Аягөз ауданының Айғыз ауылында балуан, кезінде бұрынғы Шұбартау ауданы мен Семей облысының бірнеше дүркін жеңімпазы, жүлдегері болған Жеңіс Ибраимовтың жүлдесіне жасөспірімдер арасында қазақша күрестен турнир өтті.
Жарысқа аудандағы 2004, 2005, 2006, 2007, 2008 жылдары туған 200-ден астам бала қатысып, сайыс қорытындысында соның 56-сы жүлдегер атанды. Командалық есепте Аягөз қаласының балғын балуандары 1, Айғыз бен Мыңбұлақтың өрендері тиісінше 2-3 орындарды иеленді.
1945 жылы Аягөз ауданының Айғыз ауылында дүниеге келген Жеңіс Ибраимов Шұбартаудағы сайыстарды есептемегенде 1967 жылы Кеңес Одағының 50 жылдығына орай өткен облыстық чемпионатта, сол жылы Семей облыстық ІV жазғы спартакиадасында жеңімпаз атанады. 1968 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған жарыста 3 орынға ие болады. Қазақ күресімен кәсіби түрде шұғылданбаса да аз уақытта биік белестерді бағындырған балуан ауылда спорт нұсқаушысы, тағы басқа да қызметтерді атқарады. Күш иесінің көзін көрген замандастары Жеңіс Ибраимовты сағынышпен тебірене еске алады.
«1967 жылдан бастап Жеңіс екеуміз күреске бірге қатысып жүрдік. Осы жылы сәуірдің 3-5 аралығында Аягөз қаласында Семей облысы бойынша әр ауданнан екі жүздің үстінде балуандар жиналды. Аягөздің клубында үш күн бойы күрестік. Бұл – Жеңістің күреске алғаш барған кезі еді. Соның өзінде 5 адаммен күресіп, бесеуін де таза жеңді. Күрескен адамдарының бәрі бірінші разряд, спорт шеберлігінен үміткер дегендей мықты балуандар болды. Одан кейін Семейде өткен жарыста да бес балуанды тізе бүктірді.
Ұлы Абайдың 125 жылдығында Шыңғыстаудың жауырыны жерге тимеген атақты балуаны Дүрмекбаевты алып ұрғанда көзіне жас алып, кілемнен әрең түрегелгені есімізде. Жеңіс аты айтып тұрғандай үнемі жеңіске жетіп жүрді. Өзі туып-өскен Шұбартау ауданының түйебалуаны, чемпионы болды. Бет қаратқан жоқ. Семей облысы бойынша да Жеңістің алдына түсер балуандар аз еді. 1967 жылғы күрестен кейін Жеңісті күрес қоғамының бастығы Алматыға шақырды. «Алматы құрама қомандасына аламыз, кейін шет елдерге жарыстарға шығасың» деген екен. Алайда Жеңіс бара алмады. Сол кезде барғанда бұдан да биік белестерді бағындырар ма еді», - дейді балуанның ауылдас ағасы, кезінде бірге күрескен Нұрат Назарбеков ақсақал.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы,
Айғыз ауылы