Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығына арналған баспасөз маслихаты өтті.
Іс-шараға Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова, «Qazcontent» АҚ төрағасы Евгений Кочетов және «Qazcontent» АҚ «Қазақстан тариxы», «Әдебиет» порталдарының Бас редакторы Олжас Беркінбаев қатысты.
Жиын барысында Нұргүл Мауберлинова өтініштерді қабылдау ережесі мен байқауға келіп түскен шығармашылық жұмыстар қалай іріктелетінін айтты. Осы жылы байқау 12 номинация бойынша өтеді және тағы бір экперименттік номинация қосылып отыр.
«Номинациялар туралы көп ойландық. Ең үздік блогрелер мен вайнерлерді сондай-ақ ең танымал паблик пен жыл хайпын анықтасақ деген ой бар. Әділ болсын деген ниетпен оқырмандар өздері таңдасын деген шешімге келдік. Сол себепті қосымша қандай номинация болатынын дауыс беру арқылы анықтамақпыз. Мұның ешқандай қиындығы жоқ, тек urker.el.kz сайтына кіріп, қай номинацияны қолдайтыныңызды дауыс беру арқылы таңдай аласыз», деді Евгений Кочетов.
«Үркер» байқауына қатысу үшін el.kz. сайтына төмендегі номинациялар бойынша өтініштер жібере аласыздар: 1) үздік фотосурет; 2) үздік репортаж; 3) үздік сараптамалық материал; 4) үздік журналистік зерттеу; 5) үздік сұхбат; 6) Қазақстан туралы үздік танымдық материал; 7) үздік халықаралық талдамалы материал; 8) үздік өңірлік радиостанса; 9) үздік өңірлік мерзімді басылым; 10) үздік Қазақстандық радиостанция; 11) үздік интернет-басылым; 12) үздік республикалық мерзімді басылым
Қазылар алқасы құрамына танымал қоғам қайраткерлері мен шығармашылық интеллигенция өкілдері, журналистика саласының майталман мамандары кіреді. Байқаудың лауреаты атанған журналистерге естелік мүсін мен қаржылай жүлделер табысталады. Әрбір жеңімпаз 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен дәстүрлі естелік мүсінге ие болады.
Баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығы былтыр алғаш рет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен өткен болатын. Ұлттық сыйлықты ұйымдастырушы – «Qazcontent» АҚ.
Ұлттық премия баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы үздік жетістігі үшін беріледі, бұл марапат өңірлерде мультимедиалық журналистиканы дамытуға, журналистердің беделін арттыруға, журналистиканы насихаттан ерекшелейтін кәсіби стандарттар мен талаптарды бекітуге, сондай-ақ қоғамның азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған.
Сыйлықтың негізгі мақсаты – талантты журналистер мен үздік шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестерін саралау және шығармашылық адамдарының елеулі еңбегіне қоғам назарын аудару.
Байқауға шығармашылық жұмыстары 2017 жылы жарияланған баспасөз редакциялары мен интернет-БАҚ өкілдері сондай-ақ радиостанциялардың журналистері қатыса алады.