Кеше Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен марапатталған еліміздің бір топ мемлекет қайраткерлеріне, Алматы қаласының құрметті азаматтарына, мәдениет және өнер өкілдеріне «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
– Осыдан жиырма жыл бұрын біздің қаламызда Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланып, еліміздің тұңғыш Президентін ұлықтаған инаугурация өтіп, заңдар, халықаралық құжаттар, келісімдер қабылданғаны баршаға мәлім, – деді жиынды ашқан қалабасы Ахметжан Смағұлұлы. – Елбасымыз қашанда Алматыны «Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі» деп әспеттеп, құрметтейді. Оның үстіне, бүгінде Алматының еліміз өміріндегі қай салада болсын орны ерекше. Сондықтан Елбасымыз кеңес дәуірі кезінде елеулі еңбек жасаған үлкен ағаларымыздан бастап, өздеріне тиесілі қызметтерін абыроймен атқарып жатқан кейінгі буын өкілдерін мерекелік медальмен марапаттап отыр.
Оған ие болғандар арасында Шота Уәлиханов, Эрик Гукасов, Асқар Құлыбаев, Бибігүл Төлегенова, Кеңес Аухадиев, Шәкен Ниязбеков, Нұрлан Оразалин, Еренғайып Шайхутдинов, Шәмша Беркімбаева, Жансая Сәбитова, Гүлнар Ықсанова, Марфуға Айтқожина, Әлібек Дінішев, Мұратбай Өкшебаев, тағы басқалары бар.
– Қазақстан осы жиырма жылдың ішінде барлық көрсеткіштер бойынша адам танымастай өзгерді, – деді мерекелік медальға ие болғандар атынан сөз алған қоғам және мемлекет қайраткері, Алматы қаласының құрметті азаматы Сұлтан Жиенбаев. – Оған бүкіл әлем таңғалып отыр. Өйткені, осы уақыт аралығында Қазақстанның экономикасы он екі есеге артқан. Меніңше, мұндай көрсеткішке осыншама аз уақыттың ішінде ешқандай ел қол жеткізе алған жоқ.
Сондай-ақ, осы жиында өз ойын білдірген еңбек ардагері Кеңес Аухадиев бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік жылдары өмір сүріп отырғанымыздың өзі үлкен бақыт екенін тілге тиек ете келіп: «Мен екі жағдайды айтқым келеді. Оның бірі өлара кезде Нұрекең тәуелсіздік тізгінін қолына алып, елді қиыншылықтан алып шықты. Екіншісі, сол қиын уақытта астанамызды Ақмолаға көшіреміз деп ұсыныс жасап, шешім қабылдау батырлық деп айтуға болады. Ал енді бүгін қарайықшы, Астанамыз төрткүл дүниеге белгілі ерекше, бүгінгі заманға сай қала. Ал Алматымыз гүл қалаға айналып отыр. Бір метроның өзі неге тұрады. Бұдан біздің болашағымыздың жарқын болатынына еш күмән келтіре алмаймыз», деді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.