СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР – СЕНІМДІ БОЛАШАҚ
Елбасы Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың отандық экономиканы әртараптандыруда маңызды рөл атқаратынын айрықша атап көрсеткен. Аграрлық кешеннің серпінді дамуы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан еңбек өнімділігін 2014 жылға дейін екі есе ұлғайту аграрлық саланың алдына қойылған басты міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі күні отандық ауылшаруашылық саласындағы еңбек өнімділігі көптеген шетелдермен салыстырғанда біршама артта қалып отыр. Жағдайды түзеу үшін дүние жүзіндегі азық-түлік тауарларына деген сұранысты басшылыққа ала отырып, аграрлық өндірістің тиімділігін арттыратын жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу қажет.ЖАҢАШЫЛДЫҚ – ДАМУДЫҢ БАСТАУЫ
Өнеркәсібі дамыған мемлекеттерде ішкі жалпы өнімнің өсімі 80 пайызға дейін өндірістік тәжірибеге енгізілген жаңа технологияларға тәуелді. Яғни өндіріске ғылыми-техникалық жаңалықтарды енгізу экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі тарапынан бөлінетін инвестициялардың негізгі ағымы, ең алдымен, аграрлық саланың сапалы дамуы үшін кәсіпорындарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруға бағытталған. Холдингтің несиелендіру қызметінің негізгі мақсаты – ауылшаруашылық өнімдерінің импортынан арылу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық ауылшаруашылық тауарларын экспорттауға ықпал ету, соған бағытталған инвестициялық жобаларды қаржыландыру. Бүгінгі күнге дейін холдинг 180-нен астам жобаны іске асыруда, оның 117-сі пайдалануға берілді. «ҚазАгро» инвестициялық бағдарламасының аясында жүзеге асырылған жобалар болашақта бірқатар оң өзгерістің бастауы болады. Мәселен, маусымаралық кезеңдегі жабық топырақта өндірілген көкөніс тапшылығы 30-40 пайызға, көкөніс қоймаларының жетіспеушілігі 30 пайызға азайып, сүт өнімдерінің импортына тәуелділік 15 пайыз, ал құс етінің сырттан әкелінген көлемі 42 пайыз төмендейді. Оңтүстіктегі оң өзгеріс Серпінді жобалардың қатарында тамшылатып суару технологиясын қолданатын шаруашылықтар бар. 2008 жылдан бері холдинг Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бұл технологияны ендіруді қаржыландырып, жеміс-көкөніс өндірісіне арналған екі бірдей ірі жобаны іске асыруда. Атап өтсек, Жетісудағы Шеңгелді кентінде алдағы уақытта 1440 гектар жер игеріліп, жеміс-көкөніс түрлерін өсірумен қатар оларды өңдеу, сақтау, сатуға шығару жолға қойылады. 10 гектар жерде бау-бақша бой көтеріп, 150 гектар алқапта пияз, 100 гектарға картоп егілуде. Шаруашылық израильдік тамшылатып суару технологиясын қолданады. Бұл әдіс тек суды үнемдеп қана қоймайды, арықпен суарудың дәстүрлі тәсілімен салыстырғанда өнімділікті 50-70 пайызға арттырады. Жобаның жалғасы ретінде сыйымдылығы 13 000 тоннаны құрайтын көкөніс сақтау қоймасын салу қолға алынған. Нәтижесінде, өсірілген өнім маусымаралық кезеңге дейін сақталып, рыноктағы баға тиімді болған кезде сатылымға шығарылады. Бұл – өсімдік шаруашылығындағы инновациялық технологияларды жан-жақты қамтыған кешенді жоба.ОТАНДЫҚ ҚҰС ЕТІ КӨБЕЙЕДІ
Қазақстан – ауыл шаруашылығының қай саласында да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге толық мүмкіндігі бар ел. Десек те, ішкі рынок әлі де құс етінің импортына тәуелді болып келеді. Жыл сайын елімізге АҚШ, Түркия, Германия, Венгрия және басқа да шетелдерден 130 мың тоннаға жуық құс еті тасымалданады. Бұл олқылықты жою үшін холдинг құс етін өндіруді қолға алған кәсіпорындарды қаржыландырып келеді. Мұндай жобалардың бірі – республиканың оңтүстігіндегі «Ордабасы құс» ЖШС. Бүгінгі күнге дейін елімізде күркетауықтың еті өнеркәсіптік деңгейде шығарылмайтын. Ал Ұлыбританияда бір адам жылына 7 кг., АҚШ-та – 9 кг., Израйльде 15 кг. күркетауық етін тұтынады. Бұл еттің дәмділік және диеталық артықшылығы мол, одан сан түрлі өнім даярлауға болады. «ҚазАгроның» қаржылай қолдауының арқасында Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданындағы жаңадан ашылған құс фабрикасы жылына 4800 тонна күркетауық етін өндіруді қолға алып, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 10 000 тоннаға дейін артатын болады. Болашақта, тіпті, күркетауықтың отандық кроссын шығару да жоспарланған. Сол арқылы шетелдік рынокқа тек күркетауық етін ғана емес, асыл тұқымды құсты экспорттауға жол ашылады.ДӘСТҮРЛІ КӘСІПТІ ЗАМАНҒА САЙ ЖАҢҒЫРТУ
Сонымен қатар, Елбасының аграрлық саланың алдына қойған міндеттеріне сәйкес 2014 жылға дейін азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тамақ өнімдері құрауы тиіс. Бұл ретте басымдық ауыл шаруашылығының ең маңызды саласы болып табылатын мал шаруашылығына берілмек. Мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық бағыттардың бірі – ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту, 2016 жылға дейін сиыр етінің экспортын 60 мың тоннаға дейін жеткізу үшін толық жағдай жасау. Бағдарламаның міндеті – асыл тұқымды мал басын арттыру және малдың өнімділік сапасын жақсарту. Осы мақсатта асыл тұқымды малды сатып алу, мал репродукторлары желісі мен бордақылау алаңдары жүйесін құру жөніндегі жобалар қаржыландырылуда. Асыл тұқымды мал басын арттыру үшін АҚШ, Канада, Австралия, Еуропадан жоғары генетикалық әлеуеті бар мал әкелінуде. Бұл, негізінен, дүние жүзінде кеңінен танымал ангус және герефорд етті мал тұқымдары. Бұл тұқымдардың артықшылығы – малдың жел мен суыққа төзімділігі мен тез салмақ қосуында. Осы жылы холдингтің еншілес компаниялары қаржыландырған жобалар аясында «Crown Батыс», «Щучье қалалық сүт-ет зауыты», «SC Food», америкалық «Global Beef» компаниясымен бірлесіп құрылған «ҚазBeef» кәсіпорындарына шетелден 5 мыңға жуық асыл тұқымды мал әкелінген болатын. Жануарлар жергілікті жағдайға жақсы бейімделіп, төлдеу нәтижесі 98 пайызды құрап, жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Мал төлдері келер жылдың басында сатылымға шығарылатын болады. Еліміздегі етті мал шаруашылығын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – Батыс Қазақстан облысындағы жан-жақты инфрақұрылымы бар мал бордақылау алаңы. «Crown Батыс» ЖШС негізінде жүзеге асырылып жатқан жоба аймақтық индустрияландыру картасына енген. Мұнда 8 мың бастан аса ірі қара малды бордақылау жоспарлануда. Алынған өнімнің 80 пайызын сыртқы рынокқа шығару көзделген. Бүгіннің өзінде Мәскеудегі сауда орындарымен 5 мың тонна етті жеткізу бойынша келісімге қол қойылған. Ет Ресей астанасына жөнелтілді. Бұл шаруашылықта малды бағудың суық әдісі қолданылады, яғни мал жыл бойы ашық алаңда еркін жайылады. Сондықтан шығыны көп қоражай құрылысының қажеті болмайды. Жоба тұрақты түрде өте сапалы ет өндіруге мүмкіндік беріп, малды өнеркәсіптік деңгейде бордақылаудың айқын үлгісі болып табылады. Осыған ұқсас тағы бір жоба өткен жылдың қыркүйек айында іске қосылды. Елорданың азық-түлік белдеуіне енетін Ақмола облысының Қорғалжын ауданы, Сабынды ауылында ет өңдеу кешені салынды. «Астана Агропродукт» ет комбинаты жылына 5000 тонна ет және шұжық өнімдерін шығаруға бағытталған. Мұндағы салқындатылған ет, вакуумды және етті бұзылудан сақтайтын арнайы газы бар қаптамалардағы ет өнімдері, шұжық секілді жүзден астам өнім түрі даярланады. Зауыт ИСО 9001-2009, ИСО 22000-2006 (ХАССП) халықаралық талаптарына және «БАҚАРА» сауда белгісімен «Халал» ережелеріне сай тауар өндіреді. Бұл кәсіпорынның да өнімдері Ресей Федерациясына экспортқа шығарылмақ.АСТЫҚ ЭКСПОРТЫ ҰЛҒАЯ ТҮСЕДІ
Үстіміздегі жылы Жер-ана айрықша жомарттық танытты. Қазақстандағы биылғы астық түсімі 29 миллион тоннадан асып отыр. Астықтың орташа шығымдылығы гектарына 17,1 центнерді құрап, өткен жылдың деңгейінен 2 есе артты. Мұндай түсімі мол жылдары елімізде астық сақтау қоймаларының жетіспеушілігі ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекет тарапынан қазіргі заманға сай астық қоймаларының құрылысына 8 жылға дейінгі мерзімге жылына 6 пайыздық үстемемен арзандатылған несие беру қарастырылған. Қазірдің өзінде ортақ сыйымдылығы 400 мың тоннаға жуық заманауи технологиядағы 15 жаңа астық қоймасы пайдалануға берілді. Бұл ретте Мемлекет басшысы елдің агроөнеркәсіптік кешенінің алдына отандық астықтың экспорттық әлеуетін ұлғайту міндетін қойып отыр. Осы бағытта Каспий маңындағы елдердің рыногы айтарлықтай маңызды болып табылады. «ҚазАгроның» дағдарыстан кейінгі кезеңде республикамыздың экономикалық өрлеуіне ықпал ететін осы және өзге де жобаларды жүзеге асыруға бағытталған қызметі болашақта өз жалғасын табады. Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы.