• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2011

Алғыс арқалаған «АқсайГазСервис»

513 рет
көрсетілді

Шетелдік компанияларға  сапалы қызмет көрсетіп келеді

Тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде ел экономикасының алған асулары айтарлықтай. Әрине, оған мұнай-газ секторының қосқан үлесі қомақты. Бейнелеп айтқанда, ол алға даму мен елді жаңғыртудың локомотивіне айналды. Экономиканың прогрессивті түрде өрлеуіне егемен­діктің алғашқы жылдарында қабылданған «Акционерлік қоғамдар тура­лы» заңға сәйкес өмірге келген жаңаша өндірістік құрылымдар тың серпін берді. Солардың бірі Қарашығанақ кеніші аумағындағы «АқсайГазСервис» акционерлік қоғамы. Ол мұнай-газ кеніштерін игеріп жатқан шетелдік компанияларға сервистік қызмет көрсететін көш­бас­таушы отандық компания болып табылады. Бұл ұжым 1998 жылдың 5 наурызы күні республика Үкіметінің қаулысы негізінде құрылды.

АЛҒАШҚЫ АДЫМДАР

Жаңа кәсіпорын алғашқы жылы 897 миллион теңге табыс тауыпты. Одан кейінгі жылдарда АҚ қызмет көрсету көлемін біртіндеп ұлғайта түсті. 2005 жылы «АқсайГазСервис» АҚ-тың президенті болып, жаңаша ойлау жүйесін қалыптастыра білген, жас та тәжірибелі өндіріс жетекшісі Тілек Шектібаев бекітілді. Ол қысқа уақыттың ішінде үлкен ұжымға білікті менеджерлер мен кәсіби маман­дар­ды топтастыра білді. Ең бастысы, ойы озық басшының бастамасымен АҚ-ты одан әрі дамытудың страте­гия­сы және инновациялық тұғыр­на­масы жасалды. Бұл іргелі құжат «АқсайГазСервистің» басты акционері Меркурий компаниясы басқару­шы­сы тарапынан қолдау тапты. Бірінші кезекте мұнда шетелдік ком­панияларда қызмет жасау тәжі­ри­бесі бар Қазақстандағы, ТМД ауқы­мын­дағы және алыс шетелдердегі өз­дері тектес кәсіпорындардың іс-тәжі­ри­белері сарапқа салынды. Осы­лай­ша бағалаулар мен талдауларға толы маркентингтік зерттеулердің қоржы­ны толыға түсті. Соның нәтижесінде сервистік қызмет саласында мүлдем өзгеше, жаңа технологиялық желі қа­лыптаса бастады. Яғни, мұнда сапа­ны орнықтыру, еңбек қауіпсіздігі, ден­­сау­лық сақтау, экология, кадрлар­ды іріктеу ісінде халықаралық дең­гей­де­гі озық тәжірибе берік орныға алды. Сөз жоқ, мұның өзі респуб­ли­ка­ның батыс өңіріндегі әлеуеті мол шетелдік тапсырыс иелерінің қызы­ғу­­шы­лы­ғын туғызбай қалмады. Бүгінде «АқсайГазСервис» АҚ көр­сететін сервистік қызметтің тоқ­сан па­йыздан астамы шетелдік компаниялар үлесінде. Әрине бұл үлкен сенім мен жауапкершілік, ұжымдағы жұмыс­шы­лар мен инженер-техник қызмет­кер­лер­дің биік кәсіби деңгейі деген сөз. Қа­зақстандық компания­ның корпоративтік иммиджі соңғы жылдары одан әрі өсіп, олар шетелдік компания­лар­дағы өте қиын да күрделі бәсеке­лестік ортада тендер жеңімпаздары атанды. Келісім-шарт­тар қоржынының толысуына бай­ла­­ныс­ты көрсетілетін қызмет түр­лері­нің өрісі де өсті. Тек сол 2005 жыл­дың өзінде отан­дық компа­ния­ның жалпы табысы үш миллиард теңгеге иек артты. Соңғы бес жылда оның көлемі 5,2 есе өсті. Соған сәйкес АҚ жергілікті бюд­жетке түсіретін салықтық түсімдер де көбейді. Ұжым бірнеше дүркін ел­дің үздік салық төлеушісі деп та­ныл­ды. Тағы бір атап өтерлік жәйт, бұған дейін мүлдем бейтаныс 25 қызметтің мамандандырылған, жоғары тех­но­ло­гия­лық түрлері игеріліп, тәжірибеге орнықты. «АқсайГазСервис» АҚ шетелдік компанияларға ұсынатын бұл қызмет түрлері халықаралық ережелер мен стандарттардың ең қатал талаптарына сәйкес келеді. Сондай-ақ ол әлемдік деңгейге сай өте құнды жабдықтар мен жоғары білікті ма­мандарды қажет етеді. Бұрын орын­далмастай көрінген қызмет түр­лері бүгінде ұжым мүшелері үшін әдет­тегі іске айналған. Бұл арада уақыт отандық компания таңдап алған стратегияның дұрыстығын дәлелдеді деп айқын тұжырым жасауға болады.

ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫН АУҚЫМЫН КЕҢЕЙТІП, МҮМКІНДІГІН ӨСІРУДЕ

«АқсайГазСервистің» өзге отан­дық кәсіпорындардан басты айыр­ма­шы­лы­ғы – оның көп қырлылығы. Ол ұсы­натын қызмет түрлерінің ауқымы таң қалдырмай қоймайды. Оны санауға он саусақтың өзі жетпейді. Бүгінде ұжым қызметін пай­да­ланатын тұтыну­шы­лар мен іскер әріптестердің саны елуден асып түсе­ді. Әрине оның ең бастысы Қа­ра­шы­ғанақ кен орнындағы «КПО б.в» ком­паниясы болып табыла­ды. Отан­дық өндіріс орны мен аталған шетелдік альянс арасындағы тығыз байла­ныс­тар­дың орныққанына бүгінде 13 жыл­дан асып отыр. Осы уақыт ара­лы­ғында альянсқа көрсетілетін қыз­мет түрлері сандық тұрғыдан да, са­палық тұр­ғыдан да терең өзгерістерге ұшы­рады. Бұл мұнай мен газ өн­діруге қа­жет­ті техникалық қамтудың жоғары нә­тижесі, мінсіз де сапалы күрделі жөн­­деу деген ұғыммен пара-пар. Біз осы айқарма бетті газетке әзір­леу барысында «Ақ­сайГазСервис» АҚ-тың алғашқы күндерден бастап алғыс арқалап келе жатқанына куә болдық. Әрине оның дені шетелдік компаниялардан қазақстандық кәсіп­орын­ға келі­сім-шарттарды орын­дау­дағы тиімді қызметтері үшін берілген. Сонымен бірге «Ақ­сайГазСер­вис» ҚР Президенті сыйлығын сарап­қа салуға байла­ныс­ты өткізілген «Ал­тын сапа» конкурсы­на қатысып жеңімпаз атаныпты. Сон­дай-ақ атал­ған ұжым «Парыз» респуб­ликалық конкурсының да арнайы жүл­десін қанжығасына бөктерген. Ал­ғыс хат­тардың екінші бір легіне халықара­лық сапа стандарттарына сәйкес қыз­мет жасайтын отандық кәсіпорын­ның кәсіби жетістіктеріне байланыс­ты қол жеткізген.

ИНВЕСТИЦИЯ – ДАМУ КЕПІЛІ

Отандық кәсіпорынның құрылым­дық бөлімшелері шеті мен шегі жоқ үлкен аумаққа орналасқан. Мұндағы құралдар мен жабдықтар жыл сайын жаңғыртылып отырады. Ең бастысы, АҚ-қа қарасты құрылымдардың бәрі де тек пайдамен жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын жұмыс ауқымы ұлғайып ке­ле­ді. Соған сәйкес ұжым мүше­лері­нің саны да артып отыр. Айталық 2002-2004 жылдар аралы­ғын­да олар­дың саны 450-500 адам деңгейінде бол­са, бүгінде 2000-ға жа­қындады. Бұ­дан кәсіпорынның жұ­мыс беруші ретіндегі үлкен ісін көреміз. Тек соңғы алты жыл ішінде «АқсайГазСервиске» 1300-ден астам облыс тұрғындары тұрақты қызметке қабылданыпты. Кәсіпорын басшысы ретіндегі бас­ты ұстанымым сұранысқа сәйкес өн­ді­ріс­тің әлеуетін жүйелі де жос­парлы түрде өсіріп отыру. Оны іске асыру үшін бірінші кезекте қомақты капитал салу қажеттілігін түсініп отырған шығарсыз. Әрине, бұл өзіміз тапқан пайданың бір бөлігі есебінен іске асуда. Өндірісті жаңғырту, бүгін­гі тілмен айтқанда, оны модернизациялау, өнді­ріс­тік базаны д­а­мы­ту осындай тәртіп­пен жалғаса береді. Бұған жұмсалатын қаражат шетелдік және отандық инвестиция есебінен жүр­гізіледі, – деді газет тілшісіне «Ақ­сайГазСервис» АҚ президенті Тілек Шектібаев.

БАСЫМДЫҚТЫҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ – ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК

Отандық кәсіпорын қазақстандық қоғамның әлеуметтік және мәдени тұрғыдан жан-жақты өркендеуіне ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Әсі­ресе «АқсайГазСервистің» республика көлемінде қолға алынып жатқан әлеуметтік бағдарламалардың іске асуына қосып жүрген үлесі мол. Елдің қай түкпірінде де талантты бүлдір­шіндер мен жасөспірімдер жиі кездеседі. Оларға дер кезінде мораль­дық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсетілмесе жанбай жатып сөнулері де мүмкін. Осы тұрғыда кәсіпорын балалар шығармашылығы ұжым­дарын дамытуға қолдау көр­сетуі атап айтуға әбден бо­латындай. Тәуелсіздік – күнде той емес, ол кез келген уақытта төтенше жағдай­ларын тосып отыратынын бұған дейін де жазған едік. Алматы облысы­ның Қызылағаш ауылында орын ал­ған сел апаты, Батыс Қазақстан об­лы­сы Шалқар көлі маңындағы жер сілкінісі, Ақжайық өңірінде биылғы көктемде болған алапат су тасқыны осы пікіріміздің дәлелі. Соның бә­рінде де «АқсайГазСервис» табиғат апатына тап болған отандастары­мыз­дың ортасынан табыла білді. Оларға материалдық қолдау көрсетті.

ІС ТЕТІГІН КАДР ШЕШЕДІ

Отандық компания жетекшісі Тілек Шектібаев кадрлар қызметін тиімді пай­даланудың басты жолы – оларды кәсіби тұрғыдан өсуіне жағ­дай туғызу деп тү­сі­неді. Мұнда өз мамандығын көтеру­мен дербес шұ­ғыл­дана білген қызмет­кер­лерді кө­тер­мелеу жүйесі орныққан. Тәжіри­бе­сі толысқан қызметшілердің өн­ді­ріс­тің төменгі буынында қызмет жа­­сайтын жастарды кәсіби іске баули білуіне де кең жол ашылған. Ал орта буын сауат­ты мамандар әзірлеудің жыл са­йынғы өз оқу бағдарламалары бар. Қай­тарымы бірден бола қоймай­тын, алайда болашағы өте жоғары мұндай істен компания жетекшілері қаржы үне­мін жасаған емес. Бұл ретте басымдық жас мамандарға берілуде. Мұның мы­сал­да­ры да жеткілікті. Үлкен өндірістік ұжым­да отыз жасқа дейінгі жас маман­дар­­дың үлесі елу пайызға жетіп жығылады.

ҰЖЫМҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ҰДАЙЫ НАЗАРДА

Кәсіпорын қызметкерлерінің ма­те­риалдық игіліктерді пайдалануына жол ашу АҚ басшыларының тағы бір ба­сым­дыққа ие мақсаты болып та­бы­ла­ды. Мұнда 2006 жылдан барлық ұжым мү­шелеріне жоғары өндірістік және тех­но­логиялық жетістіктері үшін сый­ақы мен он үшінші жалақы беріліп келеді. Ұжымдық шарт талаптарына сәй­кес «АқсайГазСервис» әкімшілігі «Қо­ғам» әлеуметтік бағдарламасын іске асырды. Бұл сан-алуан әлеу­меттік пакеттер шоғыры болып та­былады. Оның аясына ұжым мүше­лері бала­ларының жазғы демалысын ұйым­дас­тыруға байла­ныс­ты бөліне­тін қара­жат­тар, қызмет­кер­лерінің республика ау­мағындағы, таяу және алыс шетелдердегі шипажай мен курорттарға ба­рып ем және демалу­лары­на бөлінетін тө­лемдер кіреді. Со­ны­мен бірге, ұжым­дық шарт тар­мақ­тары­мен кәсіпорын қызметкер­лерін материалдық тұрғыдан көтер­мелеудің өзге де түрлері қа­расты­рыл­ған, – дейді «АқсайГазСер­вис» АҚ кәсіподақ ко­ми­тетінің төрағасы Жүсіпқали Нағманов.

ТҮЙІН

Қарашығанақ жобасы – тәуелсіздік жылдарында республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған теңдесі жоқ ірі жоба болып табылады. Оны іске асыру арқылы шетелдік инвестиция кенішті игеруге қызмет жасай бастады. Бүгінде Қарашығанақ газының игілігін тек рес­пуб­ли­каның батыс өңірі ғана емес, сонымен бірге оңтүстік және орталық облыс­тардың тұрғындары да көруі үшін тың бағдарламалар ойластырылып отыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кен орны маңайында көмірсутегі шикізатын тұрақтандыру жөніндегі қондырғы құрылысының аяқталуы келешекте қолға алынатын кең көлемді істердің алғашқы қарлығашы іспеттес. Бұл нысан алдағы күндері телекөпір жүйесі арқылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың назарына ұсынылады деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда, кен орнын игеріп жатқан шетелдік альянсқа отандық компанияның қызмет көрсету жүйесі тәуелсіздік жылдарында толыққанды бола түсті. Бүгінгі әңгімеміздің басты нысаны – «АқсайГазСервис» АҚ бұл орайда жоғарыда айтылғандай нақты іс-қимыл стратиегиясын белгілеп, іске асыруы мемлекеттік ауқымда атап айтуға тұрарлық мәселе. Көп жағдайларда кірпияз да кінәмшіл шетелдік өндірісшілердің талабынан шығу, олардың бағдарын біліп, қажеттілігін өтеу отандық компания үшін оңайға түсті деп айта алмаймыз. Әйтсе де қарқындылық пен сенімділікті алға тартып, сапа ұстанымын серік еткен «АқсайГазСервис» АҚ ұжымының сервистік қызметі­не шетелдік компаниялардың сенімі орныққаны сөз жоқ үлкен жетістік. Республика аумағында қызмет жасайтын шетелдік компанияларда қазақстандық үлесті көтерудің бұдан артық жарқын мысалын тауып айта алар ма екенбіз? Сондықтан да тәуелсіздік тұсында тәжірибелері толысқан, кен орнын игерушілерге әлемдік деңгейдегі сервистік қызмет түрлерін ұсынып, кәсіби шеберліктері арқылы шетелдік өндіріс иелерін мойындата алған «АқсайГазСервис» АҚ ұжымы бүгінгі күні биік бағаға әбден лайықты. Осындай өресі жоғары отандық компаниялар одан әрі көбейе берсе, әлбетте нұр үстіне нұр. Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Қарашығанақ кен орны. _____________________ Айқарма беттердің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір ҚҰСАЙЫН.