Бұл бастаманы қалалық ардагерлер кеңесі 2012 жылдан бастап қолға алды. Қазір 17 ардагердің суреті ілінді.
Орнатылатын бір билбордтың құны 1 айға 45 мың теңге. Тапсырыс берушілер қалалық ішкі саясат бөліміне хабарласып, қай жерге орналастыратыны туралы біле алады.
Өткен аптада І, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің және «Ерлігі үшін» медалінің иегері Бұхариден Сермұхамбетұлы 109 жасында өмірден озды. Көшеге ілінетін 17 билбордтың ішінде марқұм ардагердің де портреті бар. Бұл билбордтарды ілуге қалалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініпті.
Соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 150 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек беріледі. Ал, соғыс жылдарында қайтыс болған әскерилердің ата-анасына, Ленинград қоршауында болған қала тұрғындарына, фашизмнің концлагерьлерінде болған кәмелетке дейінгі тұтқындар мен гетто және басқа мәжбүрлі қамауда болғандарға, тыл еңбеккерлері, қайтыс болған мүгедектердің жесірлеріне 24 мың теңгеден беріледі. Облыста бұл күндері 100 соғыс ардагері бар болса, оның 71-і облыс орталығында тұрады.
Фарида Бықай, «Егемен Қазақстан»
Павлодар