Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның штабы өз жұмысын бастады. Бұл жөнінде республикалық қоғамдық комиссияның мүшелері осы мәселеге арналған баспасөз мәслихатында хабарлады.
Сонымен, аталған комиссияның құрамына он адам енгізілді. Олардың арасында ҚР ҰҒА академигі, белгілі ғалым Төрегелді Шарманов, «АйтПАРК» қоғамдық-саяси клубының құрушысы және модераторы Нұрлан Ерімбетов, саясаткер Айдос Сарым, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянко, белгілі заңгер Тагир Сисембаев, Қазақстан саясаткерлері ассоциациясының жетекшісі Есенжол Алияров, «Бас редакторлар клубының» президенті Болат Ережепов және басқалар бар.
«АйтПАРК» қоғамдық-саяси клубының жетекшісі Нұрлан Ерімбетовтің пікірінше, «қоғамдық комиссияның басты мақсаты жаңа саяси мәдениетті, жаңа саяси дәстүрлерді қалыптастыру, ал мұның өзі Қазақстандағы сайлаудың әрдайым әділ, таза және ашық өтуіне ықпал етпек».
«Президенттік сайлауды өткізу кезінде біршама тәжірибе жинақталды. Қазір де бірқатар саяси партиялардың көшбасшыларымен әңгімелер өткізіп, оларды қандай мәселелер толғандыратыны және қынжылтатындығы туралы да әңгіме қозғадық. Қалай болғанда да кезектен тыс өтетін сайлаудың көпшілік сайлаушылар күткендегідей талап деңгейінде болуының маңызы зор», деді ол.
Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия штабы мүшелерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында сөз алған Б.Ережепов өз кезегінде клуб мүшелерінің атқарған бірқатар ауқымды істеріне тоқталды. Бұл, ең алдымен, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың сайлауларына қатысты Хартияның қабылдануына тікелей байланысты. Көпшіліктің есінде болса, мұндай Хартия 2007 жылғы Парламент Мәжілісінің сайлауы үдерісі кезінде де қабылданған еді. Ол кезде бұл құжатқа бұқаралық ақпарат құралдарының 65 жетекшісі қол қойған болатын. Қазірде осы клубта 200-ге жуық БАҚ басшылары бар және де олар қол қойған бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді түрде қолдайтындығына үлкен сенім білдіреді.
Б.Ережеповтің пайымынша, ел өміріндегі елеулі оқиғалар – сайлаулар мен өзге де маңызды саяси науқандарға қатысу барлық журналистердің қоғамдық міндеті екендігі сөзсіз. «Біздердің бұл комиссияға бірігуіміздің өзіндік себептері де жеткілікті, өйткені, комиссия биылғы жылғы президенттік сайлауда да жұмыс істеді. Атқарылған істер және оны өткізу табысқа қол жеткізгендігі көңілге қуаныш ұялатады. Мәселен, ЕҚЫҰ байқаушылары өздерінің есептерінде бұл комиссияның жұмысын ойдағыдай бағалады. Бір құптарлығы, БАҚ туралы бөлімге өздерінің есептерінде олардың ешқандай сын-ескертулер енгізбеуі көп нәрседен хабар берсе керек. Ал, бұдан шығатын қорытынды – Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары сайлау туралы нақты және ақиқатты түрде әрі ашық жазатындығы іс жүзінде дәлелденіп отыр», деді Б.Ережепов өз сөзінде.
Қазіргі таңда республика бойынша 10 мың сайлау учаскесі бар, мұның өзі әрбір партияға осындай көлемде бақылаушылар қажет екендігін айқындайды. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың есептеуінше, бүгінде тіркеуге арналған 40 мың қолды жинастырудың қажеттілігі зор. Соның нәтижесінде алдағы парламенттік сайлау партия мүшелерінің жұмыс істеу қабілеттілігін сынға салмақ.
Сөз реті келгенде атап айтарлығы, қоғамдық комиссия жұмысында бірқатар жаңалықтар да бар. Комиссия әлеуметтік ұйымдармен әріптестік жөнінде келісімге келген. Мұндай әріптестік, ең алдымен, сайлау кезінде әлеуметтік зерттеу өткізу үшін өте қажет. Сөйтіп, республикалық қоғамдық комиссияның штабы Орталық сайлау комиссиясы мен сайлауға қатысушылар арасындағы тиімді байланыстың негізгі буыны болып табылмақ.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.