Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қоғамның барлық саласында жан-жақты жүзеге асырылуда. Жергілікті әкімдіктердің назарында тұрған осынау мәселеге «Нұр Отан» партиясы да белсене атсалысып, білім беру саласын цифрландыру, мектептерде электронды күнделік жүйесін енгізу және бағдарламалау мен робот техника негіздерін тереңдетіп оқыту шараларын жүзеге асыруда. Аталған бағытта Маңғыстау облысында ІТ сыныптар мен ІТ мектептер ашу жоспарланып отыр.
Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқыту арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатындағы ІТ мектептер мен сыныптарда сабақтар информатика пәні мұғалімі немесе ІТ мамандарының Love to Code және жаңа басқа да бағдарламалармен жұмыс жасауды үйретуі арқылы жүзеге асырылады.
Әзірге бұл бастамалар мектептерде факультативті пән ретінде енгізіліп, 3-6 айлық курс ретінде жүргізіледі де оқыту үрдісі модулдік жүйе бойынша жүзеге асады. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша жалпы білім беретін 134 мектептің барлығы интернет желісіне қосылған, оның ішінде 127 мектеп, яғни 94,7% кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ маңғыстаулық мектептер 75,3% Wi-Fi желісімен қамтылған. Құзырлы орындардың мәлімдеуіне сәйкес, 2018 жылы өңірдегі 33 мектепте ІТ сыныптары ашылады.
Мамырдың соңғы күндері білім саласынан жақсы жаңалық жетті. 21 мамыр күні NСОС компаниясының демеушілігімен жекеленген пәндерді тереңдетіп оқытатын мамандандырылған Форт-Шевченко мектеп-интернатында, 22 мамырда «ЕР САЙ Каспиан Контрактор» ЖШС қолдауымен Құрық орта мектеп гимназиясында, 23 мамырда мектепті 2010 жылғы бітіруші түлектер көмегімен Қызылтөбе лицейінде ІТ сыныптары ашылды. Енді жаңа оқу жылына дейін Ақтау қаласындағы мамандандырылған экономикалық лицейдің базасында ІТ мектебі ашылады деп жоспарланған.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы