• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2011

Елбасы қабылдады

271 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко­ны қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің баспасөз қызметі. Г.Марченко Мемлекет басшысын еліміздің қаржы саласының ағымдағы жағдайы, атап айтқанда, валюта рыногындағы жағдай туралы хабардар етті. – Валюта рыногындағы жағдай өте қалыпты. Ағымдағы жылдың қараша айында біз биржадан 100 млн. АҚШ долларын сатып алдық. Сондықтан бүгінгі күні Ұлттық қордың активі 43,5 млрд. АҚШ долларын, Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 32,5 млрд. АҚШ долларын құрайды. Еліміздің жиынтық алтын-валюта активі 76 млрд. АҚШ долларына жетіп отыр. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда өндірілетін барлық алтын Ұлттық банк арқылы сатып алынады. Төлем балансы бойынша жағдай өте жақсы. Үшінші тоқсанға арналған төлем балансының сальдосы жағымды болып табылады. Мен сондай-ақ Мемлекет басшысына банк саласындағы жағдай туралы баяндадым. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бері оң үрдіс байқалуда. Несиелеу көлемі арта бастады. Ағымдағы жылдың 10 айында несиелеу 11 пайызға артты. Бұл – өте оң жағымды кезең, – деді Ұлттық банк төрағасы.

*  *  *

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалинді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында қоғамдық дамудың, қазіргі заманғы әдеби үдерістердің өзекті мәселелері және Қазақстанды жаңғыртудағы зиялы қауымның рөлі талқыланды. Н.Оразалин Қазақстан Жазушылар одағының қызметі туралы айтып берді. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы мәдениет, ұлттық әдебиет пен өнерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. – Президент әрбір жазушыны және миллиондаған қазақстандық оқырмандар аудиториясын біздің басты игілігіміз – Тәуелсіз Қазақстанды қастерлеп сақтауға шақырды. Ұлттық әдебиет біздің қоғамның биік рухани адамгершілік құндылықтарын көркем сөзбен жеткізе біліп, осы қоғамдық міндетті іске асыра отырып, дамуы керек, – деді Н.Оразалин.