Облыс орталығындағы тұңғыш әрі жалғыз ұлттық тәрбие орталығы саналатын “Салтанат” балабақшасы осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын бой көтерген болатын. Содан бері оның қабырғасынан жеті жүздей балдырған қанаттанып ұшып, қазақ мектебінің табалдырығын аттады. Олардың алды екі мүшел жастан асып отыр.
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында аталып өткен салтанатты жиында Петропавл қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов балабақшаны жөндеуге 10 миллион теңге демеуқаржы берілгенін айта келіп, компьютер сыныбын сыйлады. Бір топ тәлімгерге алғыс хат табыс етті. Тағы екі балабақша пайдалануға берілетінін жеткізді.
Осында тәрбие алып, қазір қазақ гимназиясында оқып жүрген Екатерина Жукова тамылжыта ән салып берді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.