Елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығы мен Министрліктер үйінің конференц-залында қазақ киносының ел Тәуелсіздігі тойына арналған көрсетілімі өтуде. Желтоқсанның 6-сы күні Ұлттық академиялық кітапханада бір топ өнер шеберлерімен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, «Жас ұлан» әскери-патриоттық сериалы мен мектеп жасындағы балаларға арнап түсірілген Қазақстан тарихы туралы көп сериялы анимациялық фильмнің, сондай-ақ «Қазақ киносының антологиясы» DVD дискілерінің тұсаукесері өтті. Көпшілікке осы кеште «Бәйтерек» фильмін ұсынған онкүндік 15 желтоқсанға дейін жалғасады.
БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатына Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев, Игорь Вовнянко сынды қазақ киносының майталмандары, ал кейінгі толқыннан Рүстем Әбдіраш, Гүлнәра Досматова, Берік Айтжанов, Әсел Сағатова сияқты танымал өнерпаздар қатысса, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев қазақ киносының қазіргі хал-жағдайы мен көрермен қолдауына ие болып жатқан жекелеген кейбір фильмдер туралы әңгімелеп берді. Соңғы жылдары әсіресе, ұлттық өнімдердің сапалық деңгейінің едәуір өскені байқалады. Мұны «Қазақфильм» киностудиясындағы материалдық-техникалық жабдықтардың жаңғыртылуымен сабақтастырған президент табыстың тағы бір себебін әлемдік деңгейдегі шетелдік актерлермен тығыз байланыс орнатыла бастауымен түсіндірді. Мәселен, соның бірі ретінде «Жиде. Кешіккен махаббат» фильмін айтып өткен жөн. Астана жұртшылығына ұсынылған бұл фильм француздың белгілі актері Жерар Депардьенің қатысуымен қызғылықты. Және де мұнан басқа осындағы басты кейіпкердің бірін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевтың Анападағы кинобәйгеде «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясына ие болуы фильмнің әлемдік деңгейдегі жеңісінен хабар беріп тұрғандай. Он күн бойына елорда жұртшылығына ұсынылатын үздік фильмдер туралы ойлар ортаға салынды. Атап айтар болсақ, «Бәйтерек», «Серпін», «Жиде. Кешіккен махаббат», «Сіз, кімсіз, Ка мырза?», «Қызғылт қоян туралы ертегі», «Ликвидатор», «Біржан сал», «Жерұйық», «А-ға» оралу», «Балалық шағымның аспаны» фильмдері елдік тойға арналған нағыз рухани шашу болмақ. Әр көрсетілім алдында картиналардың авторларымен, шығармашылық топпен кездесулердің ұйымдастырылуы халық пен өнер арасын жақындастырудың, отандық кинодан гөрі шетелдік кинотуындыға көңілдері ауып бара жатқан кейбір жастардың бетін төл дүниеге бұрудың бастауы іспетті түйілуде. Қазақ киносының болашақ көрермендерді төл туындыға баулу талпынысы қуантады. Бұл ретте бастауыш сынып оқушыларына арналған «Қазақ елі» анимациялық фильміне қоса соңғы үш жылда түсірілген «Кенже батыр», «Зәйтүн-қарлығаш», «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Сайғақ», «Кім патша болады?», «Тазша бала», «Алтын сақа» секілді бірталай анимациялық фильмдердің «Қазақстан», «Балапан», сондай-ақ аймақтық телеарналар қорын толықтыруы елдің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болып саналады. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2009-2011 жылдары «Көшпенділердің музыкалық мұрасы», «Тамғалы» петроглифтері», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Ежелгі Түркістан сәулет ескерткіштері», «Баба-Ата» сарай-қамал кешені», «Аққойлы» мешіт-медресесі» сияқты тарихи ескерткіштер мен қазақ халқының көрнекті тұлғаларына арналған 20-дан астам деректі туындының дүниеге келуінің өзі ұлттық кино өндірісінің жанрлық серпілісін аңғартады.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.