• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2011

Ауыл адамдарымен ажарлы

394 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Қостанай облысының Науырзым ауданындағы Шолақсай ауылынан  фоторепортаж беріліп отыр.

АУЫЛ  АДАМДАРЫМЕН  АЖАРЛЫ

Науырзым ауданындағы Шолақсай ауылы облыс орталығынан екі жүз шақырым жерде орналасқан. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиындықтар шалғайдағы Шолақсай ауылының да есінде. Жоспарлы экономика кетіп, нарық келді. Шаруашылықты  жаңаша ұйымдас­тыру керек болды. Түрлі ұлт өкілдері айрандай ұйыған  Шолақсай ауылы бар қиын­дық­тарды жеңе білді. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сарабдал саясатының арқа­сында дамудың  даңғыл жолына түскен елмен бірге еңсесін тіктеді. 90-шы жылдары Өмірзақ Ихтиляповтай білікті ұйымдастырушы келмегенде Шолақ­сай да «болашағы жоқ» ауылдар қатарына еніп, облыс  картасынан өшіп кетер ме еді, кім білсін. Өмекең алдымен шаруашылықты  дұрыстады. Қазір «Шолақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 мың гектар жерге егін егеді. Мал да бар. Ешқандай несие алмастан,  шаруашылықтың өз қаржысына  техника паркін жаңартты. Ресейден, Канададан жер өңдейтін, егін себетін кешен, герма­ния­лық комбайндар алынды. Заманауи озық техника болмай, жерді күте алмайсың. Диқан күтімі келіскенде ғана жер-ана иетінін шо­лақ­сайлықтар жақсы біледі. «Шолақсай» об­лыстағы өз ұшағы бар санаулы шаруа­шы­лық­тың бірі. Қазір техникалар баяғыдай қардың астында жатпайды, қысы бойы арнаулы ангарларда сақталады. «Шолақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауылда 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. – Ауылдастарды жұмыспен қамту аз. Адамдар ауылда тұру үшін олардың  әлеумет­тік тұр­мысын жақсарту керек.  Адам тұр­маса ауыл қа­лай көркейсін, – дейді Өмірзақ  Ихтиляпов. Білікті басшының сөзі мен ісінде алшақ­тық жоқ. Шаруашылық ауыл тұрғындарына шөптің тоннасын 2 мың теңгеден сатып, оны әр үйге түсіріп береді. Облыстың өзге ау­дандарымен салыстырғанда мұның өте арзан екенін айтқан ләзім. Ауыл наубайханасында пісірілген 800 грамм бөлке нанды ауылдастар небәрі 25 теңгеден алады. Ал  облыста 600 грамм бөлке нан 42 теңге тұрады.  Шаруа­шылық тұрғындарға көмірдің тоннасын 3 мың теңгеден  түсіріп берді. Ал облыста көмірдің тоннасы кем дегенде 7 мың теңге. Өткен жы­лы ауыл мектебі 12 миллион теңгеге қайта жөн­деуден өткізілді. Бұрын қаңқасы қалған бала­бақшаны қайта жасап, қатарға қосу шаруашылыққа 10 миллион теңгеге түсті. Мектепті компьютерлендірді, интерактивті тақ­та да алып берді. Шалғай ауылдың бала­лары өркениеттің жетістіктерінен кенже қалып отырған жоқ. Ауылда клуб та, мейрамхана да бар. Ел іші жаназасыз, тойсыз болмайды, сондай жиындардың барлығы да ауылдың тойханасында өтеді. Шолақсай ауылына табиғаттың өзі нұрын төккен жер. Бұл ауылдың әр үйінде суы бұлақ­тай кәусар тұщы құдық бар. Өмекең қайсыбір жылдары жастар қалаға кетсе, ауылдың ертеңі не болар екен  деп ойланып жүретін. Әлеу­мет­тік тұрмысы жақсы  ауылдан жастар неге қаш­сын. Өзінің ұлы Мәдиден бастап, қала­ға түрлі оқуға кеткен мектеп түлектері ауылға келді. Педагогика институтын бітірген Мәди алғашында ауыл мектебінде мұғалім болып істеді де,  соңғы оншақты жылда әкесіне көмек­тес­ті. Қазір шаруашылықты басқаруды то­лық­тай өз міндетіне алған. Әкесі бір ізге салып берген шаруа­шы­лықты Мәди одан әрі дамытқысы келеді. Жас шаруашылық басшы­сының егінмен қатар, мал шаруашылығын өріс­теткісі,  жеміс бағын өсіргісі және жас маман­дарға арнап үй салғысы келеді. Ауыл мектебі ұжымының 80 пайызы жас мамандар. Олардың барлығы дерлік Шолақсай ауылы­ның өз жастары, кеше ғана осы мектепті бітіріп шыққан түлектер. Жас болса да білікті басшы Мәди оларға баспана қажеттігін біліп отыр. Міне, Тәуелсіздіктің әр таңы Шолақсай ауы­лына нұр септі. Көркейді, ертеңіне де сенімді. Қостанай облысы, Науырзым ауданы, Шолақсай ауылы. ________________________________ Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.