Сұрапыл соғысқа Атырау аймағынан 43 мыңға жуық адам аттанған. 15 364-і сол күйі оралмады. Майдангерлер тұтынған бұйымдар, фотосуреттер мен құжаттар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.
Музейдегі «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» экспозициялық залы Жеңістің 65 жылдығында жасақталған. Онда Брест қамалы, Мәскеу, Сталинград, Ленинградты қорғауға қатысқан атыраулықтар, соғыс кезіндегі Атырау (Гурьев) эвакогоспитальдары мен жаяу әскер училищесі, атыраулық Кеңес Одағының Батырлары, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова, «Даңқ» орденінің толық иегерлері, соғыс ардагерлеріне арналған жәдігерлер бар. Әр сөреде соғыс жылдары әскерлердің ерліктері жайлы құжаттар қойылған.
1941 жылдың 1 шілдесінен бастап қаладағы 16 мен 50 жастың арасындағы ер адамдарды жаппай жауынгерлік қимылға үйрету басталып, 12 тамызға дейін әскери дайындық курсына 25 668 адам тартылған, олардың арасында 577 кіші медбикелер, телеграфистер, радистер және санинструкторлар болды. Соғыстың алғашқы екі жылында Атырауда 2789 атқыш, 1156 санитарлық дружина, 127 танк истребитель, 356 пулеметші, 156 медсестра, 40 радист да- йындалды. Музей қорындағы Владимир Ладейщиковтың кітабында Сталинград қаласын қорғау – соғыстың ең ауыр да шешуші кезеңі болғаны жайлы айтылады. Сталинград қаласын азат етуге Атырау кіші командирлер дайындайтын әскери оқу орындарынан 13 мың жауынгер оқытылды. «Жау жауынгерлері Атыраудан 150-160 шақырымдай жерде тұрған. Гитлер Сталинградты алумен бірге мұнайға бай өлке Атырауды да алуды жоспарлады. Осыны сезген Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті 1942 жылдың тамыз айында құпия жарлық шығарып, Атырау өңірін соғыс жағдайында деп жариялады. Сол жылдың қыркүйек айынан бастап Атырау қаласы толықтай қараңғыланып, түнде көшелерде, үйлердің терезелерінен жарық көрсетуге тыйым салынды. Экспозициялық залда бір сөре осы шайқас туралы құжаттарға толы», – дейді музей директорының орынбасары Сая Ғазимова.
Ел басына күн туған сұрапыл кезеңде соғысқа қатысып, ерен ерлігімен ерекшеленген Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова, 10 Кеңес Одағының батыры мен «Даңқ» орденінің толық иегер- лерінің өмір өткелдері, өшпес іздері туралы әр кезеңде жазылған зерттеу еңбектері, әдеби шығармалар, естеліктер мен жәдігерлер сыр шертеді.
Отан үшін от кешкен батырлардың есімдерін өскелең ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында жасалған залға келушілер көп қызығушылық танытады. Музейде халық қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы түсірілген «Жеңіс тарихы» фильмі мамыр айы бойы көрсетіледі. Бұл да батырларға деген құрмет, өйткені ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ