Кеше Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенаты бюросының отырысы болды. Бірінші кезекте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы декларациясының жобасына қатысты мәселе қаралды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Құжат жобасын биылғы 10 желтоқсанда болатын Парламент Сенатының отырысында қарау жоспарланып отыр. Қ.Мәми атап өткендей, қоғамды топтастыратын жаңа құжат болғалы отырған Декларацияны Парламентте қабылдау туралы бастамаға Мемлекет басшысы қолдау білдірген болатын.
Декларацияда Қазақстанның мемлекет құрылысындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрнекті рөлі атап өтілген. Мемлекет басшысының жетекшілігімен ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар іске асырылды. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президент Н.Назарбаев белгілеген бағыт өзінің өміршеңдігін дәлелдеді және «қазақстандық даму жолы» ретінде әлемге танылды», – деді Қ.Мәми.
Төраға атап өткендей, Декларацияны әзірлеу аясында Парламентте арнайы жұмыс тобы құрылды. Онда құжаттың негізгі мән-мағынасы, құрылымдық және мазмұндық жағы нақтыланды. Қ.Мәми Декларация қабылданғаннан кейін Мемлекет басшысына жіберілетінін айтты. Құжат мәтіні ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.
Бюрода одан басқа биылғы 14 желтоқсанда болатын Сенаттың кезекті жалпы отырысының күн тәртібі белгіленді.