Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.СҮЛЕЙМЕНМЕН әңгіме
– Ләззат Жаңылысқызы, ел назарындағы басты науқан – сайлау үдерістері қалай жүріп жатыр? – Сайлау науқаны басталғанына жарты айдан асты. Осы уақыт ішінде Орталық сайлау комиссиясы «Сайлау туралы» Заң талаптарына сәйкес атқарылуы тиіс барлық жұмыстар мен іс-шараларды өз уақытында және белсенді түрде жүргізіп келеді. Мемлекет басшысының Жарлығымен сайлау тағайындалған күннен бастап Орталық сайлау комиссиясы өз өкілеттігін жүзеге асыра отырып, мәслихаттар депутаттарының сайлауын да тағайындаған болатын. Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы және мәслихаттардың кезекті сайлауы 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленгенін Қазақстан жұртшылығы жақсы біледі. Екі сайлаудың да бір күнге тағайындалуы еліміз үшін қаржылық жағынан да, ұйымдастырушылық жағынан да аса тиімді. Сондықтан да екі сайлау қатар өткізіліп отыр. – Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының өзіне тән ерекшеліктері қандай? – Мәжіліс сайлауының да, мәслихаттар сайлауының да өзіндік ерекшелігі мен талаптары бар. Мысалы, Мәжіліс депутаттарын сайлауда тек саяси партиялар ғана кандидаттар ұсынатын болса, ал мәслихаттар депутаттарына республикалық, жергілікті қоғамдық бірлестіктермен қатар, жекелеген азаматтардың да өзін өзі ұсынуына құқығы бар. Қазіргі кезде елімізде тіркелген саяси партиялар съездерін өткізіп, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну үдерісін аяқтады. Орталық сайлау комиссиясына «Нұр Отан», «Ақ жол», Патриоттар партиясы, ЖСДП, Руханият, Әділет, Ауыл, Коммунистік халықтық партия партиялық тізімдерін ұсынды. Ал мәслихаттар сайлауына келсек, 5 желтоқсандағы мәліметтер бойынша 1161 азамат өз құқықтарын пайдалана отырып, мәслихаттар сайлауына түсуге өз өтініштерін берді. Қазіргі кезде елімізде сайлау науқаны қалыпты жағдайда өтіп жатыр. – Сайлаудың іс-шараларына қатысты өтініштер де түсіп жатқан шығар? – Сайлау саяси науқан болғандықтан, әрқилы қиын мәселелердің туындайтынын тәжірибеден көріп жүрміз. Жалпы алғанда, қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясына 12 өтініш келіп түсті. Олардың 8-і саяси партиялардан, 1-еуі мәслихаттан, 3-еуі бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардан түсіп отыр. Түскен өтініштердің 11-і сайлау туралы заңнаманы түсіндіруге байланысты. Оларға қажетті түсініктемелер дер шағында жолданды. Тағы бір өтініш Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан түскен еді. Бұл өтініш Орталық сайлау комиссиясының 2 желтоқсандағы отырысында қаралып, партияның өтініші қанағаттандырылды. Осы жерде тоқталып өтейін, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы учаскелік сайлау комиссиялары құрамына партиялардың кеңесші дауыс құқығы бар өкілдерін енгізу мерзімін ұзартуды сұраған еді. Комиссия өзінің отырысында ЖСДП-ның өтінішін қарап, нәтижесінде бұл мерзімді 15 желтоқсанға дейін ұзартты. Тек сайлау болатын күні ғана емес, кеңесші дауыспен қатысатын учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері сайлау науқаны басталғаннан бастап осы саяси кезеңнің барлық рәсімдеріне түгелдей қатысып, ондағы жұмыстарды бірлесе атқаруы тиіс. – Ал сайлаушылардың тізімдерін жасау да маңызды іс-шара. Осы бағыттағы үдерістер қалай жүргізілуде? – Бұл мәселеде Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тәжірибесі бар. Себебі, осы жылдың сәуірінде елімізде президенттік сайлау өтті. Онда сайлаушылардың сайлау учаскелері бойынша тізімдері қалыптастырылды. Дегенмен, еліміздің аумақтарында ішкі көші-қонның белсенді болуына байланысты бүгінде сайлаушылар тізімдері қайта тағы да пысықталып жатыр. Ондағы мақсат – кәмелеттік жасқа толған әрі Қазақстан азаматы болып табылатын тұрғындардың барлығын сайлаушылар тізіміне енгізу. Сол арқылы азаматтардың Конституциямен кепілдендірілген сайлау құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік беріледі. Ал сайлау күні тізімге енгізілген сайлаушылардың өз учаскелеріне келіп, дауыс бергендері жөн демекпін. Өйткені, бұл әрқайсымыздың азаматтық борышымыз болып табылады. – Сайлаушылар тізіміне енбей қалып, өкпе-реніш орын алатын жағдайлар да кездесетіні жасырын емес... – Еліміздің Конституциясы мен сайлау туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының жасы 18-ге толған азаматтары тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысуға құқылы. Әрбір сайлаушы өзінің осы құқығын іске асыру үшін аудандық, қалалық әкімдіктер сайлаушылар тізімін қалыптастырады. Бұл ретте әкімдіктердің лауазымды адамдары олардың дұрыстығы үшін жауапты болады. Сайлау тағайындалған күннен бастап азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдікке барып сайлаушы ретінде тіркеле алады. Ал 2011 жылғы 30 желтоқсаннан бастап әрбір сайлаушы сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді, сондай-ақ өзінің сайлаушылар тізімінде бар не жоқ екендігін білуіне толық құқылы. Жасыратыны жоқ, біздің сайлаушылардың көпшілігі осы мәселеге бей-жай қарайды. Соның салдарынан түсініспеушіліктер, дау-дамайлар туындап жатады. Оны болдырмаудың ең басты жолы – 30 желтоқсаннан бастап сайлаушылар өздерінің сайлау учаскелеріне барып, тізімдегі өздері туралы мәліметтерді тексеруі тиіс. Тегі, өз есімі және әкесінің аты, туған жылы, айы мен күні дұрыс жазылған ба, соның бәріне мән бергені жөн. Бұл, әрине, азаматтың белсенділігін талап ететін жәйт. – Тіркеуден өткен саяси партиялардың үгіт жұмыстары қай күннен басталады? – Жалпы, сайлау тағайындалғаннан кейін сайлау үдерістері кандидаттар ұсыну, тіркеу және сайлау өтетін күні кезеңдерінен тұрады. Қазіргі уақытта сайлаудың кандидаттар ұсыну кезеңі аяқталып, тіркеу кезеңі басталды. Ол 16 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал үгіт-насихат жұмыстары 16 желтоқсаннан бастап, келесі жылдың 13 қаңтары күнгі сағат 24.00-ге дейін жүргізіледі. – Әңгімеңізге рахмет.Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.