• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2011

Еңселі оқу ордасы

455 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Петропавл жоғары әскери училищесінен  фоторепортаж беріліп отыр.

ЕҢСЕЛІ  ОҚУ  ОРДАСЫ

Қазақстан Республикасының Президенті, Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіз­дігіміздің алғашқы күндерінен дербес әскері­міз­ді құрып, қорғаныс саласын нығайтуға ерекше қамқорлық жасап келеді. Жасампаздықтың 20 жылында жергілікті әскери мамандар мен командирлер корпусын жасақтау бағытында да көп іс тындырылды. Осы орайда Елбасының тікелей қолдауымен Солтүстік Қазақстан об­лы­сында Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлер Петропавл жоғары әскери училищесінің ашы­луы ел өміріндегі айтулы оқиға болды. Ол 1997 жылы 18 наурызда бой көтерді. Қаланың шеткері аймағында әскери әсем қалашықтың тұр­ғызылуына Үкімет тарапынан зор қаржылық қолдау көрсетілді. Сол жылы алғашқы түлек­терін қабылдады. Қызылжар өңіріне жасаған жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы ең­селі білім ордасына арнайы келіп, Жауынгерлік туды салтанатты түрде табыс етті. Ішкі әскерлер құрамаларына сардарлар әзірлейтін бірден-бір білім ошағына 2009 жылы әскери институт мәртебесі берілді. Оны әр жылдары генерал-майорлар Амангелді Дүйкенов, Рашид Фаткуллин, полковниктер Мұрат Қарағойшиев, Сәбит Ахметов басқарып, материалдық-те­х­ни­калық базаның нығаюына, білікті кадрлармен толықтыруға үлкен үлес қосты. Қазір полковник, әскери ғылымдар докторы Жұмабек Ахметов жетекшілік етеді. Бүгінге дейін институт қабырғасынан екі мыңға жуық офицерлер түлеп ұшты. Еліміздің әр қиырынан келген курсанттар төрт жыл оқып, команда-такти­калық тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыстар, команда-так­тикалық ракета-артиллериялық, инженерлік-техникалық қам­та­масыз ету, автомобиль істері бойынша аза­маттық мамандықтар алып шығады. Оқыту бағдарламасында «ВС» сана­тындағы жүр­гізушілер мен электронды есептегіш машиналар операторларын әзірлеу жайы да қарас­тырылған. – Әскери оқу орнын орналастыруға Петропавл қаласының таңдап алынуы кездейсоқ емес. Елбасымыздың халқымыздың тыныштығын, елдік мүддені жан-жақты ойластырған, өңірдің стратегиялық, саяси мән-маңызын жете ескерген көрегендік шешімінің дұрыстығын уақыт­тың өзі дәлелдеп берді. Алғашқы түлектеріміз Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында әскери өмірге жолдама алды. Ел әскерлері құрамындағы әскери мамандардың 90 пайызы – біздің офицерлер. Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктерінде, ҰҚК Шекара комитетінде де абыройлы қызмет атқаруда, – дейді Жұмабек Хатиоллаұлы. Институттың халықаралық аренадағы бай­ланысы нығая түскен. Осында Қырғызстан мен Тәжікстанның өкілдері білім алады. Ресейдің Новосібір, Пермь, Санкт-Петербург қалаларындағы әскери институттармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. 120-ға тарта оқытушылар мен офицерлер АҚШ, Германия, Үндістан, Ресей, тағы басқа мемлекеттерде біліктіліктерін арт­тыр­ды, тәжірибелерін жетілдірді. Оқу-әдістемелік семинарларға, ғылыми конференцияларға қатыс­ты. Жеке құрам әскери шерулер мен бүкіләскерлік кеңестерге үзбей қатысып, жақсы қырынан танылып жүр. Офицерлер клубы, ардагерлер ке­ңесі, жастардың бастамашыл орталығы жұ­мыс істейді. Әскери оркестр мен әншілер – рес­пуб­ликалық конкурс-байқаулардың жеңімпаз­дары. Спорттық жетістіктер де аз емес. Айбек Қы­рықбаев джиу-джитсуден, Абай Тіналин, Мирас Бірімжанов кикбоксингтен, Денис Колесников гір көтеруден, Мақсат Нүсіпов қазақ күресінен Еуропа, әлем чемпиондары атанды. Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында көп­теген игілікті істер қанат жая түскен. «Қа­зақстан – менің Отаным!» тақырыбында шаралар жиі өткізіліп тұрады. Курсанттарды оқуға қабыл­дау, адалдыққа ант беру рәсімдері, түрлі тәрбие сағаттары егемендіктің қадыр-қасиетін ұғын­дыру, елді, жерді қалтқысыз сүю, ұлттық құн­дылықтарды қадірлеу, мемлекеттік тілге деген құштарлықты ояту секілді патриоттық тәлім-тәрбиемен тығыз бай­ланысып жатады. Үлкен шеберлікті, ептілікті, күш-қуатты талап ететін әскери-тактикалық жаттығулар бүгінгі курсанттың, ертеңгі сар­дардың азаматтық тұлғасын қалып­тас­тырары анық. ________________________________ Арнайы бетті әзірлеген «Егемен Қазақстан»  газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы  меншікті тілшісі Өмір ЕСҚАЛИ.