Көкшетауда жер қатынастары және жерге орналастыру мәселелері жөнінде аймақтық жиналыс өтті.
Жиында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Отаров өңіраралық жұмыстарға шолу баян жасаса, Жер ресурстарын басқару агенттігінің Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік РМК бас директоры Ә.Бегманов ел Тәуелсіздігі талаптарындағы маңызды міндеттерге қатысты ақпараттармен бөлісті.
Жер қатынастары мемлекетіміздің басым бағыттағы саясаты саналады. Бұл тұрғыда атқарылған абыройлы істер аз емес. Әйткенмен, Қазақстанның үдемелі даму үрдістері аталған мәселенің басты назарда ұсталып, жетілдіре түсуді талап ететіні белгілі. Осы жайлы РМК құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы Н.Салыбеков, Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Е.Ахметов, Ақмола, Қарағанды облыстары және Астана қаласы бойынша өңіраралық жер инспекциясы бастығының орынбасары А.Қадырәлина, Ақмола облысы бойынша салық департаментінің бастығы Д.Нұрмолдин, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы В.Фельбелт өз ойларын ортаға салды.
Бүгінгі күні Ақмола облысының аумағынан өтетін «Батыс Сібір-Орталық» газ құбырының құрылысына техникалық-экономикалық тұрғыдан көмек көрсету аясында Астана, Петропавл, Қарағанды қалаларын қамтитын магистралды газ желісінің жұмыс жоспары келісілді. Бұған қоса «Көкшетау-Петропавл» автокөлік жолын аяқтау, Астана қаласының жасыл желек аймағын кеңейту, «Бурабай», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғат парктері мен «Қорғалжын» мемлекеттік қорығының қорғаныс аумағын және жер пайдалану шекараларын белгілеу мәселелері талқыланып, жұмыс сапасын арттыруға қатысты тапсырмалар берілді.
Ә.Бегманов Ақмола облыстық мемлекеттік жерге орналастыру институтының директоры Қ.Рысқұловқа жаңа қызметінде табыс тіледі.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.