Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәу етер Тәуелсіздігімізді алған күннен бастап жас ұрпаққа білім беру, тәрбиелі етіп өсіру мәселесін бірінші кезекке шығарып келе жатқаны қалың жұртқа мәлім. Жыл сайынғы Жолдауларында да бұл игі іс сала-салаға бөлініп, тиянақты жұмыстарды тыңғылықты атқару жайы да алға тартылып, әсіресе, жаратылыстану пәндерін оқыту туралы бағыт-бағдар беріп келеді. Осы қамқорлықты қалтқысыз орындау мақсатында Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы математика, физика, биология және химия пәндерінен президенттік олимпиада өткізуді дәстүрге айналдырып отыр.
Биыл да үлгі болар үрдіс жалғасын тауып, кеше елордада айтулы олимпиада өз жұмысын бастады. Бұл жолғы білім сайысы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналып отырғанын айта кетсек дейміз. Елордадағы «Rixos President Hotel Astana» қонақүйінің мәжіліс залында ашылған салтанатқа еліміздің барлық аймағынан келген 160-қа таяу 11-сынып оқушылары қатысты. Олимпиаданың басты мақсаты: жаратылыстану-математикалық бағытта дарынды оқушыларды анықтап, оларға қолдау көрсету, білім-білігі мықты талантты жастарға жағдай жасай отырып, патриоттық рухын биіктетіп, елдік тұрғыда тәрбие беру.
Президенттік олимпиаданың бас демеушісі болып отырған «Эксон Мобил Қазақстан Инк.» компаниясы екенін, бұл компанияның әркез ұрпақ тәрбиесіне, олардың білім алуына қаржылай көмек көрсетіп, оның ішінде, жаратылыстану пәндеріне әркез ілтипат танытатынын атап өткеніміз ләзім.
Олимпиадаға қатысқан оқушылардың білімін бағалайтын қазылар алқасының төрағасы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаевтың айтуына қарағанда, жүзден жүйрік жеңімпаздар мектеп бітіргеннен кейін өздері қалаған жоғары оқу орындарына түсе алады екен. Ол жарыс үш кезеңде, яғни теориялық, эксперименттік және Британ кеңесінің ағылшын тілінен тест тапсырмаларын орындау бойынша өтетінін де алға тартты.
Сүлеймен МӘМЕТ.