Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары – 1942-1943 жылдары Сталинград майданының жақын тылы саналған, бірнеше рет неміс-фашист ұшақтары бомба тастап, нағыз соғыс түтінін иіскеген еліміздегі бірден-бір өңір.
Сондықтан да Оралда Жеңіс күніне арналған салтанатты шаралар жыл сайын ерекше өтеді. Биыл да батыр қыздар – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспанованың ескерткіші орнатылған алаңға гүл шоғын қоюмен басталған шаралар күні бойы жалғасты.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Жеңіс алаңында, Мәңгілік алау басында сөйлеген сөзінде осы өңірден майданға аттанған 80 мыңға жуық жауынгерден күні бүгін көзі тірі 108 ардагер қалғанын айтып өтті. Елімізде майдангерлерге барлық құрмет жасалып жатыр. Бұл күні Батыс Қазақстан облысында да ардагерлерге ерекше назар аударылып, сый-құрмет көрсетіліп, бүгінгі бейбіт күн мен тәуелсіздік үшін рахмет айтылды.
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры бұл күнді «Мәншүк» қойылымының премьерасымен атап өтті. Батысқазақстандықтардың биыл Астананың 20 жылдық тойына тартуы да Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметованың еңселі ескерткіші болғалы тұр.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан