• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2018

Кешегінің жұрнағы, бүгінгінің көнесі 

606 рет
көрсетілді

Әдебиетке әркімнің-ақ таласы бар заман өтіп кеткенін мойындау қалай болған күнде ауыр. Нарық зама­нының елең-алаңында қолына қалам ұста­ған жігіттердің арасынан адамдар кітап­қа оралады әлі дегенді сеніммен айт­қандарына қарағанда әдебиеттің өмірдегі артықшылығына үміттері күшті болған-ау, шамасы. 

Нағыз оқырман тегінде кітаптан қол үзіп көрген емес. Кеңес Одағының кемелденген уағында селт етер азаматтардың көбінің үйінің қабырғаларында сол уақыттың сұранысына ие кітаптар сықасып тұратын. Олар оны оқыды ма, оқымады ма, бір құдай біледі. Бірақ келген-кеткендердің алдында көркем дүниеге әуестігін көрсететіндей бетжүздікке жарап қалатын онысы. Сол дәуір кітапқұмарлары оқығандарын ортаға жайып салып, алған әсерлерін баяндаған кезде таным аясы сыншылық дәрежеден бір кем соқпайтындай көрі­нетін. Сонда қазіргідей әуесқойлық ұм­тылыстың жұқанасы да жоқ, әдебиетке құмартушылардың қарапайым қатарының өзі ой-пікірлерін ортаға тастағанда – артық-ауыс әңгімеден ауылы алыс өлшем таразысы сыпайы да нәзік болатын. Жазу- сызудың оңай еместігін «дүниеге бой алдырып», ащы-тұщының дәмін бірдей тартқан адам білмейді деп айту, әлбетте асылыққа жатады. 

Қазір аға толқын өкілдерінің қатарына қосылған буынның жастау кезінде Орталық Азиядан шыққан жазушының атақ-даңқы бет қаратпайтындай дәуірлеуінің екпіні бүгінге дейін жетіп, дүмпуі анда-мұнда естіліп қалатыны бар. Иә, оны пір тұтқаны сонша, сұлу сарынын өз қолтаңбаларына салып, оқиға өрісінің түйін шешіміне дейін ұқсас өрбіткендер бар еді арамызда. Қатардағы журналист жігіт сол уақыттың пікірталасының қалай болған күнде Мұхтар Әуезовті одан әлдеқайда жоғары қоятынын ортаға жасырмастан жайып салған еді. 

Өмір бір қалыпта тұрмайтыны бесенеден белгілі, сондағы қабылдау әсерінің бояуы біржола оңбаса да, әуірі кәдімгідей бәсең тартқаны рас. Дүниедегі ағым атаулының біріне де ат басын бұрмастан өткен-кеткен қазақ болмысын шынайы сомдаған Әуезов шығармаларында махаббат сезімінің тұнықтығы теңдессіз. Дала тіршілігінің ақынжанды жеткіншегінен үш-төрт әйелі бар шонжар тұлғаның ұстанымына дейінгі аралық едәуір қашық. Кәдімгі мемлекеттік аппарат құрылымы болмаса да, қарым-қатынастың ішкі тәртібінің тектілік ұстанымы мығым. Бұратана саналатын жұрттың өкілі бола тұра қазақ шаңырағы ешкімге жалтақтай қоймайтын тәуелсіз. Әуезов қолтаңбасына қайта үңілген кезде Қодар мен Қамқаның жазаға кесілу көркемдік шындығы Толстойдың Бородино шайқасының суреттелуімен үндесетін кереметі бар. Мұнда өлім мен өмірдің алмасуы мен жалғасуының адами сезіністері терең қопарылатын жағдаяттар жүрек қозғайтындай шымыр.

Көркемдікке қазір келу тұрғысының өлшем таразысы әлдеқайда жеңіл тартқанына алаңдайсың. Мұның етек алып, қанат жаюының бір себебі әдебиет ауылын әуесқойлық жағалап, кішкентай еңбекті құбылыс дәрежесіне дейін өршітіп апарып, сап басылатын дағды. Күні ертең-ақ олары ұмыт боп, басқа желеу табудың қамына кірісудің басы мен аяғы жоқ шексіздікке ұласу үстінде. Жалпы бұған тыйым бар ма? Көпшілік қолды мәдениетке иек артып алған соң ірі құбылысқа татитын төлтума дүниелердің қадіріне жетіп, бағасын асырудың жаңаша ізденісі жоқтың қасы. Мәселеге дәл бұлайша келу тұрғысы ендігінің бесаспап та білікті толқынына ескілікті естілетінін қу ішің сезеді. Кешегінің жұрнағы, көненің көзіне айнала бастағандықтан бүгінгінің екпін ырғағына ілесіп, айналымына кіре алмайтыныңды мойындайсың. 

Саясаттану өкілдері жаһанданудың қыры мен сырына бойлап, ұлттық бояу­дан айырылмаудың жолы мен жөні ұс­та­нымының қандай болу керектігін талдап-талғап ұсынса да – соған құлақ асып, елігетіндей сергектікті айналаңнан байқай алмай дымың құритын жағдайға ылғи маңдайың соғылады. Әлеуметтану ғылымының сабырлы тоқтамына ке­зіккен сайын қара аспанды төндіріп, Асан­қайғы болатынның жөні жоқтай. Мәдениеттанудың көз жеткізгісіз көк­жиегінің салқар да шалқар айдынындағы өзгерістерді тап басып танып, ұлт жүрегіне жол табатын ізденістердің ерекшелігін анықтау өз алдына майдан. Қазір қазақ баласының аузынан көпшілік мәдениет деген сөз шықпайтынға айналды. Өйткені бәрі жалпылыққа айналып барады. Мұның себебін кім анықтапты, әйтеуір түбінің қайырын берсін.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»