Кеше Қаржы министрлігінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Қазақстан қаржы жүйесінің ардагерлері мен үздік қаржыгерлері марапатталған салтанатты шара өтті. Оларды Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко және басқалар құттықтады.
Мерекелік марапаттаулар «Тәуелсіздіктің 20 шыңы – 20 жұлдызды күн» күнтізбесіндегі «Алтын теңге» күніне орайлас өтті. Бұл күні 150-ден астам қаржыгерлер, оның ішінде 70 үздік қызметкер «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін кеуделеріне тақты. Сондай-ақ осы күні барлық облыс орталықтарында 800-ден астам қаржы қызметкерлеріне сый-сыяпат ұсынылды. Алдымен Қаржы министрі Болат Жәмішев ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қазақстан қаржы жүйесінің ардагерлерін құттықтады. Бүгінде әрқайсымыз ел экономикасының өркендеуіне куә болып отырмыз. Қазақстан экономикасының қазіргі дамуы сатысында қаржы секторы жаңа сапалы деңгейге көшті. Еліміздің қаржы жүйесі ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда ең үдемелі жүйе ретінде танылды. Мұны халықаралық жетекші сарапшылар да растап отыр. Тәуелсіздік жылдары осы жетістіктерге борыштарын абыроймен атқарған және қаржыгерлердің кейінгі буынына өз білімдерін берген біздің ардагерлеріміз негізгі үлес қосты, деді Б. Жәмішев. Министр ардагерлерге және Қаржы министрлігінің елеулі еңбек еткен қызметкерлеріне елімізде тұңғыш рет тағайындалып отырған «Қаржы қызметінің үздігі» атты ведомстволық наградаларды табыс етті.
Ал Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің еліміздің қаржы жүйесінің екі қанаты секілді ұзақ жылдар бойы бірге табысты жұмыс жасап келе жатқандығын атап өтті. Ұлттық банкте қызмет еткен кадрларымыз кейінірек Қаржы министрлігінде, болмаса Қаржы министрлігі мамандары біздің салаға ауысып та абыройлы жұмыс атқарып келеді. Ұлттық банк басқаратын өзге де есепшоттарды есепке ала отырып, Қаржы министрлігінің біздің құрметті, қадірлі клиентіміз екенін еске салғым келеді. 15 қарашада Қаржыгерлер күні өтті, теңгемізге 18 жыл толды. Осы шаралардың басы-қасында жүргендіктен, мен үшін де орны ерекше. Осындай мерейлі күні сіздерді Ұлттық банк ұжымы атынан Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен, өткен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, деп аяқтады өз сөзін.
Қаржыгерлерді марапаттаудан соң Ұлттық банк төрағасы журналистерге сұхбат берді. Қазақстан 2011 жылды жақсы қорытындымен аяқтап отыр. Экспортталатын шикізат құны жоғары, ал бюджет кірісі шығыстардан асып түсті, деп бастады сөзін төраға. – Ең басты жетістігіміз – Қазақстан қаржы жүйесінің қалыптасып, осы уақыт ішінде дамып отырғандығы болып отыр. Көпшілік 1991-1992 жылдардағы жағдайды ұмытып үлгерді. Ол кезде шынында да Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, аяғынан тұрып кетеді дегенге кейбіреулер сене қоймады. Ал бізде озық деңгейлі қаржы жүйесі болады дегенді ешкім ауызға да алмады. 1994 жылдары өткен баспасөз мәслихаттарында менің инфляция деңгейі жылына 10 пайыз болады дегеніме бетіме тура күлгендер болды, құнды қағаздар рыногы қандай болатындығын айтқанымда одан да қатты күлкіге қалдым. Кәсіпорындарды орталықтандырылған несиелеуге жүгінбейтін несиелеу жүйесіне де ешкім сенбеді. Қазір тәуелсіз ел болдық, банк секторы мен зейнетақы жүйесінен, сақтандыру секторынан, лизингтік сегменттен және құнды қағаздар рыногынан тұратын қаржы жүйеміз бар. Егер 18-20 жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, жетістіктеріміз көп екендігін байқаймыз. Қазақстанда алғашқы кезде 200-ге тарта банк болды, бірақ олардың барлығын қосқандағы активі 1 млрд. долларға ғана жетті. Қазір бізде 39 банк бар, олардың барлық активтерін санасақ, 80 млрд. долларға жетеді. Мені 1999 жылы Ұлттық банкке басшылыққа тағайындаған кезде алтын-валютаның жиынтық активі бар-жоғы 1 млрд. доллар болса, қазір 7,6 млрд.долларды құрайды. Бұл сандардан көп мәлімет түсінуге болады, деді ол.
Ал келесі жыл қаржы секторы үшін қандай болмақ деген сұраққа Ұлттық банк басшысы барлық жағдайдың сыртқы рынокқа тәуелді екендігін жеткізді. «Барлық болжамдар Еуропадағы, АҚШ-тағы мәселелерге байланысты болып отыр. Қазақстанға келсек, бізде оған ешқандай алғышарттар жоқ. 2011 жыл жақсы аяқталуда, түбегейлі өзгерістер орын алмайды деп сеніммен айтуға болады. Экспорттық шикізат құны жоғары сақталып, ІЖӨ 7 пайызды құрады. Төлемақы балансының жағымды сальдосы, бюджет жетіспеушілігі орын алған жоқ. 1 желтоқсандағы деректер бойынша, инфляция 7,8%, яғни өзіміз болжаған деңгейде. 3 жылдан бері жалақы мен зейнетақы өсуде. Жағдай жағымды сақталып отыр. Біз еуропалық саясатшылар өз мәселелерін шеше алады деген үміттеміз, сонда 2012 жыл 2011 жыл секілді жақсы өтеді, дейді Г.Марченко. Көптеген әлемдік сарапшылар жазға қарай келеді деп болжап отырған дағдарыстың 2 толқыны туралы да пікірін айтып өтті. 2008-2009 жылдарғы қаржы дағдарысы соңғы 60 жыл ішінде болған дағдарыстардан асып түсті. Бұл кезеңнен өту үшін біздің мемлекетіміз Ұлттық қордан 10 млрд. доллар жұмсады. Қазір біздің қорымызда 43,5 млрд. доллар бар, бұл қаржыны Ұлттық банк Қаржы министрлігі үшін басқарады. Бұл сома толықтай шетелде орналасқан. Біздің тарапымызға қаржыны дұрыс басқармайды деген сын жиі тағылады, бұл орынсыз. Грекияның, Ирландияның және Португалия елінің құнды қағаздарын біз 2009 жылдың мамырында-ақ сатып, ешқандай зиян, шығын шекпедік. Ал Испания мен Италияның қағаздарын осы жылдың қазанында саттық, зиян келмеді. Біз ұлттық қор қаржысына аса сақтықпен қараймыз және Ұлттық банк оларды жеткілікті түрде кәсіби деңгейде басқарады. Қаржы дағдарысы туа қалған күннің өзінде осы қордан қаржы жұмсауымызға әбден болады. Оны қаншалықты көлемде бөлуді Мемлекет басшысы мен Үкімет шешеді. Егер осындай мұқтаждық туа қалса, біз Ұлттық қордан 20 млрд. доллар бөле аламыз. Бұл сома дағдарыс қанша ұзаққа созылса да және қиын болса да жеткілікті болмақ, деп атап өтті ол.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.