Қазақ халқының «Бірінші байлық – денсаулық», «Тәні саудың – жаны сау» деген мақал-мәтелдері адам денсаулығын күтуде терең тәрбиелік және философиялық маңызын жойған жоқ. Неміс философы Артур Шопенгауэрдің айтуы бойынша, «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты». Демек әркім денсаулығына ерекше мән беріп, ең алдымен өзі жауапты болуы керек. Ал өмір есігін жаңа ашқан сәбидің денсаулығына кім жауапты? Әрине ең алдымен ата-анасы жауапты екені мәлім. Дегенмен сәбилерге екпе салу кезеңінде жауапкершіліктің жүгі ауырлап, ауқымы ұлғая түседі. Өзінің жеке пікірін білдіре алмайтын сәбидің ертеңгі саулығына қатысты, өкінішке қарай, ересектер арасында түсініспеушілік пен түсіндіре алмаушылық та туындайды.
Дәрігерлер екпе салдырудың пайдасын айтудан жалықпаса, кейбір ата-аналардың бұған қарсы уәждері жоқ емес. Яғни жұртшылықтың арасында вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігіне деген күдік бар. Ал дәрігерлер елімізде қолданылатын екпелердің сапасына күмән келтірудің қажеті жоқ екенін айтып-ақ келеді. Ел аумағына сырттан әкелінетін екпенің барлығы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатына ие екенін де мәлімдеуде. Вакциналар елге келісімен республикалық иммунобиологиялық зертханада тексеруден өтіп, сапасы мен қауіпсіздігі тексеріледі екен. Екпенің зиянынан пайдасы көп екені жөнінде аз жазылған жоқ. Дегенмен соңғы жылдары екпе туралы қайшы пікірлер де пайда бола бастады. Ғаламторда да оның адам өміріне зияны туралы ақпараттар жетерлік. Түрлі жазба, бейнекөріністерді көрген ата-аналардың екпеге деген сенімсіздігі туындайды. Қолданушылар оның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізбестен вакцина салдырудан ат-тондарын ала қашады. Үгітшілердің айтуынша, екпеден кейін сәби сал немесе аутизм ауруына шалдығуы әбден мүмкін. Тіпті мысал да келтіреді. Дәрігерлер мұның бәрі жай қауесет, нақты екпеден әлі ешқандай бала ауруға шалдықпағанын қанша айтса да, дәріден бас тартқан ата-аналардың саны жыл сайын артып келеді. Яғни қарапайым тұрғындар мамандарға емес, желідегі бейтаныс адамдарға көбірек сенеді. Осындай жағдайлардың алдын-алу үшін дәрігерлер тарапынан тұрғындарға екпенің тиімді әрі пайдалы екенін ұғындыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп те келеді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, екпеден бас тартқандар саны 1231-ге жетіп отыр. Олар 2 мен 5 жас аралығындағы балаларына екпе жасатудан бас тартқан ата-аналар. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1280 болған екен. Дәрігерлердің ата-аналармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде 194 балаға екпе жасалған. Ал биыл басқа ата-аналардың есебінен көрсеткіш қайтадан ұлғайыпты. Екпеге қарсылардың 60 пайыздан астамы теріс ағымдағы діни ұйымдағылар, жеке сенім-нанымы бойынша – 15,2 пайыз, вакцинаға сенімсіздік – 7,6 пайыз, бұқаралық ақпарат құралдары таратқан жағымсыз ақпараттар әсерінен 13,2 пайызын құрайды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылдың ішінде аталмыш жағдайлар еселеп өсіп отыр. Мысалы, елімізде 2016 жылмен салыстырғанда екпеден бас тартқан тұрғындардың саны 2017 жылы 3 мыңнан бірден 9700-ге артқан. Ал биыл олардың саны 13 мыңға жуықтаған. Ресми деректерге жүгінсек, әлемде жыл сайын вакцинаның арқасында 3 миллиондай сәби ажалдан аман қалып, 750 мыңдай бала мүгедектіктен арылады екен. Иә, елімізде вакцина – ерікті іс, ата-ана баласына екпе егуді өздері шешеді. Жалпы, адамдардың жұқтыруы мүмкін 70-ке тарта жұқпалы ауру түрі бар екен. «Ұлттық екпелер күнтізбесіне» полиомиелит, туберкулез, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, қызылша, қызамық, паротит, В гепатиті, пневмококк, гемофильді сынды инфекциялар енгізілген.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, екпе арқылы соңғы жылдары облыста аса қауіпті жұқпалы аурулардың саны кеміген. Көпшілігі мүлдем тіркелмеген. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында дифтерия ауруы 2000 жылдан бері болмапты. Полиомиелит жергілікті жағдайда соңғы рет 1998 жылы тіркелген. Сіреспе мен қызамық 2011 жылдан, көкжөтел 2012 жылдан бері кездеспепті. Соңғы жылдары гепатитке қарсы екпе салдыру арқылы бұл дертті жүздеген есеге кеміту мүмкін болған. «Жас аналар «біздің балалар екпеден кейін ауырады», деп реніштерін білдіріп жатады. Бірақ ағзаға екпе салынғанда ыстығы көтеріліп, ауырсыну қалыпты жағдай. Одан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше екпеден бас тартқан жағдайда бала дифтерия, туберкулез, гемофильді инфекция, пневмокок, полиомиелит, қызылша сынды өте ауыр аурулармен ауы- рып қалуы мүмкін. Кішкентай кезінде бала үйден шықпай ата-ананың қарауында болып, инфекция жұқтырмайды. Алайда, баланы үнемі үйқамақта ұстап отыра алмайсыз ғой. Бала өсіп, адамдармен араласуы кезінде кез келген инфекцияны жұқтырады. Ал вакцина жоғарыда айтып өткен ауруларға иммунитет қалыптастырады. Бұл ғылыммен дәлелденген», дейді №7 Шымкент қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Мархабат Қошимбетова. Мамандар вакцина адамның денесіне енгізілген кезде иммунитет бәрібір реакция беретінін айтады. Әлсіреген ағзаға салынса, асқынулар тіптен өршуі мүмкін, яғни ауырып тұрған балаға екпе салынбайтыны да сондықтан. Оны ескере бермейтін дәрігерлердің бар екенін айтушылар да аз емес. Баланың организмін танып-білетін тәжірибелі педиатрлар тапшы. Жалпы тәжірибелік дәрігер немесе отбасылық дәрігерлердің баланың ағзасын тану жағынан тәжірибесі, біліктілігі жетпей жататыны жасырын емес.
Жоғарыда айтқанымыздай, екпеден бас тартушылардың 60 пайыздан астамы теріс ағымда жүрген ата-аналар. Олар қандай діни түсінікке арқа сүйейді? Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы Ұлықбек Әлиакбарұлының айтуынша, шариғат екпеге қарсы емес. «Мәселен, мұсылманның бір парызы қажылыққа барамын деген адам екі түрлі екпе салдыруы тиіс. Екпелерді салдыртқаны жөніндегі белгіні төлқұжатына ұрғызбайынша Сауд Арабиясы оны шекарадан өткізбейді. Шариғатта аманат деген бар. Адамның денсаулығы да бізге берілген аманат. Денсаулықты аурудан сақтау үшін екпе алған дұрыс. Екпеге қарсылық – арандату. Мұның астарында қоғамды бүлдіру жатыр», дейді Ұлықбек Әлиакбарұлы. Сондай-ақ теолог мамандар мәселе ата-ананың екпеге деген сенімсіздігінде, оны салдырып балам мүгедек болып қалады-ау деген қорқыныш сезімінде екенін айтуда. «Сол себепті ата-аналар емханаға жиі шақыртатын дәрігерлерге дініміз рұқсат бермейді деп айтады. Діни көзқарас десек дәрігерлер мазаламайды деп жалған ақпарат таратады. Осы мәселені зерттеу барысында, екпеден бас тартқан ата-аналармен сұхбаттасқанда діни көзқарастың қатысы жоқ екені белгілі болды», дейді дін істері мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Дәурен Амантайұлы.
Балаларының екпенің салдарынан ауырғанын айтатын ата-аналар баршылық, бірақ олардың қолдарында дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ. Тек құрғақ ауыз сөз. Дегенмен дәрігерлердің өз ісіне жауапты болғаны да бұл істе үлкен рөл атқарады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»