Оңтүстік өңірлерде географиялық орналасу ерекшеліктеріне қарай мелиорациялау мәселесі өзекті. Осыған байланысты Шымкентте Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің төрағалығымен Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының өкілдері қатысқан жиын өтті.
Оңтүстік Қазақстан облысында судың жеткілікті мөлшерде болмауына, жер асты сулары деңгейінің жоғарылығына және топырақтың тұздануына байланысты пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлері баршылық. Суармалы жерлердің тұздануы жер асты суларының күрделі ағыны мен осы аумақтардағы жеткіліксіз дренаждық аудандарда кездеседі. Мысалы, Отырар аграрлы аудан болғанымен, ондағы топырақтың сорлануы, ауа райының қолайсыздығы шаруалар үшін өте өзекті мәселе. Осының алдын алу үшін бүгінде аудан әкімдігі Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия институты ғалымдарымен бірлесіп, егін егу жұмыстарын қолға алған. Тәжірибенің тиімді екені анықталғандықтан аудандағы 3 мың гектар жерге топырақты зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, министрлік 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасында ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары және тұрақты өнім алу үшін жер және су ресурстарын тиімді пайдалануды жетілдіру мақсатында гидрология, топырақ және агроклиматтық жағдайларын жақсарту, ұйымдастыру, экономикалық және техникалық іс-шаралар кешенін ұсынған. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану үшін тамшылатып суару жүйесін енгізу бойынша бағдарлама әзірленіп, су жетіспейтін және күрделі өңірлік жерлерде енгізілуде. Елбасы тапсырмасы бойынша алдағы 5 жылда суландыру жүйесін қалпына келтіріп, 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу қажет. Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында жерді пайдалану тиімділігін арттыру, суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажеттігі айтылған болатын. Шымкенттегі басқосуда осы тапсырмаларды орындау аясында мелиорациялық жүйелерді дамыту перспективалары талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы И.Әбішевтің мәлімдеуінше, суармалы жерлерді пайдалануға 2019-2028 жылдары бюджеттен 3 трлн 989 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда. «Дегенмен суармалы жер көлемін екі есе ұлғайтудың арқасында жалпы өнім көлемі 2028 жылы 5 трлн 6684 млрд теңге болмақ. Яғни суармалы жердің көлемін ұлғайту елімізге тиімді болып отыр», дейді И.Әбішев.
Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы 570,4 мың гектар суармалы жердің 498,2 мың гектары пайдаланылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 522,4 млрд теңгені құрады. Жиында облыс әкімі Ж.Түймебаев аймақтағы суармалы жерлер көлемі ұлғайтылып, жаңа бағыттағы жобалар бойынша дамытылып жатқандығын жеткізді. Озық технологияларды қолдануда облыс республикада көш бастап тұр. Дегенмен суармалы жерлерге қатысты шешімін күткен өзекті мәселелер де бар. «Ауыл шаруашылығы саласында 1 млн 400 мың гектар суармалы жер бар. Суармалы жердің көлемін екі есе ұлғайту жоспарланып отыр. Енді көптен бері айтылып бірақ істелмей келе жатқан жұмыстарға кірісетін кез келді. Субсидия, төмен пайызды несие, инвесторларды тарту біздің басты міндетіміз. Шаруалардың жұмысын жеңілдету үшін жағдай жасаймыз. Дегенмен жерлерді тиімді пайдалану шарулардың мойнында. Сондықтан олар да нақты жұмысқа көшуге тиіс. Мақтаарал ауданындағы жекеменшік каналдар жұмыстарын дұрыс атқара алмауда. Төрт жыл болды мәселе шешімін таппай келеді. Біз каналдарға бюджеттен қаржы бөлгелі жатырмыз. Егер мәселе шешілмесе қаржы бөле алмаймыз, яғни жұмыс тағы тоқтап қалатын болады», деді Ө.Шөкеев. Бұл мәселеге қатысты пікірін білдірген Мақтаарал ауданының әкімі Ж.Бейсенбаев бес каналдың бүгінде төртеуі мемлекет меншігіне қайтарылғанын жеткізді. Ал «жиырмасыншы» деп аталатын каналға қатысты іс қазір Жоғарғы сотта қаралып жатыр екен.
Жиын барысында жергілікті шаруа қожалықтарының ұсыныстары да тыңдалды. Шаруалар маусымда түрлі тыңайтқыштардың бағасын бақылауға алу керектігін және озық технологияларға сай алынатын жабдықтарға берілетін мемлекеттік қолдауларға өзгерістер енгізуі қажеттігін, сондай-ақ суармалы жерлерге судың керекті мөлшерде келуін қамтамасыз етілуін сұрады. Шаруалардың сауалдарына жауап берген Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы ұсыныстар министрлік тарапынан шешімін табатынын жеткізді.
Жиында шегіртке зиянкестерімен күресу бойынша химиялық іс-шаралардың орындалуы да талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрайымы А.Елемесқызының мәлімдеуінше, шегірткеге және олардың таралуына мониторинг жүргізуді нақты бақылау үшін GPS трэкерлер мен GPS навигаторлар қолданылады. Олар республика аумағының фитосанитарлық жағдайын, оның ішінде өңірлердегі шегірткелер бойынша нақты көрінісін білдіретін болады. Агроөнеркәсіпті цифрландыру шеңберінде аса қауіпті зиянды ағзалардың, оның ішінде шегірткелердің таралу ошақтарының электронды картасы құрылады және картаға түсіру жұмыстары жүргізілетін болады. Аса қауіпті зиянды организмдерге және карантинді организмдерге қарсы қорғау іс-шараларына республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінді. Республика бойынша барлығы 540 бірлік бүріккіш техника жұмылдыру жоспарлануда. Үйірлі шегірткеге қарсы жұмыстар оңтүстік өңірлерде 2018 жылдың 10 сәуірінен басталған. Оңтүстік Қазақстан облысында марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары бойынша жоспарланған аумақтың үштен бір бөлігі өңделген. Өңірде биыл үйірлі шегірткелерге қарсы зерттеу жұмыстары 1 млн 573 мың гектар аумаққа жүргізілсе, химиялық өңдеу іс-шаралары 350 мың гектарға жасалған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»