• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2018

Діни еркіндік пен бетімен кетушілікті ажырата білейік

1920 рет
көрсетілді

Қазақта «Дінің тұрсын дін аман» деген ізгі тілекке негізделген, жамағат жиі айтып жүретін нақыл сөз бар. Осы нақылдың ішкі өзегіне тереңірек үңілетін болсаңыз, оның мән-маңызының қаншалықты жоғары екенін аңғармай қалуыңыз мүмкін емес.

Бүгінде кейбір конфессиялар арасын­дағы дүрдараздықтардан, сондай-ақ бір діннің ішіндегі түсінбеушіліктерден, алауыздық­тардан туындап жатқан түрлі келеңсіз жағ­даят­тарға қарап әрі-сәрі күй кешесің. Осындайда өзің, жалпы елің риясыз пейілмен тұтынатын дініңнің амандығын тілейсің, оның береке-бірліктің, ынтымақтың негізгі ұйытқысы екенін сезінесің әрі мойындайсың...

Қазіргі таңда елімізде дін саласына қатыс­ты шешімін күткен өзекті мәселелер бар­шы­лық. Мұны халық та, атқарушы органдар да жете түсінеді. Өйткені саладағы түйт­кіл­дердің кесірінен орын алған жағымсыз оқиғалар, оның зардаптары бізге көп жайтты аңғартты. Бұл жағдаяттар, әсіресе қоға­мы­мыздағы діни қатынастарды заңдық тұрғы­да мұқият, ыждағаттылықпен реттеу ұлтымыздың қауіпсіздігіне, мемлекетіміздің тұрақтылығына тікелей оң әсер ететін аса маңызды шаруа екенін санамызға мықтап сіңірді. Сондай-ақ осы орайда тек терроризм және діни экстремизмнен төнетін қауіп-қатерлерді барынша төмендету ісі ғана емес, қарапайым адамдар арасындағы байланыстарға, қоғамға және жекелеген отбасылардың ішкі қатынастарына кері ықпалын тигізетін жағымсыз үрдістердің, сырттан енген оғаш ғұрыптар мен дағдылардың жолын кесу жайы да өте өзекті екенін ұғындық. Мұның барлығы халқымыздың аталған саладағы жағдаяттардың салмағын сезінуі өте жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Жақында Мәжіліс депутаттары қоғамы­мыз­да біраз уақыттан бері қызу талқы­ланып келе жатқан, Дін істері және азамат­тық қоғам министрлігі тарапынан әзірле­ніп, ұсынылған діни қызмет және діни бірлес­тік­тер мәселелеріне қатысты заң жобасын ма­құлдады. Бұл құжаттың нақты атауы «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне діни қызмет және діни бірлестік­тер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болып табылады. 

Мәжіліс мақұлдағанымен әлі жоғары деңгейлі талқылаулардан өтуі тиіс бұл құжат қалай десек те көкейде жүрген көптеген сауал­дарға жауап беріп, көңілімізді демдеді. Әрине «біткен іске сыншы көп». Яғни айтылып жатқан сындар да баршылық. Бірақ саралай қарасаңыз, әлгі сыни пікірлер аталған заң жобасының негізгі мақсатының жанында түкке тұрмайды. Мәселен, кейбір азаматтар бұл заң жобасы адамдардың діни еркіндігін шектейді деген мазмұндағы пікірлерін көлденең тартуда. Бұл арада олар аталған құжатта ешкімнің діни еркіндігіне шектеу қойылмайтынын, тек салаға қатысты мәселелерді реттеу көзделіп отырғанын түсінуі тиіс. Сондай-ақ осы орайда діни еркіндік пен бетімен кетушіліктің аражігін ажырата білген жөн.

Жалпы, қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң 2011 жылы қазанда қабылданған болатын. Содан бері біршама уақыт өтті. Осы аралықта әлемде терроризм мен діни экстремизм қаупі күшейе түсті. Дін саласында жағымсыз үрдістер етек алды. Елімізде қоғамның діни бағыттағы сұранысы өзгерді. Діншіл адамдардың қатары көбейді әрі сырттан ықпал етушілер бой көрсетті. Сондықтан еліміздің діни саланы реттеуді көздейтін заңнамаларды жетілдіру ісінің күн тәртібіне шығарылуы өте орынды.

Негізінде мемлекетіміздің тұрақтылығын, қауіпсіздігін, азаматтарымыздың құқығын қорғауда қоғамымыздағы діни ахуал үлкен мәнге ие. Сондықтан аталған заң жобасында бірінші кезекте ел қауіпсіздігіне, жамағаттың құқығын сақтауға маңыз берілген. 

Заң жобасында дінді теріс пиғылда қол­дануға мүмкіндігінше жол бермеу көздел­ген. Осы орайда жаңа деструктивті ағым­дардың ұстанымдарына, сыртқы нышандарына тыйым салу қарастырылған. Мәселен, адамның жүзін тұмшалайтын киім үлгісін қоғамдық орындарда киюге, жүруге тыйым салынады. Бұл ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажет. Мұны діни еркіндікті шектеу деп түсінбеу керек. Бұл арада құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі алдыңғы орынға шығарылып отыр.

Тағы бір айта кетер жайт, жоба бойынша мемлекеттік қызметшілерге өзінің қызметтік мүдделерін діни тұрғыда пайдалануға, өзіне бағынышты қызметкерлерді діни жорал­ғыларды орындауға мәжбүрлеуге және діни бірлестіктер құруға көмектесуге, оған мүше болуға тыйым салынады. Бұл жерде де ешкім­нің діни еркіндігіне нұқсан келмейді. Өйткені әлгі нормалар азаматтың дінге қатысты басты құқықтарына, жұмыстан тыс мезгілде діни жоралғыларға қатысуына, діни рәсімдерді орындауына кедергі келтірмейді. 

Сондай-ақ заң жобасында атап көрсетіл­гендей, енді некені діни рәсімдер негізінде тіркеу немесе бұзу да арнайы белгіленген орындардан өзге жерде жүргізілмейді. Ал шет елдерден діни білім аламын деушілерге еліміздің аумағында жоғары діни білім алған жағдайда ғана рұқсат берілмек. Бұдан бөлек, балиғат жасқа толмаған жасөспірімдердің діни шараларға қатысуы үшін ата-аналары тарапынан келісімнің болуы да өте орынды.  Қорыта айтқанда, аталған құжат дінді қол­жау­лыққа айналдыру, дәлірегі экстремистік мақсатқа пайдалану мүмкіндігін барынша азайтады деп үміттенеміз. Елге керегі де осы.

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»