• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Күрес 10 Мамыр, 2018

Олжа салар ұл болса...

831 рет
көрсетілді

Осыдан аз уақыт бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде («ЕҚ», № 79, 26.04.2018 ж.) еңсесін тіктей алмай жүрген отандық еркін күрес саласының проблемалары жайында мақала жарияланды. Біз бұл жолы сол тақырыпқа қайта оралып отырмыз. Бүгінгі әңгімеміз қандастарымыз жайында. Осы спорт түрін серік еткен қазақ балуандарының байрақты бәсекелердің биігінен сирек көрінуі барша жанкүйерлерді қынжылтады.

Әңгімемізді әріден бастайық. Өткенге зер салсақ, 1945-1992 жылдар аралығында КСРО чемпионатының жалауы 47 мәрте желбіреген екен. Сол аралықта Қазақстанның еркін күрес шеберлері 8 алтын, 10 күміс және 12 қола медальді иеленді. Барлығы – 30 жүлде. Өкінштісі, сол жүлделердің үштен бір бөлігі ғана өз қандастарымыздың еншісінде. Тарқатып айтсақ, КСРО чемпио­ны атану бақыты бар-жоғы үш қазаққа бұйырған екен. Олар – Аманкелді Ғабсаттаров (1962 жыл), Әбілсейіт Айханов (1963) және Аманжол Бұғыбаев (1973).

Әбілсейіт (1962) пен Аманжол (1972) ағаларымыз Одақ бірін­ші­лігінде тағы бір реттен күміс медальді мойындарында жар­қыратты. 1975 жылы Рамазан Нұрманов және 1979 жылы Мәлік Нәдірбеков дәл сол межеге жетті. Ал қола медальді иеленгендер қатарында Сейітжан Әбдікәрімов пен Аманжол Бұғыбаев (1966), Сайлау Мұқашев (1973), Рамазан Нұрманов (1974) және Мәулен Мамыров (1991) сынды санау­лы ғана саңлақтарымыз бар. Осы орайда, мына бір жайтты ескере кеткен жөн: 1963, 1975, 1979 және 1991 жылы КСРО чемпионатымен қоса КСРО халықтары Спартакиадасы қатар өткізілді. Сол кездері жеңіс тұғырына көтерілген балуандарға Спартакиаданың жүлдесі де бұйырды.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы жоғарыда аталған табыстарға 1962-1980 жылдар аралығында қол жеткізген екен. Ол кездері біздің команданы Қабден Байдосов пен Петр Матущак сынды өз кәсібінің нағыз білгірлері жаттықтырды. Жетпісінші жылдардың бел ортасында республика спортын басқарған азаматтармен тіл табыса алмай, екеуі де қызметінен кетті. Сол кезден бастап еркін күрес құлдырау кезеңін басынан кешірді. 1981-1991 жылдар аралығында Қазақстанның бірде-бір өрені КСРО чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Арада бақандай 10 жылдан аса уақыт өткенде ғана сол сәтсіздіктің сеңі бұзылды. 1991 жылы Запорожьеде ұйымдастырылған Одақ біріншілгі мен КСРО халықтары Спартакиадасында аса дарынды балуан Мәулен Мамыров жүлдегерлер санатынан көрініп, үзілген дәстүрді қайта жалғастырды. Алғашқы жарыс­та ол – қола, екіншісінде күміс медальді иеленді. Ал 1990 жылы Тбилисиде КСРО кубогын олжаласа, 1992 жылы Мәскеуде ТМД біріншілігінің күміс жүлдесін еншіледі.

Тәуелсіздік алғаннан кейін де «жағдайымыз керемет болды» деп айту қиын. Осы күнге дейін еркін күрестен Қазақстанның ұлттық құрамасы алты Олимпия ойындарына қатысқанымен, сол жарыстарда екі қандасымыздың ғана жүлдегерлер санатынан көрінуге қарым-қабілеті жетті. Олар – Мәулен Мамыров (1996) пен Ақжүрек Таңатаров (2012).

Жалпы Мәулен мен Ақжүректің арасында көп ұқсастық бар. Екеуі үшін де Олимп шыңына бастар жол оңай болған жоқ. Мәселен, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басындағы елдегі экономикалық жағдайдың өте қиын болғаны баршаға мәлім. Мәуленнің нағыз кемелденген шағы осы кезеңмен тұспа-тұс келді. Егер дер кезінде жанынан жанашыр ағалары табылмағанда, батыр ұлдың спорттық мансабы қалай болары, бір Аллаға аян?!

Ал Ақжүректің Лондон Олимпиадасына бару-бармауы соңғы күндерге дейін белгісіз болды. Кейбір мамандар 66 кило салмақта Леонид Спиридоновтың ел намысын қорғағанын қалады. Якутиядан келген жігіттің ығына жығылғандар қатары аз болған жоқ. Десек те соңғы сәтте сол кездегі ұлттық құраманың бас бапкері Алтай Танабаев өзінің кесімді сөзін айтып, қандасымызға сенім артты.

Олимпия ойындары барысында Мәулен де, Ақжүрек те төрешілер тарапынан теперіш көрді. Естеріңізде болар, 1996 жылы Атлантадағы доданың алғашқы айналымдарының бірінде Мамыровтың жолы даңқты Валентин Иордановпен қиысты. Белдесу барысында қазақтың құрған «қақпанына» түсіп, шарасыз күй кешкен Болгария балуаны төрешілер көмегінің арқасында ғана бәсекені жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Қазылардың сол өрескел қателігі салдарынан Мәулен қолда тұрған жеңісті уысынан шығарып алды. Десек те қола медаль үшін таласта қазақ балуаны жасындай жарқырап, көздеген мақсатына қол жеткізді.

Ақжүрек 2012 жылғы Олимпиаданың жартылай финалында Сушил Құмармен кездесті. Алғашқы екі кезеңде таразы басы тең түсіп, шешуші тұста Ақжүрек алға шықты. Қазаққа әлі жетпейтінін сезген Үндістанның өкілі арамза ойын жүзеге асыруға бекінді. Бір мезетте Құмар Таңатаровтың құлағын тістеп алды. Ол аз десеңіз, көзін шұқыды. Соның барлығы төрешінің көз алдында жүзеге асты. Алайда ол жұмған аузын ашпады. Қансыраған қандасымыз жеңіліп тынды. Сұмырай Сушил финалға жолдама алса, Ақжүрек қола медаль үшін таласты. Бұл ретте табандылық танытқан Таңатаров Түркияның әйгілі балуаны, Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы, әлем және Еуропа чемпионы Рамазан Шахинді ойсырата ұтты. Міне, еркін күресте Олимпия ойындарының қазаққа бұйырған қос қола медалінің тағдыры осындай.

Әлем чемпионатында қазақ балуандары бар-жоғы 5 рет олжаға кенелді. Сол жүлделердің барлығы да қола. Оның иегерлері – Мәулен Мамыров (1997), Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев (2011), Нұрлан Бекжанов (2016) және Ақжүрек Таңатаров (2017).

Ал Азия чемпионатында есім­дері төменде аталған балуан­дар жеңіс тұғырына көтерілді:

Алтын – Мәулен Мамыров (1999), Нұржан Қатаев (2006), Дәурен Жұмағазиев (2011), Расул Қалиев (2014), Дәулет Ниязбеков (2015, 2016, 2018) және Ақжүрек Таңатаров (2017).

Күміс – Нұржан Қатаев (2005, 2010), Әсет Серікбаев (2007), Қанат Бердыев (2011), Мақсат Дауылбаев (2012), Нұрлан Бекжанов (2016), Жігер Зәкіров (2016), Дәулет Шабанбай (2016), Азамат Дәулетбеков (2017) және Әділет Дауланбаев (2018).

Қола – Нұржан Қатаев (2003, 2007), Бауыржан Оразғалиев (2006), Ермек Байдуашев (2007), Дәулет Шабанбай (2008, 2009, 2011, 2014), Дәурен Жұмағазиев (2010), Ержан Дүйсенбеков (2012), Расул Қалиев (2013), Дәулет Ниязбеков (2013, 2014, 2017), Бақдәулет Әлментай (2016), Жандос Исмаилов (2018), Азамат Дәулетбеков (2018), Мейіржан Әшіров (2018) және Данияр Қайсанов (2018).

Төрт жылда бір өтетін сары құрлықтың басты додасы – Азия ойындарында қандастарымыз небары 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальды олжалады. Жалғыз бас жүлде алтын асықтай Мәулен Мамыровтың еншісінде. 1994 жылы Хиросимада қарсылас шыдатпаған Мәулен 1998 жылы Бангкокта қолаға қол созды. 2010 жылы Гуанжоуда Дәурен Жұмағазиев пен Ермек Байдуашев үшінші орынға табан тіресе, 2014 жылы Инчхонда Есболат Нұржұмбаев пен Дәулет Шабанбай екінші сатыға жайғасты.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»