Талай-талай сахна тарландарының жұлдызын жағып, бағын ашқан қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрындағы музейге биыл елу жыл толып отыр. Қазақ өнеріне саналы ғұмырын сарп еткен сахна саңлақтарының шығармашылығы бүгінде театр тарихының қалың қойнауына енген. Ғасырға жуық жылдардың сырлы құпиясын қабырғасына бүккен театр көрермендерге есігін айқара ашып, жәдігер дәрежесіне жеткен асыл бұйымдарды қалың көпшіліктің назарына ұсынды.
Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін әуелете шырқаған актерлер тобы көрермен қауымды театрдың екі қанатына тізілген көркем дүниелерді тамашалауға шақырды.
Салтанатты кеште театр директоры Асхат Маемиров бүгінде музей қорында үш жүз мыңнан аса құнды жәдігердің бар екендігін жеткізді. Театр басшылығы музейдің алғашқы жанашыры Зейнеп Молдабаеваға арнайы Алғыс хат табыс етіп, өмірден өткен сахна саңлақтарына тиесілі бұйымдардың етек-жеңін жинап, көзінің қарашығындай қамқорлық жасап, жүйелеп жүрген музей жетекшісі Наргиз Тамабекқызына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Музейдегі ең көне костюм «Амангелді» фильміндегі Елубай Өмірзақов киген екі шапанға тоқсанға жуық жылдың жүзі болыпты. Ал сахна саңлағы Серке Қожамқұловтың гримерлік бөлмесіндегі сары шапаны, орындық, айнасы, т.б. бұйымдары және де шамасы өткен ғасырдың 60-жылдары болуы керек, Қ.Бадыров, Ә.Мәмбетов, т.б. театр тарландары әңгіме-дүкен құрып отырған кресло өткен күндердің хабаршысындай менмұндалайды.
Музей экспонаттарымен келушілерді таныстырған Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов сахна тарландарының иісі сіңіп, киесі жұққан киімдері мен бұйымдарына зер сала қарап, «Әрқайсымыз үшін маңызы жоғары осынау қадірлі бұйымдарға мен бейжай қарай алмаймын» деді тебіреністі үнімен. Ал Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев «Бұл жәдігерлердің еліміздің тарихында алар орны ерекше, біздің баға жетпес алтын қорымыз» деп музей сөресінде сап түзеген әр жылдардағы спектакльдер афишасына көрермендердің назарын аударды. Сонымен бірге Ә.Мәмбетов қызмет еткен жылдарды еске түсіріп, талантты режиссердің театрдың бағына біткен ерекше тұлға екендігін айтып, шағын естеліктерімен бөлісті. Музей жетекшісі Н.Тамабекқызы театрландырылған көрініс барысында Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөрин, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, т.б. сахна саңлақтарының спектакльдерде киген костюмдерін таныстырды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ