Астанада Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Ата-бабадан асыл мұраның ардақтысы болып жеткен өрелі өнерді кейінгі ұрпаққа аманат ету, сөз өнерінің асылы айтыс арқылы тіліміздің мәртебесін арттыруды мақсат еткен аламан бәйге елорда төрінде үш күнге созылып, шешендіктің қадыр-қасиетін ардақ тұтатын көпшіліктің құрметіне бөленді.
Мәдениет министрлігінің қолдауымен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен өткен бұл аламан бәйгеге еліміздің бар аймағында болып өткен жарыстардан іріктелген 42 ақын қатысты. Сондай-ақ, бұл шараға іргедегі Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстаннан да айтыскер қандастарымыз қатысып, өз өнерлерін өрге оздырды.
Елімізге танымал қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Асанәлі Әшімов, Өмірзақ Айтбаев, Фариза Оңғарсынова, Бекболат Тілеухан, Несіпбек Айтұлы төрелік еткен қазылар алқасының шешімімен бас бәйге Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз Жәмиға Дәулетке бұйырып, оған тиесілі 20 мың долларды Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева табыстаса, І орынды (бір жарым миллион теңге) Ақмола облысынан сайысқа түскен жас қыран Әлібек Серғали иеленді. Ал екі ІІ орынды (бір миллион теңгеден) қызылордалық Мұхтар Ниязов пен астаналық Еркебұлан Қайназаров қанжығасына байласа, үш ІІІ орын (бес жүз мың теңгеден) Қырғыз Республикасынан қатысқан Ааалы Тұтқышев пен Алматы және Астана айтыскерлері Сара Тоқтамысова мен Айнұр Тұрсынбаеваға бұйырды.
Әрине, өзге де айтыскер ақындар кәдесіз қалған жоқ. Ақын Фариза Оңғарсынова Қытайдан келген қос сіңлісіне өзінің «Дауа» атты кітабын сыйласа, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов Байқоңыр қаласының ақыны Төреғали Төреәліге арнайы сыйлығын табыстады. Ал қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков болса, Қытай Халық Республикасы мен Қырғыз Республикасынан осы айтысқа арнайы келген өкілдерге шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. «Алтын қыран» компаниясының басшысы Исламбек Салжанов Мәдениет министрлігінің үлгісімен аламан бәйгеге қатысқан барлық айтыскерлерге өз сый-сияпатын жасады.
Бұл айтыстың бір ерекшелігі – көрші елдерден де қандас бауырластар қатысып, айтыстың еларалық сипат алғаны болды. Иә, бір ғана Қытайдан төрт, Моңғолия мен Қырғызстаннан екі-екіден сайыпқырандар өнерлерін ортаға салған болса, Қытайдан келген Жамиға Дәулет бас жүлдеге ие болып, ата-жұртының ризашылығына бөленді.
Айтыстағы Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Дәулеткерей Кәпұлы, Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсенғазин секілді елге танымал тарланбоздардың жөні бір бөлек болса, бұл жолы Әлібек Серғали, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров сияқты жалындаған жас перілер бәйге көрігін қыздырып, ел-жұртты риза етті. Мұны еліміздегі туған тілін төрге оздырған Тәуелсіздіктің бірден-бір көрінісі, күн өткен сайын өз мұратына жетіп келе жатқан ана тіліміздің мәуелі жемісі деуге болады.
Берік САДЫР.
––––––––––––––––––––––
Суреттерді түсіргендер Қайырбек МҰҚЫШЕВ,
Советбек МАҒЗҰМОВ.