• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2011

Үздік тауарлар көрмесі

333 рет
көрсетілді

Кеше Астанада «Көрме» орталығында «Қазақстанның үздік тауары-2011» республикалық көрме-конкурсының ашылу салтанаты өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. 2001 жылы белгіленген «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы өз өнімінің сапасын дамытуда үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, сапа менеджменті жүйелерін ойдағыдай енгізген отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатын­да құрылған. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау жылында үздік тауарлар көрмесі республика өнеркәсібі жетістіктерін паш етуде. Атал­ған көрме-конкурсқа байқаудың өңірлік кезең­де­рінен өтіп жеңімпаз атанған 150- ден астам ең мықты деген қазақстандық тауар өндірушілер қатысып отыр. Олардың қатарында ұлттық саз аспаптарын жасауда үздік нәтиже көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген алматылық «Шертер» ЖШС да бар. Серіктестік директоры Бақытжан Ділманов тапсырыс бой­ынша да және бөлшек саудаға да өз шеберлерімен домбырадан саз сырнайға дейін аспаптар жасап, оны еліміздің бірнеше аймақтарына шы­ғарып жатқандықтарын айтады. Сонымен бірге ол алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастар тілегін қанағаттандыратындықтарын да назардан тыс қалдырмады. Ал Шығыс Қазақстан облысынан көрмеге арнайы ат арылтып келген ет, шұжық өнімдерімен аты шыққан «Швабские колбаски» серіктестігінің өнімдері қараған жан­ды тамсантпай қоймайтындай. Кәсіп­ор­ын­ның семейлік өкілдігінің директоры Гүлсара Көп­­бае­ва өнімдерімен Алматы, Талдықорған, Семей, Өскемен өңірлерін қамтамасыз етіп отыр­ған­дықтарын айта келе, байқау-көрмеден күтер үміт­терінің мол екендіктерін жеткізді. Конкурс комиссиясы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» сынды үш номинацияда жеңімпаздарды анықтамақ. Бай­қау жеңімпаздары «Алтын сапа» мен «Парыз» сый­лықтарының лауреаттарымен бірге 9 жел­тоқ­сан­да өтетін Индустрияландыру күні марапатталмақ. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.