Астананың Халықаралық әуежайы ауданында еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылы ішіндегі мәні мен маңызы жағынан үлкен оқиғалардың бірі болды. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына кіретін «Еурокоптер Қазақстан» бірлескен кәсіпорны екі бірдей ЕС 145 тікұшақтарын құрастырып шығарды. Бұл отандық мәшине жасау тарихындағы алғашқы қадам болып отыр.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Астана маңында өткен тікұшақтардың алғашқы буынын таныстыру рәсіміне Қорғаныс министрінің орынбасары Сергей Громов, «Қазақстан инжиниринг» ҰК президенті Болат Смағұлов пен «ЕАDS-Қазақстан» компаниясының басшысы Сильвер Делонэ қатысты. Осы жерде тікұшақтардың ұшуы және қонуы сынақтан өткізілді. Сөйтіп, біз тұңғыш рет Қазақстан тарихында өз елімізде құрастырылған екі тікұшақтың сынақтан өткеніне куә болдық. Бұрын мұндай шағын ұшақтарды біз көзбен көріп, қолмен ұстаған емеспіз. Енді міне, елімізде алғаш рет жасалған тікұшақтарды қолымызбен ұстап, ішіне кіріп, қызықтап көрдік. Бұл да біздің Тәуелсіздіктің арқасында деп білеміз. Тікұшақтарды таныстыру рәсімінде «ЕАDS-Қазақстан» компаниясының басшысы Сильвер Делонэ де еліміздің 20 жыл ішінде өз әуе мәшинелерін құрастырып жатқанына ризашылығын білдірді. «Бұл тікұшақтар Қазақстан экономикасының даму деңгейін көрсетеді, – деді С.Делонэ. – Қазіргі кезде Қазақстанның қарыштап дамуы арқасында сіздерге көптеген инвесторлар келіп, жұмыс істеуде. Бірлескен кәсіпорындардың өзі қаншама. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігін алған кезден бері ішкі және сыртқы саясаттағы, ел экономикасын дамытуда атқарған жұмысының нәтижесі деп білемін. Президент Назарбаевтың осындай салиқалы саясатының нәтижесінде Франция Қазақстанмен тікұшақтар құрылысы бойынша келісімдерге қол қойған болатын. Сол келісімдерді біз іс жүзіне асырып келеміз. Оған дәлел Астанада құрастырылған мына тікұшақтар». Сонымен бірге ол бұдан басқа тағы 4 тікұшақтың құрастырылғанын, олардың бәрі Төтенше жағдайлар министрлігі мен денсаулық сақтау саласына берілетінін атап өтті. Ал жалпы, француз маманының айтқанындай, болашақта тікұшақтар құрылысы саласын дамытуда екі ел арасында тағы бірнеше жоба іске асатын болады. Қазіргі кезде барлық күш-жігер Астана маңында ЕС 145 тікұшағын шығаратын зауыт пен Қазақстан мен Орталық Азия аймағының қажеті үшін ұшу және техникалық құралдар оқыту орталығын салуға бағытталып отыр. Бұл зауыттың құрылысын 2012 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарлануда. С.Делонэнің айтуынша, оның жоспарлы өнімі жылына 8-10 тікұшақ болмақ. Яғни, кем дегенде 8 тікұшақ жыл сайын құрастырылатын болады.
Ал алғашқы тікұшақтардың құрастырылуына келсек, олар Қорғаныс министрлігінің өнеркәсіптік ангарларында қазақстандық мамандардың күшімен іске асты. Олардың бәрі Германиядағы «Euro copter» кәсіпорындарында арнайы дайындықтан өткен көрінеді. «Қазақстан инжиниринг» ҰК президенті Болат Смағұловтың айтуынша, біз ЕС 145 тікұшағын құрастырудан көп пайда табатын боламыз. Бұл екі қозғалтқышты тікұшақ әлемдегі көп қызметті танымал модельдердің бірі болып табылады. Тікұшақтың бұл түрі жедел медициналық жәрдемге, құтқару қызметіне, полиция мен шекара қызметіне арналған. Желтоқсан айының бірінші онкүндігінде жаңа ЕС 145 тікұшақтары Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің паркін толықтыратын болады. Олар 9 орынға арналған. Оның салоны әмбебаптылығымен ерекшеленеді. Тікұшақ пайдалануға және қызмет көрсетуге өте жеңіл. Оның ұзындығы – 13,03 метр, биіктігі – 3,96 метр, салмағы – 3585 кг. болса, шектеулі жылдамдығы сағатына 278 км., ал ұшу ұзақтығы 4 сағат екен. Тікұшақ 5 мың метр биіктікке көтеріле алады.
Дастан КЕНЖАЛИН.
----------------------------------
Суретті түсірген Ермек САРБАСОВ.