Кеше прокуратура органдары құрылуының 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып, оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми, Президент Әкімшілігінің өкілдері, орталық мемлекеттік органдар жетекшілері, прокуратура органдарының ардагерлері және шетелдік қонақтар қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Марат Тәжин Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. «Осы жылдар ішінде сіздердің ведомстволарыңыз еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің берік те сенімді тірегіне айналды. Прокуратура қызметкерлері қоғам мен мемлекеттің мүддесін сақтауды қорғауда және еліміздің құқықтық тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзінің жауапты міндетін абыроймен жүзеге асыруда», деп көрсетілген құттықтауда.
Содан кейін жиналғандар алдында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми, Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров, Әділет министрі Рашид Түсіпбеков сөз сөйледі.
«Заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, қылмыспен күресте, билік органдарының қызметін қадағалауда негізгі рөлді прокуратура атқарады», – деді Қ.Мәми.
Тұрақты дамудағы және өзгеріп отырған әлеуметтік талаптарға жауап бере алатын сот және құқық қорғау жүйесі мемлекеттің жоғары жетістіктерінің кепілі екенін атап өте келіп, Қ.Мәми прокурорлық қадағалауда құқықтық жағдайларды жетілдіру, прокуратура қызметін заңнамамен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.
«Прокурорлардың іс-қимылына заңнамалық тұрғыда кепілдіктер күшейтілді, алдын алу және ескерту жасаудың құқықтық құралдары кеңейе түсті. Прокуратура органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды нығайтуға барлық жағдай жасалды», – деп атап өтті Қ.Мәми.
Қадағалау органдарының құқық қорғау бағытын атап өте келіп, Төраға мамандардың кәсіби біліктілігі, жедел шешім қабылдау, талапшылдық және табандылық деңгейіне байланысты адамдардың заңға сенімі, өмірдің барлық саласындағы құқықтық мәдениеті қалыптасатынын айтты.
Салтанатты іс-шараға қатысуға келген Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Украина, Тергеу комитеті, ТМД Бас прокурорлары, Үйлестіру кеңесінің хатшылығы делегацияларының өкілдері қазақстандық әріптестеріне арнап тілек айтты. Бас Прокурор Асхат Дауылбаев орталық мемлекеттік органдар жетекшілеріне, прокуратура органдары ардагерлері мен қызметкерлеріне, шетелдік қонақтарға прокуратура органдарының 20 жылдығын мерекелеуге арнап шығарылған мерейтойлық медальдарды табыс етті.
«Егемен-ақпарат».