі толығымен ақтады, осы саладағы қадағалау жүйелі және пәрменді болды. Тәулік бойы жүргізілетін прокурорлық рейдтер, ұсталған адамдарға қатысты жағдайды зерделеу азаматтардың құқықтарын бұзушылықтардың жолын кесуге ықпал етіп отыр. Үстіміздегі жылдың 9 айында ішкі істер органдарының қызметтік бөлмелерінен прокурорлар 904 адамды босатқан.
Прокуратура құқық бұзушылықтардың салдарымен ғана күресіп қоймай, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын заңнамалық нормаларды айқындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, алдын алу шараларын да пайдаланады. Прокуратура жүзеге асырып отырған бірегей құқық қолдану тәжірибесін талдаулар құқықтық нормаларды олардың сыбайлас жемқорлық үшін жағдай жасауы тұрғысынан шынайы бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, біз жүргізген прокурорлық қорытындылар негізінде рейдерлікке, жалған кәсіпкерлікке, ипотекалық шарттар бойынша міндеттемелерді орындауға, атқарушылық іс жүргізуге қатысты бірқатар нормативтік құқықтық актілерді өзгерту туралы ұсыныстар жасадық.
Прокуратура органдарының соттағы рөлі едәуір өзгерді, ол, ең алдымен, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін қайта қарауға байланысты болды. Прокурорлар сотта мемлекеттік айыптауды қолдай отырып, бірінші кезекте объективтілікке және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталады.
Пенитенциарлық мекемелердегі адамдар құқықтарының сақталуын толыққанды қадағалауды қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі Бас прокуратурада бас бостандығынан айыру және ұсталған адамдарды уақытша қамауда ұстау орындарын қадағалау департаментін құру қажеттілігін тудырды. Мамандандырылған мекемелерде ұсталатын адамдарды азаптау және басқа да қатыгез қатынастарға байланысты өзге де заңсыз әрекеттерді қолдану туралы шағымдар мен арыздарды тексеру туралы арнайы нұсқаулық бекітілген. Құжаттың ережелері арыз берген азаматтарға қатысты азаптаулар мен заңсыз ықпал ету әрекеттерінің қылмыстық іс жүргізудің әрбір сатысында қолданғанын немесе қолданбағанын тексеруді прокурорларға міндеттейді. Бұдан басқа, біз құқық қорғау органдары мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында сот медицинасы саласындағы мамандардың алдын ала ұстау және бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарда дене жарақаттарының болу-болмауын куәландыруды жүргізуге міндеттейтін бірлескен бұйрықты қабылдауға бастама жасадық.
Елде орын алған соңғы оқиғалар аясында, Үйлестіру кеңесі алдында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау мәселелері бойынша өзекті мәселелер тұр. Біз діни бірлестіктердің заңсыз қызметінің алдын алуға, экстремистік әдебиетті және өзге де жік салушы ақпаратты жеткізу арналарына, оның ішінде интернет-ресурстарына тосқауыл қоюға, көші-қон үдерістерінің заңдылығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік шекараны қорғау режімін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді және кең ауқымды шараларды қабылдап отырмыз.
Тәуелсіздік жетістіктерін прокуратура органдарының қызметкерлері қайсарлықпен қорғауда, олар осы ізгі миссияға қызмет ету үшін бүкіл тәжірибесі мен біліктілігін салады. Прокуратура органдарында қызмет ету әрқашан аса маңызды мемлекеттік іс, жоғары өнегелік маңызы бар іс болған. Өз өмірін прокуратура ісіне арнаған адамның кәсібилігі мен жауапкершілік сезімінен елдегі көп жағдай – тұрақтылық, оның азаматтарының әл-ауқаты байланысты болады. Бұл – егемен Қазақстанның өркендеуі жолындағы біздің болашақ жемісті еңбегіміздің кепілі.
Асхат ДАУЫЛБАЕВ, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры.