«Новеллалар ханзадасы» атанған грузин жазушысы Гиви Сихарулидзе – әлемдік әдебиет айдынына өзіндік қолтаңба салған тұғырлы жазушы. Туындылары көп елдердің танымал журналдарында жиі басылып жүрген қаламгер 17 кітаптың авторы. Оның қаламынан туған «Она+Я» шығармалар жинағы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Адамзатқа ортақ құнды дүниеден газетіміздің әдебиетсүйгіш оқырмандарына тәбәрік тартамыз.
Түнгі сағат екі. Тбилиси әуежайында некен-саяқ жолаушылар ұшаққа отырғызу сәтін күтуде. Олардың қайсыбірі отырған орнында қисая кетіп, көз шырымын алуда, енді біреулері ұйқылы-ояу, дүңгіршектерден алған журналдарды мән-мағынасыз парақтауда. Шығарып салушылар дабырлаған бір бұрыштан тарс-тұрс шампан атқаны естіледі.
– Енді өз өміріңді қалай көркейтсең де өзің білесің! Өзіңді америкалық арумын деп есепте, – деп тілек айтып жатыр сол арада сайлана қойған асаба.
– Рахмет, сендерді Құдай қолдасын! – деп жауап қатты әйел даусы. Оған еріксіз көзім түскен, қырықтан асқан көзілдірікті әйелді көрдім. Қасында он үштер шамасындағы ұлы бар екен. Шығарып салушылардың бірі әйелді көңілдендіруге тырысып, әзіл-қалжыңды сапырып, жиналғандарға неше түрлі күлдіргі әңгімелерді айтқанда бәрінің ішек-сілелері қатып дуылдасты. Әйел де мәз болып күлді, бірақ оның көзінің тұңғиығында бір мұң бар еді. Мен оның ауық-ауық қасындағы ер адаммен бір нәрсе жайында сыбырласқанын байқадым. Сосын ұлының жағасын түзеп, оған:
– Әкеңді қалдырып кету саған қиын екенін білемін. Бірақ Құдай қаласа, алты айдан кейін ол да бізге келеді. Пәтер сатылмай тұрғанын көрмейсің бе? – деді.
Ер кісі ұлға бұрылды:
– Ал енді ақылды бол, анаңды күт! Сен енді жігітсің ғой! Бар үмітіміз сенде.
Оның көзіне жас келіп қалды, ол бір қолымен ұлын кеудесіне қатты қысып, екі қиырды біріктіргісі келгендей, екіншісімен әйелін құшақтады.
– Анук джан, ес ку цавад танем, джаник джан! – деген ақсүйек кейіптегі егде әйелдің даусы естілді. – Сен Лос-Анджелестегі біздің Гариктің мекенжайын білесің ғой, оған міндетті түрде телефон соқ!
– Иә, мама, хабарласамын! – деді де, әйел қайтадан күйеуіне бұрылды. Оған оны қалдырып кету аса қиын сияқты. Олардың арақатынасынан мен кавказдықтарға тән жұбайлық қимастықты аңдадым.
Ұшаққа отыруға шақырғанда әйелге жасы ұлғайған салауатты қарт жақындады. Оның өмір тауқыметтерінен қажыған әжімді жүзін жас жуып кетіпті. Қынжылудан көңіл кірбіңі байқалғанымен, ол оған жайдары тіл қатты.
– Анук, қымбаттым менің, мықты бол! Мына қарғыс атқыр мұқтаждық болмаса, сені ол жаққа кім жіберер еді! Өзіңді сақта. Рас, біздің грузиндердің Америкада туыстары жоқ. Бірақ сенің анаңның жақындары әйтеуір бір қол ұшын берер!
Сосын ол немересін құшақтады:
– Байқа, жігітім, грузин тілін ұмытушы болма. Қандай тектен шыққаның ылғи есіңде болсын! Есіңде болсын, мен саған сенемін.
Бала қайта-қайта атасының бауырына тығылды, біресе әкесіне жабысты. Сосын ләм-мим деместен орнынан ата жөнелді. Өйткені өзінің басқа амалы жоғын білетін. Сөйтіп анасымен бірге өткелекке беттеді.
– Бұл тіршілігіміздің түбі қайырлы болса игі еді! – деп ойладым мен. Туған елін тастап кетіп жатқан алғашқы да, ақырғы да отбасы бұл емес екенін білемін. Өздері кеткенмен жан-жүрегі, ақыл-санасы осында қалды. Алыс елге олардың бір тұтам тәні аттанды. Онда не күтіп тұрғанын бір Құдай ғана біледі. Амал қанша, өкінішке қарай, аз халықтардың жазмышы осындай.
Мен Америкаға бір айлық іссапарға бара жатыр едім. Орнымнан тұрып, ұшаққа шығатын жаққа бет алдым.
Он шақты жолаушы отырған ұшақ Тбилиси–Ереван–Париж–Лос-Анджелес бағытында ұшады. Алда – адамды шаршататын ұзақ жол.
Менің орным жаңағы ханымның қасында болып шықты. Онымен ілтипат білдіре амандастым, ұлға кәмпит сыйладым. Сосын әрқайсысымыз өз ойымызға шомып, бір-бірімізге ләм-мим сөз айтпастан Ереванға жеттік.
Келесі ұшуға дейін төрт сағат үзіліс бар екен. Бағытымызды тіркетіп, орындықтарға жайғастық. Әйел сыпайылап қана менің атымды сұрады. – Георгий, – деп жауап қаттым мен. – Ал сіздікі ше?
– Анук, – деді ол. – Сіз Америкада ұзақ боласыз ба?
– Жоқ, мен іссапармен бара жатырмын!
– Қандай бақыттысыз! Ал біздің қашан оралатынымызды бір Құдай біледі.
Осылай деп сөмкесінен бірдеңе алып шықты да, сосын маған қарап, толқулы дауыспен:
– Бәлкім, бұл күлкілі де шығар, бірақ мен қайткенде де ешкімге білдірмей бір уыс грузин топырағын ала шықтым.
– О не дегеніңіз, ханым, – дедім мен оған, – сіздер де көп ұзамай елге қайтатын боларсыздар!
– Мен соған күмәндімін, – деп мұңая жауап қатты ол.
– Әуестігіме ғафу өтінемін, әйтсе де сіздің мамандығыңыз қандай?
– Мен тіл маманымын, – деді ол. Сәлден кейін тағы үстемеледі:
– Кеңестік кезде университетте лекция оқыдым, соны мақтаныш ететінмін. Ал қазір қиын жағдайға душар болдық, енді осыдан басқа жол таппай тұрмыз. Маған бір америкалық таныс әйел шақыру жіберді, тіпті өз пәтеріне тоқтатайын деп отыр. 1500 долларлық жалақымен дүкенге гүл сатушы етіп орналастыруға уәде етті. Ісіміз оңға басса, кім біледі, сосын, Құдай қаласа, дәрігер күйеуімнің келуіне мүмкіндік туар. Мүмкін, оны әлдебір клиникаға дәрігердің ассистенті етіп алатын шығар. Егер виза мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істеу құқығын ала алмасақ, онда жасырын қалуға тура келеді.
– Неге бұлай қапаланасыз! Көресіз әлі, сіздерде бәрі тамаша болады! – деп сөзін бөлдім.
– Ауызыңызға май! – деген ол маған жылы жүзбен қарап:
– Мен әкем жағынан грузинмін, ал шешем армян, – деді.
Осы әңгімеден кейін басымнан бір ой кетпей қойды: бұл ханымға Ереван арқылы ұшуға тура келгені неліктен екен?! Сірә, бұл бір нышан болар. Қос халықтың қызы Грузияны тастап кетіп барады. Ол өзінің армяндық тегін мақтан етеді (бұл кәдімгідей сезіліп тұрды) екен. Қалай болғанда да қиын сәтте ардақтап сақтаған аяулы грузин топырағын өзімен бірге алып кетіп барады. Өзім де білмейтін бір күш мені орнымнан ұшып тұруға мәжбүр етті. Біршама уақыт абдыраған халде залды олай-бұлай айнала кезіп жүріп алдым. Сосын кенеттен бір ой сап ете түсіп, қалтамнан кішкентай бүктемелі бәкімді алдым да, гүлзарларға беттедім... Тізерлеп отырдым да, түсіндіріп болмас құштарлықпен асығыс-үсігіс топырақты шұқып қопсыта бастадым. Сосын оны орамалыма салып түйіншіктеп орадым да, жолаушылар салонына қайтып келіп, үн-түнсіз орныма отыра кеттім!
– Ұшуға дайындалыңыздар! – деп хабарлады стюардесса. Бірнеше минуттан кейін әуе кемеміз аспан айдынын қақ жарып, бізді алыс елге әкетіп бара жатты.
– Қымбатты Анук! – деп мен оған абайлап тіл қаттым. – Маған не болғанын білмеймін, бірақ Құдіреттің өзі мұны армян жерінде істеуге мәжбүрледі! – Сөзімді ақырына дейін бітірмей бет орамалыма түйілген топырақты ұсындым. Ол түйіншекті үнсіз алды да (онда не барын сол сәтінде аңғара қойды), маған өзінің мұңға толы ақылды көздерін тоқтатты. Түйіншекті шешіп, ішіндегісіне үңілді. Сосын грузин топырағы салынған түйіншегін алып, өзінің қолы бос болмағандықтан, менің оны шешіп беруімді өтінді. Одан соң қос уыс қасиетті топырақты аялай араластырып, бір түйіншекке орады да, алғысқа толы шыраймен қолымды қысып, «Сірә, менің ойымды оқыған боларсыз» деп жымиды.
– Мына қос уыс топырақты бөлек-бөлек апару біздің екі халықты бөлгенмен бірдей-ау.
Осы сөздерді айтып ол топырақ түйіншегін сүйді де, мұңды ойларға шомды. Құдды біреу дуалап тастағандай, бірнеше сағат бойы қыбыр етпей шексіздікке қадалды.
Ойнапсың құйттай Грузиямен!
1993 жылғы Берлин фестивалінің ашылуы. Мен өзіме бөлінген «мерседестен» шықтым да, зоопалас залының қақпасына беттедім. Қауым мен телерепортерлер сатырлата қол соғып, аппараттарымен шырт-шырт суретке түсіріп шығарып салды. Менің қуанышымда шек жоқ: осы елдің азаматтары Ресей тырнағынан енді ғана босап шыққан жаңа туған кішкентай Грузияның өкіліне осынша құрмет көрсетіп, менен қолтаңба сұрағандары мерейімді тасытып, бойымды керемет мақтаныш сезімі кернеді.
Әлемдік кино жұлдыздары лық толған залға кіріп, өз орныма барып отырдым. Грегори Пек, Де Вито және Фэй Данауэй секілді актерлермен көршілестігім қатты толқытқан сыңайлы.
Күн сайын әртүрлі кинофильмдерге 20 билеттен аламын. Уақыттың ауқымына сыйсам, неғұрлым көп фильм көрер едім. Осы бір мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысып бағудамын. Кинотанушы болмасам да, әлдебір түйсікпен бұл фильмдердің қайысы жеңіске жететінін күні бұрын болжап қоямын. Біздің «Ұйықтамайтындардың күні» фильмінің жар сала жарнамаланып жатқан фильмдерден көш ілгері екенін де сеземін. Оның сценарийін жазған да, режиссері де Темур Баблуани. Сонымен қатар ұйымдастыру бөлімінің бізді менсінбей қомсына қарайтынын да сезіп жүрмін. Сөйтіп жеңістен дәмелі үміт ұшқыны біртіндеп өшіп жатыр.
Фестивальдың жабылуына төрт күн қалды. Фильмдер барған сайын бәйге жолынан шығып қалуда, ал біздікі ақырындап алға жылжи берді. Ақтық бәсеке жақындады.
Ұйымдастыру бөлімінен фестивальдың жабылу салтанатына шақыру билеттерінің жайын білдім. Маған мұнда мен сияқты актерлер екі мың екенін, ал олардың бәрін шақыра алмайтынын айтып, егер қаласаңыз, банкетке шақыру берейік деді.
Мен қапалана мырс еттім: рас, біздің мемлекетіміз әлем картасында мүлдем кішкентай болып көрінеді, бірақ біздің жүз адамға жайған дастарқанымыздың сән-салтанаты мен берекесі Германияда он мың қонаққа тартылған аспен бірдей.
Банкетке шақырғаны үшін мысқылдай алғыс айттым да, одан бас тарттым. Сосын дауысымды қаттырақ шығара:
– Мен қатысқан фильм алғашқы бестікке ілінгені сіздерге белгілі ме?! – дедім.
– Белгілі, бірақ бәрібір сізге шақыру бере алмаймыз.
Мен шеткерек барып тұрдым. Кенет маған дабыр-дұбыр орыс сөзі естілді. Шамамен жиырма бес адам сол бөлімге беттеді. Олардың фильмі фестивальға мүлдем ілікпеген, сондықтан орыс фильмдерінің көрсетілімі атымен болмаған. Соған қарамастан барлық жиырма бес адам фестивальдың жабылуына шақыру алды. Мен тағы да әуелі өзіміздің дәрменсіздігімізге, сосын орыс етігінің күллі әлемде, әсіресе Германияда, қалай болғанда да, қандай күшке ие екендігіне күйінішпен мырс ете түстім. Ренжіп қорланған мен аэрофлот кассасына барып, Берлин–Мәскеу бағытындағы билетімді ертеңге ауыстыруды өтіндім. Сұлу орыс әйелі мені күлімсірей қарсы алып, қулана жымиды да: «Грузин киносы мен грузин жігіттерін жақсы көремін», деп күле тіл қатты. Мен рахмет айтып, билетімді алдым.
Келесі таңда асықпай тұрып вестибюльге түстім де, өзімді әуежайға апарып тастамақшы мәшинені күттім. Кенет қонақ үйдің сыртқы есігі ашылды да, бетіне арсыздық тұнған орыс тілді еврей тілмаш пен ұйымдастыру бөлімінің қызметкері маған қарай жүрді. Ұйымдастыру бөлімі қызметкерінің кінәсінен болған жаңсақтық үшін тілмаш арқылы менен ғафу өтініп, маған әдемі қораптағы шоколад пен шақыруды ұстата берді. Мен олардың әсте де қонақжайлылық жорасын бұзғаны үшін кешірім сұрап тұрмағанын түсіне қойдым. «Шынымен-ақ біз жеңдік пе екен?!» деп ойладым. «Жеңдік! Әрине, жеңдік!» деп іштей кәміл сеніммен бірнеше рет қайталадым. Портьеден қол жүгімді қайтадан нөмірге апарып қоюды өтіндім. Ал өзім билет кассасына жүгірдім. Таныс кассир әйелмен көз түйістіріп, кәмпит қорабын беріп жатып: «Бәлкім, ертең ұшуға ауыстырарсыз?» дедім. Сыйлыққа қуанып кеткен ол жымиып күлді: «Бір аптадан кейінгіге болса да, мейлі, көгершінім!». Сосын еш қиындықсыз билетке түзету енгізіп, мөрін басты да берді. Онымен шаттана қоштастым.
Кешкі сағат сегіз. Менің мәшинем фестивальдың жабылуы өтуге тиісті жерге келді. Тағы да қошемет, қаптаған адам, тағы да репортерлер. Көз алдымнан ғажайып, кішкентай Грузия елестеп өтті.
«Шіркін-ай, дәл осы күйімді жар-қосағым көрсе ғой» деп армандадым. Есік алдында бізді смокинг киіп сәнденген екі неміс қарсы алды. Оларға шақыруды ұсына бердім. Бір сәтте жүрегім зырқ ете түсті. Әлі де күмәнім басым. Бұл екеуден бәрін күтуге болар еді. Бірақ олар мені сол арада екі әдемі қыздың қолына тапсырды да, орысшалап: мен және бес адамдық грузин тобы үшін Грегори Пек пен Де Вито отырған ерекше қатар бөлінгенін үстемелеп айтты.
Сазды дыбыстар фестивальдың жабылу салтанаты басталғанын паш етті. Ресми құттықтаулардан кейін аламан додада жеңген фильмдерді марапаттауға көшті. Әуелі түрлі газеттер мен журналдардың жүлдесін алғандарды атап өтті, сосын діни ұйымдар белгілеген жүлделерді таратты. Демімді ішіме тартып мен отырмын: барлық жүлделерді үлестіріп қойды, қызық-ай, бізге не бұйырар екен деп ойлап қоямын.
Кенет фильмді жария етті. Мен оған «Күміс аюды» береді деп күткем. Ондағы басты рөлде Фэй Данауэй ойнаған болатын. Қателеспеген екем, ду қолшапалақтың астында сахнаға режиссер мен актерлер шықты. Енді әбден әбіржідім. Міне, «Күміс аюды» да беріп қойды. Ал біз ше?
Дәл осы кезде шыққан жүргізушінің дауысы бар күмәнімді сейілтіп, жиналған қауымға біздің фильмнің «Күміс аюмен» марапатталғаны туралы хабарлады.
Бақыттан басым айналып, тілім байланып, құлағым зыңылдап кетті. Сахнаға режиссер Темур Баблуаниді, содан кейін басты рөлдерді орындаушылар: Лия Баблуаниді, Гуджу Бурдулиді және мені шақырды.
Бүкіл өмірімді кәсіпқой биші ретінде сахнада өткізсем де, мына жерде жаңадан келгендей толқып сасқалақтадым, сахнаға көтеріле бере өзімнің тілмашыммен соқтығысып қалдым. Кенеттен сап ете түскен мынадай ғаламат табысты, осыншама шаттықты мақтаныш кернеп тасып-төгілген жұдырықтай жүрегім әрең сыйдырып тұрғандай еді! Оның үстіне, құттықтаулардан кейін сахнада өзімнің пірім Грегори Пекпен қатар тұру бақытына кенелдім. Бір сәтке тағы да ойша өзімнің көп қасірет шеккен Грузияма оралдым, көз алдыма әйелім мен балаларым келді...Бетімді қуаныш жасы жуып кетті ...
– Ойнапсың құйттай Грузиямен! – Жынды адамша, басқаларға байқатпай, осылай деп қайталай беріппін.
Орыс тілінен аударған Қорғанбек АМАНЖОЛ