• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2011

«Есіл-Агро»

513 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Ақмола облысының Бурабай ауданындағы «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен фоторепортаж беріліп отыр.

 «ЕСІЛ-АГРО»

Бурабай аумағында буырқанған тіршілік қайнап жатады. Курортты өңірдің көрікті көрінетіні осыдан да болса керек. Мұнда жай ғана тіршілік емес, заман ағымына сай жаңа қадамдар жетегіндегі бастамалар назар аудар­татынына ішің жылиды. Солардың бірі 2005 жылдың 1 желтоқсанында құрылған «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі десек болады. Бұл еліміздегі инвес­ти­циялық қанатқақ­ты жобалардың қарлы­ғаш­тары санатындағы сәтті ұжым ретінде қалыптасты. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев осы­нау қысқа мерзімде «Есіл-Агроға» екі рет келді. Алғашында Абылайхан, Ақылбай, Баянбай, Мә­дениет, Қарабұлақ ауылдарында ауыл шаруа­шы­лығы кәсіпорындарын құрып, құрғақ уәдеге бай жарылқаушылардан жалыққан ел­дің тұрмысын түзеп, қырманын қызылға толтырған есілдік­тердің игі ұмтылыс үрдіс­теріне ырзалығын білдірген. «Ақылбайдың» ақ күміс алқаптарында жайқалған егінді белуардан кешіп тұрып фирма директоры Асылбек Есмағамбетовке болашақ бағамындағы кеңестер бергені де есімізде. Елбасы ертеңге қаратып айтқанда, шикі­заттық өндірістің күні өткендігін, табыс жолы – өнімді қайта өңдеуде екендігін, ол үшін сөз қорымызға әлі қосыла қоймаған кластерлік жү­йе­ні қолға алуымыз қажеттігін алға тарт­ты. Өңірге аты белгілі азамат, «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәсли­хаттың депутаты Асыл­бек Сайлаубекұлы өз қадамдарының Мемлекет басшысының ой-ниеттерімен сабақтас екендігін ұқты. Бұл қосымша жауапкершіліктегі үлкен сын еді. Оның үстіне Бурабай арнайы экономикалық аймағының құрылуы, әлемдік деңгейдегі тұңғыш «Астана-Бурабай» автоба­ны­ның са­лынуы, Астананың азық-түлік белдеуін қам­тамасыз ету жөніндегі президенттік тап­сырма құлашты кеңге сермеуге мүмкіндік ашып отыр. Сауатты дайындалған бизнес жобалар сараптамадан сүрінбей өтіп, мемле­кет­тің қаржылай қолдау көздері кеңейді. Фирма әрбір тиынның тиімді жұмсалуын қатаң қадағалайды. Қайтарымсыз қадам деген жоқ, әлем таныған «АльПро» электронды жүйесі бәрін көріп тұрады. Соңғы жылдары са­тып алынған 112 ауылшаруашылық техника­лары­ның басым бөлігі шетелдік соңғы үлгідегі машиналар. Астық, бұршақ және майлы дақыл­дар фирма орналасқан Кенесары ауылын­дағы элева­торда сақталып, өңделсе, Щучье қаласындағы «Айна» сүт зауытында сүт өнімдерінің отыз түрі дайындалады. «Есіл-Агро» 2008 жылға дейін сүтті өзіне қарасты алты шаруашылықтағы қабылдау пункттерінен жинайтын. Ол тәулігіне 20 тонна шикізат өңдейтін зауыттың сұранысын қамтама­сыз ете алмады. Күн тәртібіне 1200 бас сауын сиырға арналған заманалық тауарлы-сүт кешенін салу мәселесі шығарылды. Зор дайындықпен бас­талған жоба араға жыл салып есігін ашты. Венгриядан «голштин-фриз» асыл тұқымды 600 бас сиыр жеткізілді. Қазір табын өз төлі есебінен то­лығып келеді. Алдағы кезде тағы да 600 бас сиыр алдырылмақ. Бөлектеп айтарымыз, әрқай­сы­сы жылына 10 мың литр сүт беретін осын­ша­ма сиырды төрт-ақ оператор сауатындығы. Мұ­ны айтып отырған­дығымыз, кешенде жер жүзі­нің 112 еліндегі сүт өндірушілер беделіне ие болған Швецияның «ДеЛаваль» компаниясының сыннан өткен жабдықтары орналастырыл­ғаны­нан дерек беру. Ферма ұжымы жобалық қуатына енетін жуық айларда тәулігіне 25-26 тонна сүт алы­на­тын болады. Қазірдің өзінде «Есіл-Агроның» сүт бренді облыс аумағымен қоса, Астананың 26 дүкенінде тұтынушылар талға­мынан шығуда. Биыл диқандарымыз гектар түсімділігін еселеп арттырды. Элеваторымыз қызу еңбек құ­шағын­да. Диірменіміздің қуаттылығы тәу­лігіне 120 тоннаға жетеді. Осының барлығы Тәуел­сіздік ша­ра­патының, мемлекеттің ауыл өндірі­сін қолдауы­ның нәтижесінде мүмкін болып отыр. «Есіл-Агро» ертеңіне сенімді, дейді фирма басшысы Асылбек Есмағамбетов. Ақмола облысы, Бурабай ауданы. ________________________ Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК.