Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізуге дайындық барысы туралы баяндады.
Ерлан Сағадиевтің айтуынша, 2018 жылы ҰБТ 15-ші рет өткізіледі. Осы жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 млн астам мектеп бітіруші қатысқан. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80%-ын құрайды.
Министрдің айтуынша, 2017 жылға дейін ҰБТ үш функцияны атқарды: 11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, жоғары оқу орындарына түсу емтиханы және түлектерге мемлекеттік гранттарды тағайындау механизмі.
«Өздеріңіз білетіндей, тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр», — деді Е. Сағадиев.
Қорытынды аттестаттау, басқа сөзбен айтқанда мектептегі бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән бойынша, оның ішінде 4 міндетті және 1 таңдау пәнінен өткізіледі. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестілеу түрлеріне бөлінген. Бітіру емтихандарының материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы дайындады және арнайы байланыс желісі арқылы барлық облыстық білім басқармаларына биылғы 25 мамырға дейін жеткізілетін болады.
«2018 жылы ҰБТ форматы өзгермейді, яғни былтырғы жылғы форматқа сәйкес өткізіледі. ҰБТ-ның өткізілу мерзімі және берілетін тест сұрақтарының саны да өзгермейді», — деді білім және ғылым министрі.
ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 ҰБТ өткізу пункттерде өткізіледі. Барлық тест сұрақтарының саны — 120. Максималды балл — 140. Шекті балл — 50 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл жинау қажет.
Бүгінгі күні барлық ҰБТ пәндері бойынша тест сұрақтарының базасы құрылған. 2018 жылы тест сұрақтарының базасы 50%-ке жаңартылды. Тест сұрақтары функционалдық сауаттылыққа, яғни әрі қарай оқуға қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, базалық түсініктерін анықтауға бейімделген. Тапсырмалардың формалары мен мазмұнының әртүрлі болуы түлектің нақты білімі мен қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
Осы жылғы ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген мектеп бітірушілердің саны 102 442 немесе жалпы бітірушілер санының 70%-ін құрайды. Оның ішінде 77 мың немесе 76%-і қазақ тілінде, 25 мыңы немесе 24% — орыс тілінде тапсырады. Былтырғы жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсыруға өтініш берген жалпы бітірушілердің саны 10 мыңға өсіп отыр. ҰБТ-ға қатысатын балалардың үлесі 70% құрап, қазақ тілінде тапсыратын балалардың саны 5%-ке өсті. Биыл бітірушілерге алғаш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндігі беріледі.
Министрлік ҰБТ нәтижелері бойынша мектептердің рейтингін жүргізбейді.
Түлектердің ҰБТ-ға дайындығы үшін сынамалық онлайн тестілерінің функционалы жетілдірілді. Енді одан үйде отырып-ақ өтуге болады. Бүгінгі күнге дейін 145 мың рет онлайн тест тапсырылған.
Сонымен қатар, мектептердің сұранысы бойынша осы жылдың басынан бері өңірлерде сынамалық тестілеу қағаз түрінде 390 мың рет алынды. Сондай-ақ, мектептерге қосымша 185 мың сынамалық тест кітапшаларын жіберу көзделген. Осылайша, осы жылы әр бітіруші ҰБТ басталғанша орта есеппен 7 рет сынамалық тестілеуден өтеді.
Тест тапсырушыларға арналған жағдайды жақсарту мақсатында биыл келесі жаңалықтар енгізілуде:
әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, бейіндік пәндердің комбинациясы бар ақпараттық парақшаны беру;
қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы мамандықтар тізімі;
ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаған жағдайда ҰБТ-ны келесі лекте тапсыру немесе КТ тапсыру мүмкіндігін беру;
ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды жеке көмекшімен, сондай-ақ сурдоаудармашы мамандарымен қамтамасыз ету;
Қазақстан бойынша тегін қоңырау жасауға болатын бірыңғай call-орталықты іске қосу.
Биылдан бастап «Алтын белгіге» ие болған түлектер білім беру гранттарын тағайындау кезінде тек балдары тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие болады.
Осы жылдың тамыз және келесі жылдың қаңтар айларында ЖОО-ның ақылы бөліміне түсу мүмкіндігі бұрынғысында сақталады. Осы норманың арқасында 30 мыңнан астам жастарға жоғары білім алу құқығы берілген.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бірыңғай ұлттық тестілеу әрқашан да әлеуметтік маңызды мәселе екенін атап өтті.
Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне әкімдермен бірлесіп, барлық ықтимал сын-тегеуріндерді ескере отырып, талдау жүргізу және ҰБТ-ны тиісті деңгейде өткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ҰБТ қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет. Әкімдерге мектептерде қорытынды емтихандарды ұйымдастыру және ҰБТ өткізу мәселелерін жеке бақылауға алу тапсырылды.
Бақылау жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктеледі.